Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 мекемесіндегі жазасын өтеуші үйленіп, АХАТ қызметкерлері Неке қию туралы куәлікті ерлі-зайыптыға салтанатты түрде табыс етті, – деп жазады «ҚазАқпарат».
СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЕС-164/3 мекемесі жазасын өтеушілер бостандыққа шыққаннан кейін еш қиындықсыз өмірден өз орнын табуы үшін кешенді жұмыс атқарылатын айтып отыр.
Жұмыспен қамту орталығы және пробация қызметімен бірге олардың туыстық, әлеуметтік тиімді байланыстары үзілмеуі үшін тиісті іс-шаралар жүргізіледі.
«Бұл жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Түзету мекемесінде жазасын өтеуші жаңа жылда отбасын құрып, үйленді. Бұл әр адам үшін оның өміріндегі маңызды оқиға. Ал жазасын өтеп жүргендерге дұрыс жолға түсуге қосымша түрткі болады, ынтасын оятады. Тезірек жазасын орындап шығуы үшін тәртіпті бұзбайды, отрядтың қоғамдық өміріне белсене араласады», –дейді СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЕС-164/3 мекемесінің басшысы Тамерлан Валиев.
СҚО-да ЕС-164/1,3,6,8 түзету мекемелері бар. Былтыр бұл мекемелерде жазасын өтеушілердің 13-і үйленіп, Неке қию туралы куәлік алды. Олар жазасын өтеп, бостандыққа шыққан соң, отбасын құрып, балалы болу үміті бар.