Тургистан – Түркістан емес
Тургистан – Түркістан емес
243
оқылды

Әлем нарығына шыққан америкалық режиссер Майкл Бэй түсірген «Елесті алтау» фильмі кинотеатр­ларда көрсетіле бастады. Алғашқы көрсеткішінен-ақ ол бірден сынға ұшырады.

Алдымен Түркіменстанда америкалық кинотуындыға наразы­лық туындады. Олар «АҚШ – түркімен елінің жауы» деп атады.

Ал намысқа тиер фильмді көрген Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов америкалық режиссер Майкл Бенджамин Бэйге Facebook әлеуметтік желісі арқылы өз ойын жеткізді. «Ол Тургистан – Түркістан емес», дейді. «Бұл фильмді көрген әлемнің әр бұрышындағы мил­лион­даған адам ойдан шығарыл­ған Тургистан мен біздің қала Түркістанды шатастыруы мүм­кін. Өйткені екеуінің де айты­луы ұқсас. Сонымен бірге туын­дыны қызықтаған еліміздің көптеген тұрғыны Түркістан туралы фильм деп қабылдады. Сондықтан айтарымыз, сіздер түсірген кинодағы Тургистан Қазақстандағы Түркістан қала­сы­нан мүлдем бөлек. Біздің Түркістан – туристерді өзіне тар­татын тарихи, ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген қала», – деп жазған Рашид Аюпов режиссерді қонаққа шақырды. «Әкім ретінде сізді тарихи шедевр болып саналатын – XVII ғасырдың жұрнағы, заманауи архитектуралық сарайлардың, қонақжайлықтың ортасы және әр суретшінің қылқаламынан шығар сұлу картина болар әдемі табиғаттың үйлесімі тапқан Түркістан қаласына шақырамын. Осы арқылы ойыңызды өзгерте­тініңізге сенімдімін» деп аяқ­таған.

Иә, Түркіменстанның да, Түркістанның да қарсылығы орын­ды. Тургистан деген атау екеуі­нің де шамына тигені анық.

Айта кетейік, 2006 жылы жарыққа шыққан Саша Барон Коэн түскен «Борат» фильмі де сынға ұшыраған еді. Онда қа­зақ журналисі Борат Сағдиевтің Аме­рикаға қалай саяхаттағаны бейнеленді. Қазақстан билігі комедияға наразылық білдіріп, фильмді елде көрсетуге тыйым салған болатын.