Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында елімізде балабақша мәселесі шешілмек, – деп жазады 24.kz.
Дереккөздің жазуынша, Орал қаласында бүгінде 58 жеке балабақшада 4 мыңға жуық бала мемлекет есебінен тәрбиеленуде.
Әр бала үшін ай сайын балабақша иесіне 29 мың теңге төленеді. Осы істің тиімділігіне көз жеткізген кәсіпкерлердің құлшынғаны сонша, тіпті бүгінде мейрамханаларын жауып, орнына балабақшалар ашып жатыр.
Көңіл көтеру орындарынан түсетін пайда азайғандықтан, мейрамханаларды балабақшаға айналдырған кәсіп иелеріне тиімсіз.
Бұрынғы мейрамхана иесі Александр Манасян балабақша ашамын деген кәсіпкерге ғимаратты жалға берген.
Қазір мұнда 70 бала бар. Оларға барлық жағдай жасалған. Бұрынғы сауна тұзды шахтаға айналса, бильярд залының орнына сауықтыру бөлмесі орналасқан. Әр баланың ата-анасы 40 мың теңге төлейді. Мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізген соң баға 12 мың теңгеге түспек.
Осыдан екі жыл бұрын Оралда 23 балабақша болса, бүгінде мектепке дейінгі жеке мекемелердің саны 60-қа жуықтаған.
Қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Батиқа Пайдинаның айтуынша, жеке балабақша саны жылдан жылға өсіп келе жатыр.
«Биылға тағы 5 кәсіпкер бізге өтініш беріп жатыр. Соңғы жылдары біз қала әкімінің қаулысымен жеке мемлекеттік балабақшаларда ата-аналардың төлемақысын бірдей 12 мың теңге көлемінде жасадық», – дейді.
Қазіргі уақытта 58 жеке балабақшада 3800-дей бөбек болса, 50 мемлекеттік балабақшада 15 мыңдай бала тәрбиеленеді. Ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткіші 100% жетіп отыр.