Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысы Қостанай ауданының Затобол кентін аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу және оны қайта атау туралы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына сәйкес қаулы қабылдады. Қаулыда: «Қостанай облысы Қостанай ауданының Затобол кенті аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызылсын. Затобол кенті Тобыл қаласы болып қайта аталсын» делінген.
Тобыл болып түрленген қала Тобыл өзенінің оң жағалауынан орын тепкен. Затобол кентін қайта атау туралы бастама жиі айтылып жүргені белгілі. Оған қала мәртебесін беру де назардан тыс қалған жоқ. Затоболдың Тобылға айналуы, кенттің қала мәртебесін алуы елдің дамуына, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдайға оң серпін беретініне сенім мол. Қала мәртебесін алған Тобылдың бойында жаңа ғимараттар бой түзейді. Тобыл – Қостанайда қанатын қомдаған алтыншы қала.
Затоболдың атын өзгерту туралы бұған дейін жергілікті деңгейде талай рет талқыға түскен. Бұл мәселеге келгенде тұрғындардың да пікірі екіге бөлініп келген еді. 26 мыңнан аса халқы бар қалада түрлі этнос өкілдері шоғырланған. Олардың арасында Затобол атын қалдыруды құптаған да көп. Ал Мемлекет басшысының кентті қайта атау туралы Жарлығы көпшіліктің көңіліне сенім ұялатқаны даусыз.
О баста Затобол кенті Тобыл атауын иемденбеген. Тобыл өзенінің оң жағалауында орын тепкендіктен, Затобол кенті аталып кеткен екен. Бейімбет Майлин шығармаларында бұл өңір Құттыалап атауымен кездеседі. Затобол кенті Қостанайға жақын маңда орналасқан. Арасын көпір ғана бөліп жатыр. Затобол кенті туралы деректер «Торғай өлкесінің зерттеулерінде» кездеспесе, нақты тарихына қатысты мәлімет жоқтың қасы. Қала типіндегі ауылдың тарихы ХІХ ғасырдың аяғында Ресейдің орталық аймағынан қоныс аударушылар көбірек келе бастаған тұстан бастау алады. Сол кезеңде Тобыл өзенінің маңайында кішкентай кент пайда болған екен. Бұл 1881 жылдың бедері еді. Саратов, Томбы, Воронеж губернияларынан келген шаруалар осы маңға түбегейлі қоныстап қалды. Кейін шағын ауыл кеңейіп, үлкен кентке айналды. Соңғы жылдары «Затобол кентін байырғы атауымен Құттыалап деп қалдыру керек пе еді» деген пікірлер де айтылып жүрді. «Тобыл стансасы, Тобыл өзені, Тобыл футбол клубы болғандықтан, Құттыалап атауы қойылғанда дұрыс болар еді» дейді кейбір жергілікті тұрғындар. Тіпті, осылай ұсыныс жасағандар да болыпты.
Қазір қала мәртебесіне ие болған Тобыл кентін дамыту облыс жұртшылығы үшін басты назарда болмақ. Бұған дейін Зырян қаласына Алтай атын беріп, бір қуансақ, Таран ауданына Бейімбеттің атын беріп, ерекше шаттанып қалдық. Осындай ақжолтай жаңалықпен жыл табалдырықты аттап жатыр. Затобол енді Тобыл болып еңсе тіктеді. Қуан, қазақ!
Айна ХАСАН