Оңай олжа опық жегізді
Оңай олжа опық жегізді
139
оқылды

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал...» дейтін сөз бұрынғылардан қал­­ған. Түлкі бұлаңға салған бүгінгі за­мана келбетінде қылмыс атаулы да цифрландыру дәуіріне мейлінше бейім­деліп, өріс алып келеді.

Жуырда Шымкентте бұрын-соңды болмаған сот процесі өтті. Айыпталушы – 17 жасқа енді ғана қадам басқан бойжеткен. Оның айыбы дәлелденіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Өзек өртер өкінішпен аяқталған бұл оқиға былай өрбіген еді: елордалық бойжеткенге жеке компаниялардың бірі­нен ұсыныс түседі. Компанияның Шым­кент қаласында өкілдігі ашылатын болып, жас қыз осы шаһарға еңбек ету ниетімен келеді. Коронавирус пандемиясына орай қабылданған шектеулерге байланысты құрылтайшылар жобаны іске асыру мерзімін кейінге шегереді. Төтенше жағ­дай кезінде елорда мен Шымкент ара­сында жолаушылар тасымалдау да тоқ­татылып, бойжеткен не қаржысыз, не тұрақ болар орынсыз қалады.

Жұмыс іздеймін деп пәлеге ұрынды

Кризистік ахуалға тап болған қыз өзіне бейтаныс қалада әлеуметтік желілер ар­қылы жұмыс іздей бастайды. Instagram плат­формасында курьер қызметін ұсын­ған хабарламаны көзі шалып, көрсетілген сілтеме арқылы Telegram мессенджеріндегі аккаунтқа байланады. Осылайша, жұмыс беруші мен курьер арасындағы виртуалды таныстық орнығады. Аккаунттың бей­таныс әкімшісі бойжеткенге гонорары жоғары болатын курьерлік қызметті ұсы­нады. Жұмыс беруші қойған басты шарт – шылым қоспасын өзі нұсқаған орынға апарып орналастыру. Ерекшелігі сол, тауар ешқашан қолма-қол берілмейтін. Бойжеткеннің міндеті – аккаунттың бейтаныс әкімшісі жіберген фотосурет пен сипаттарды ескере отырып, сырты оралған тауарды басқа орынға жасыру. Тауар иесі тауардың атауын кейде «КРБ» немесе «КРС» деп көрсетіп, оның сал­мағын да ашып жазатын, қай жерге қайта жасыру керегін айтатын. Курьер нұсқаушы көрсеткен орыннан табылған тауарды ашып қарап жатпай, жол бойындағы елеусіздеу орындарға қайта жасырып, үстін топырақпен көміп кететін. Тапсырыс берушіге тауар жа­сырыл­ған орынның фотодерегін жібе­ретін. Осылайша, алғашқы үш күн ішінде  курьер 50 мың теңге қаржы табады. Бойжеткеннің қызмет ақысын төлеу мәселесінде де жұмыс беруші барынша құпиялықты сақтайды. Ол қыздың еңбек­ақысын Blockchaine қосымшасында ашыл­ған шотқа электронды ақша бит­коинмен төлем жасайды. Ал бойжеткен осы биткоиндерді теңгеге айырбастап, Kaspi Bank-те ашылған дербес шотына аударып отырды.

Дәніккеннен құныққан жаман

Көп ұзамай жұмыс беруші бойжеткенге қызметі өсетінін, оған қоса еңбекақысы да едәуір артатынын хабарлайды. Белгісіз тұл­ғадан келетін сүйінші хабар көп күт­тірмеді. Қызға енді ол курьер емес, тара­зылап салушы екені ескертіліп, шұғыл арада электронды таразы мен zip-locк па­кеттерін алу жөнінде нұсқау алды. Қызметі бір саты жоғарылаған бойжеткен енді қаланың әр аумақтарына тауар жасыруды қойып, орамда қолына түсетін тауарды 0,5 - 1,0 грамм көлеміндегі бөл­шек­терге бөліп, оларды пакеттерге салуды жолға қойды. Дайын өнімдерді изолентамен орап, қала көшелеріне жасырып кетіп жүрді. Жасырған орындарын нұсқаушы ак­каунтына жолдап отырды. Бөлшектеуге жататын түрлі-түсті болып келетін крис­талл тәрізді тауардың салмағы да біртіндеп ұлғайып, 50 грамнан 300 грамға дейін өсті. Әр бөлшектегенде 20-30 доза жасап, олар­ды таратуға дағдыланды. Бойжеткеннің табысы да едәуір артып, жеке көлік алу мәселесін ойластырып жүрді.

Армандар елес болған күн

Былтыр қыркүйек айында бойжет­кеніміз құқық қорғау органдарының құрығына ілінді. Тергеу барысында ол өзінің жұмысқа орналасуы мен тапқан табысы туралы барлық шындықты жайып салды. Оның үстінен Қылмыстық ко­декстің 297-бабы бойынша (адамдар то­бының алдын ала сөз байласуымен элек­тронды ақпараттық ресурстарды пай­далану арқылы есірткі, психотроптық, сол тектес заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша жаза 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді көздейді. Бойжеткен басына қара бұлт үйірілгенін түсініп, тергеу органдарына жәрдемші болуға келісімін береді. Құқық қорғау органдары бойжеткеннің көмегімен Шымкент нарығына психо­троптық синтетикалық заттарды шығару­мен айналысатын тұлғаны құрықтады. Оған тиесілі 2 келі көлеміндегі психо­троптық заттар тәркіленіп, ол сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот бойжеткеннің қылмыстық қудалау органдарымен келісімге келіп, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қылмыстық құқықбұзушылықты ашуға ықпал еткені үшін Қылмыстық кодекстің тиісті баптарына сәйкес 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.

Қауіптің бетін кім қайтарады?

Шымкент қаласы прокуратурасының өкілдері таратқан ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы Шымкент қаласы бойынша есірткі заттарын өткізуге байланысты 25 адам сотты болған. Олардың ішінде есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу дерегі бойынша  15 азаматқа қатысты 10 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Істі болғандардың 80 пайызы – 17 жастан 25 жасқа дейінгі жас буын өкілдері. Көптеген ата-ана коронавирус пан­демиясы жас ұрпақты смартфонға байлап қойды деген пікірін білдіріп жатыр. Қылмыс әлемі түлкі бұлаң заманның аңы­сын аңдып, таз боп шалуға бейім екенін көрсетіп отыр. Жастар орталығының белсенділері полиция қызметкерлерімен бірлесе үй қабырғалары мен шарбақтарға жазылған күмәнді аккаунттардың сілтемелерін бояу­мен өшіріп жүргенде, Telegram мес­сенджерінде синтетикалық есіркі зат­тарының саудасы ашық түрде жүргізіліп отыр. Киберкеңістікті бақылауға алу мүмкін болмаса, ішкі істер органдарының есірт­кімен күрес жүргізу қызметін қайта құ­рылымдау қажет шығар, бәлкім. Жылдар бойы қызмет етсе де, бірақ жастарға ба­ғыт-бағдар бола алмаған жастар орта­лықтарының жұмысын да саралайтын кез келді. Бұрынғыдай ескі тәсілден, тап­таурын әдістен нәтиже күтіп отырғанда жас буын құрдымға бара жатыр...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы