Мемлекет басшысының Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлығын қуана қарсы алдым. Абайдың 150 жылдығында және одан бергі уақытта қандай істер атқарылды, оларды жүзеге асырғанда қандай кемшіліктер болды дегенді абайтанушы ретінде саралай келіп әрі ақынның 175 жылдық мерейтойын нәтижелі өткізуге пайдасы тиер деген ниетпен қолға қалам алдым.
Саяси әлемде елдер арасында достық болмайды, мүдделестік болады деген сөз бар. Біздің елде де өз мүддесін көздейтін «шетелдік дұшпандарымыз» бар. Олар Қазақстанды, оның негізін құраушы ұлтты «мәңгүрт» ету үшін алдын ала терең зерттелген, ұзақ мерзімге арналған жоспарын түрлі зымияндықпен ойластырған айла-тәсілдері арқылы іске асыратыны заңды. Себебі Қазақстанның асты-үсті байлыққа толы, ұлан-байтақ жері бар, бастысы әлемді дүр сілкіндірген Түркі өркениетінің қара шаңырағы әрі ұлттық құндылығын, тектілігін сақтаған ұлт ретінде ерекше нысанаға алынады. Көп жылғы зерттеу нәтижесінде шетелдік «дұшпандарымыздың» жоспары былай құрылған деген қорытындыға келдім: қазақ ардақ тұтатын тұлғалардың шығармаларын өз мүддесіне бұрмалап пайдаланады. Олардың таңдауы Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовке тегін түскен жоқ. Екіншіден, қазақ ұлтының бай ауыз әдебиетінде діні, тілі, дәстүрі нақты көрініс беріп, сақталып отырғанын жақсы білді. Сондықтан ұлттың шынайы бейнесін, ауыз әдебиетінің жауһарларын бұрмалап, қайта басып шығаруды көздеді. Үшіншіден, орыс империясының қазақтарды сауатсыз, жабайы, өркениеттен оқшау қалған тұрпайы ел ретінде көрсеткен саясатын жалғастырып, қазақты әлемге «жабайы ел» деп айту үшін ағылшын тілінде шетелде кино түсіруді, ал Қазақстанда қазақтың аңыз-ертегілерін бұрмалап мультфильмдер шығаруды қолға алды. Енді осы айтқанымызды дәлелдейік.
1995 жылы тәуелсіздік алған Қазақстан халқы Абайдың 150 жылдығын атап өтіп, данышпан ақын ұлымен әлемге елдігін таныту үшін дайындалып жатқанда, «шетелдік дұшпандарымыз» миссионерлік желеумен елімізге «Кришна сектасы қоғамы» деген атпен діни бірлестік ендіріп, түрлі айла-шарғымен Семейдегі «Абай» журналының қызметкерлері – ағайынды Досым және Асан Омаровты мүше етіп, «жоспарларын» іске асыруға кіріседі. Сөйтіп, халықаралық «Кришна санасы қоғамының» негізін қалаушы А.Ч.Бһактиведанта Свами Прабхупаданың «Өмірден өмір туындайды» кітабын қазақшаға тәржімалау, Досым Омаров аталған кітап негізінде Абай мен М.Әуезов туындыларын бұрмалап, докторлық диссертация мен «Абайтану курсы» оқулығын, ал Асан Омаров Шәкәрім мұраларын бұрмалап, докторлық диссертация мен кітап жазуы тиіс болды.
Сөзімізді дәлелдейік, аударманы екеулеп тез орындайды, уағыз жүргізуде 1993 жылдан «Кришна санасы қоғамы» діни бірлестіктің мүшесі Досым аса белсенділік танытады. Мақалаларында кришналық уағызды білдіртпей «бомба» ретінде, кітаптарында «мина» ретінде жасырын тықпалап отырған. Досым Омаров академик Ә.Нысанбаевтың «әкелік қамқорлығына» бөленеді, институттың ізденушісі, ғылыми қызметкері, энциклопедияның белсенді авторы болады, институт ұжымы «Ұлылар үндестігі» докторлық монографиясы мен «Абайтану курсы» оқу құралын талқылағанда (№23 хаттама, 07.07.1999ж.). Д.Омаров: «Әуелі 1996-1997 оқу жылдарынан бастап «Абайтану курсының» қолжазбасы Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын №2 мектеп-интернатта сабақ жүргізіліп, апробациядан өткізілгені, Білім, мәдениет және денсаулық министрлігі осы қолжазба бойынша «Абайтану курсы» атты оқу құралы жазылып, ол жаңа жүйемен қарастырылғаны, «Ұлылар үндестігі» монографиясының материалдары 1997 жылы М.Әуезов мерейтойында жүлдеге ие болғаны» айтылғанда «керемет, жаңа көзқарас» деп таңғала, бірауыздан құптай кетеді.
Омаровты қорғаушылардың арасында халықаралық «Абай» клубының президенті, өзін «ахмадийшілердің қазақстандық лидерімін» деп жариялаған жазушы Роллан Сейсенбаев, ислам дінін жек көретін, батысқа бас шұлғыған, қияли-тәңіршіл Әуезхан Қодар, академик-биолог Рахым Оразалиев, т.б. бар. Олар кришнаны уағыздайтын кітаптарын үсті-үстіне шығарды: Р.Оразалиев, Д.Омаров, Ә.Мұқашбеков «Жасару құпиясы» («Алейрон» баспасы, 2006ж.); Д.Омаров «Абайдың рухани мұрасы» («Ел-шежіре» баспасы, 2007ж.); Ә.Мұқашбеков «Рух пен тәннің саулығы», «Аштықты ұстау – денсаулық кепілі», «Жүйке жүйесінің тылсымы» («Алейрон» баспасы, 2007ж.).
Абайтанушылардың қарсылығы арқасында (М.Мырзахметұлы, «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», «Түркістан» газеті 27.08.2009ж., Ж.Шойынбет «Ұлт рухына қауіп төндіретін кітап», «Ана тілі» газеті, 05.12.2002ж.) Досым Омаровтың М.Әуезовті кришнайт еткен «Ұлылар үндестігі» докторлық диссертациясы мен «Абайтану курсы» оқулығы қолданыстан алып тасталынды, айқайымызға нүкте қойылғандай еді, бірақ олай болмады...
Бізді Философия институты ұжымының Досым Омаровты қолдауы ғана емес, Абайды кришнайт етуге ұлт келешегі – ұрпақ тәрбиесіне жауапты Білім және ғылым министрлігінің қазақ тілі мен әдебиетінің бас маманы Роза Батталованың белсенділігі таңғалдырды. Ол басшылыққа Д.Омаровтың «Абайтану» кітабының қажетін сендіріп, бұл кітапты жарамсыз деп шыққан бұйрықты мектептерге жібермеген, әлі күнге дейін кітапты мектеп мұғалімдері пайдаланып отыр. Жалпы, оқулық туралы сынға қазақ әдебиеті пәні көп ұшырады әрі орынды айтылды. Міне, осының бәріне бірден-бір жауапты маман Роза Батталова ешбір ескерту алмай, «Абай ауданының құрметті азаматы», зейнеткер ретінде әрең дегенде жұмыстан босады....
Кейін мәлім болғандай, сол кездегі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басшылығы институттың ғылыми кеңесі болмай тұрып «жоғарыдан тапсырма бар, Д.Омаровтың «Абайтану» кітабын қолдайық» деп кеңес мүшелеріне үгіт жүргізеді. Бұл жерде филология ғылымының докторлары, бөлім меңгерушілері Бауыржан Омаров пен Айгүл Ісімақова «Абайды қаралап, қазаққа қарабет болар жайымыз жоқ» деп қарсы шыққан соң ғана, ойлары іске аспай қалады.
