Коронавирусқа қарсы вакцина сүт безі қатерлі ісігін тудырады деген сөз шықты
Коронавирусқа қарсы вакцина сүт безі қатерлі ісігін тудырады деген сөз шықты
251
оқылды
Коронавирусқа қарсы вакциналар сүт безі қатерлі ісігін тудырады деген сөз шықты. Кейбір қазақстандықтардың пікірінше, бұл екпелер іс жүзінде онкологиялық аурулардың өршуіне себеп болуы мүмкін. Әрине, бұл шындыққа сәйкес келмейді, – деп жазады stopfake.kz. 18 қаңтарда Clinical Imaging журналында жарияланған мақала алаңдаушылыққа себеп болды. Онда COVID-19-ға қарсы вакцина алғаннан кейін төрт әйел медициналық көмекке жүгінгені жазылған. Олар препараттың екінші дозасын алғаннан кейін бірнеше күн өткен соң қолтықасты шұңқыры лимфа түйіндерінің көлемі ұлғайғанын байқаған. Лимфа түйіндерінің ұлғаюы сүт безі қатерлі ісігі белгілерінің бірі болуы мүмкін, бірақ бұл қатерлі ісіктің нақты индикаторы емес. Маммологқа уақтылы жүгінген әйелдерге сүт бездерінің көлемі мен пішінінің өзгеруіне, бөлініп шыққан заттарға және кеудедегі бөртпелерге назар аударуға кеңес беріледі. Сипатталған белгілердің барлығы болса да, дәрігер толық тексеріп, барлық қажетті талдауды алғаннан кейін ғана нақты диагноз қоя алады. COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін көмекке жүгінген төрт әйелдің ешқайсысында сүт безі қатерлі ісігі анықталған жоқ. Сонымен қатар дәрігерлер вакцина алғаннан кейін пайда болатын лимфа түйіндерінің ұлғаюы таңқаларлық жайт емес деген ортақ пікірде.
– Лимфа түйіндерінің көлемі ұлғаюы мүмкін. Әдетте, олар препарат еккен жақтан өседі, – дейді Вирджиния госпиталінің инфекционисі Дженнифер Примеджиа.
Жалпы алғанда, лимфа түйіндері аздап өсіп, содан кейін бұрынғы қалпына түссе, мұндай жанама әсер зиянсыз. Дәл осындай әсер кейде БЦЖ вакцинасын алған балаларда да байқалады. Ауыр металдар мен зиянды компоненттердің болуына байланысты жалпы вакциналардың қауіптілігі туралы мәлімдемелер шығып жатыр. Бұл мәлімдемелер бірнеше рет теріске шығарылды және жалған деп танылды. Вакциналар иммунитетті төмендетпейді, керісінше туберкулез, қызылша, шешек, сіреспе және т.б. қауіпті және өлім тудыратын аурулармен күресуге көмектеседі. Айта кетейік, вакцинациядан кейін лимфа түйіндерінің ұлғаюы туралы Pzifer-BioNTech немесе Moderna препараттарын алғандар ғана хабарлаған. Қазақстанда бұл вакциналар қолданылмайды. Елімізде коронавирус пандемиясымен күресу үшін ресейлік «Спутник-V» вакцинасы пайдаланылады. Бұл препаратты алғаннан кейін лимфа түйіндерінің ұлғаюы туралы дерек тіркелген жоқ.