Чарльз Уеллер сол кездегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия факультетінің деканы Ғарифолла Есім жетекшілігімен «Қазақ еліндегі діни үрдістердің мәдени-өркениеттік негіздері» деген тақырыпта диссертация жазады. Шындығына келсек, Чарльз Уеллердің «Қазақ халқының ұлттық мәдениеті» (2003ж.) кітабы мен диссертациясы қазақ халқының ұлттық мәдениетін қорлап жазған еңбектер еді. Миссионердің бұл еңбегін «Мәдениеттану» мен «Философия» пәндерінің авторлары Тұрсын Ғабитов, Нағима Бәйтенова, Ақтолқын Құлсариева бастаған философтар сынаудың орнына мадақтап, қолдай кетеді. Бұл еңбек абайтанушылар мен көпшілік тарапынан қарсылыққа ұшырады. Америкалық миссионер себеп болған дауға Премьер-Министр Д.Ахметов (2006 ж. 16 маусым №3-729) пен Білім министрі Б.Әйтімова жауап жазып, «аталған диссертациялық кеңеске кері қайтарылды (05.06.2006ж. № КО-36/1). Миссионердің диссертациясы мен кітабының Қазақстан мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігіне кесірі тиетінін, Елбасы Н.Назарбаевтың идеяларына тікелей қарсы еңбек екені жан-жақты дәлелденген болатын (М.Қалматаев, М.Мырзахметов, Т.Кәкішұлы, Қадыр Мырза Әли, т.б. ашықхаты оннан аса республикалық газетке жарияланды). Америкалық миссионер осылайша қазақтарды бір-бірімен айтыстырып, ең соңында «Мұсылмандардан кешірім сұраймын» («Жас қазақ», 06.10.2006ж.) деп мақала жазып тайып тұрды. Академик Ғ.Есімов әккі миссионердің несі өтіп кетті екен, сенатор болған кезінде Чарльз Уеллердің диссертациясын қайта қаратып, қорғатып жіберді. Сол Чарльз Уеллер қазақты үш дінді (тәңіршіл, мәсіхшіл (христиан) және ислам); Бүгінгі ортаазиялықтардың ұлттық болмысы мен ұлттық мемлекетін жасап берген орыстар: қазақтар 200-300 жыл бойы ұлттық мәдениеті мен тарихынан айырылып қалған халық; Абай сияқты түрікшіл-жәдидшілер «бұрын» болмаған жаңа елді жоқтан құрамыз» деп, бұрын білінбеген, болмаған бір қазақ елі үшін күрескен жоқ; Түркітілді мемлекеттерді (одақ) құру сәтсіз болады; Ел болу ілімінің ең озық үлгісін протестанттық мәсіхшілдік бере алады» деген мазмұндағы ұлтымыз, мемлекетіміз туралы теріс пікірлері бар еңбектерін ағылшын, орыс тілдерінде жариялады.
Бүкіл шығармашылық өмірін арнап, ғылыми еңбектене отырып әрең дегенде зерделеген М.Мырзахметұлы ағайдың Абайдың жәуанмәртілігін ол кісінің еңбегіне еш сілтеме жасамай-ақ, Ғ.Есімнің жетекшілігімен кришнайт Асан Омаров «Абайдың жәуанмәртілік философиясы» деген тақырыпта диссертация қорғады, Асанның ойынша, Абай діннің шеңберіне сыймайды, сонда дінсіз Абайдың кім болғаны?
Академик Ә.Нысанбаевтың жетекшілігімен қазақ тілін «далбаса» деп, Абай қазақтардың қолдан жасап алған данышпаны деп қаралап, қазақ ауылының болашағы жоқ деп өшіккен, Ислам дінін өркениетке қарсы қоятын, тек Еуропаға, Батысқа табын деп үгіттеген докторлық диссертациясын қорғамақшы болған Қанағат Жүкешевті де әрең тоқтатқандай болдық (Ж.Шойынбет, «Жүкешевтің бұл қай «далбасасы»?, «Түркістан» газеті, 27.09.2007ж. Ж.Шойынбет, «Қазақты, Абайды қорлап докторлық диссертация қорғамақ», «Қазақ әдебиеті» газеті, 12.09.2007ж.)
Біз бұл мақала арқылы әлдекімдерді жөнсіз сынау не өш алу емес, таза ғылым жолындағы пікірімізді айтып, шындыққа көз жеткізуді көздедік. Абайдың 150 жылдығын атап өту кезінде басталған ақын шығармашылығын бұрмалау, қазақ ұлтын кемсіту пиғылы биыл тағы бой көтермесе екен дейміз.
Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы ұсыныстарын, Абай академиясын ашу туралы бастамасын да қолдаймыз. Абай академиясы ашылса, біздің орталықтағы абайтанушы-ғалымдар «Абай» энциклопедиясын жаңа көзқараспен толықтырып, Абайдың академиялық екі томдығын қайта қарап және хәкім Абайдың даналығын әр ортаға – ата-ана, балабақша, мектеп, жоғары оқу орны студенттеріне түсінікті етіп талдаған көпшілік-танымдық еңбектерді дайындап шығаруға үлесімізді қосар едік.
Жабал ШОЙЫНБЕТ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
«хәкім Абай» ғылыми-зерттеу
орталығының директоры