Рудный қаласында аса қымбатқа тұрғызылған әрі жанжалға басы шатылған алып «шолу дөңгелегі» (колесо обозрения) ақыры бұзылатын болды. Жергілікті деңгейдегі бұл жаңалық шынында, мемлекеттік дәрежедегі мәселемен астасып жатыр: ол халықтың арыз-шағымына биліктің уақытылы құлақ аспауы неге соқтыратынын, ел Президенті жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызын паш етеді.
2018 жылдың күзінде Рудный қаласының ортасында «дәу шығыршық» пайда болатынын, оған 330 миллион бюджет қаржысы шығындалатынын естігенде төбе шашы тік тұрған жұрт бұл жобаға қарсы шықты. Халықтың айтуынша, небәрі 115 мың адамы бар, қараң қалған шаһарда биіктен қызықтайтын ештеңе жоқ. Жұртшылық осынша қаражатты әлеуметтік мұқтаждыққа, мысалы, сырқаттарға аса қажет МРТ сатып алуға, балалар ойнайтын аулаларды жөндеуге, жастарды қолдауға жұмсауды өтінді. Алайда жергілікті билік рудныйлықтарды тыңдамады және ойлағанын іске асырды. Бар қаражат Санкт-Петербордағы компанияға аударылған.
Содан 2019 жылғы 1 мамыр мерекесінде аттракцион салтанатты түрде ашылды. Алайда 42 метрге дейін биік көтерілген «Шолу дөңгелегінен» бірден кінәрат бары анықталды. Әткеншек тепкен балалар кейде қатты тербеліп, әуелете көтерілуге тырысады ғой. Сол сияқты мына аттракционның әр кабинасы аспанда жел қуып, өз білігінде шыр айналатыны бейнеленген видеоролик интернет арқылы шетелге тарап, қаланың масқара атағы шықты.
Сондықтан 14 мамырда Тұтынушылар құқығын қорғау орталығы Рудный әкімінің аппараты мен құрылыс бөлімін сотқа беріп, «Шолу дөңгелегін» пайдалануға тосқауыл қоюды талап етті. Сот аттракционды пайдалануға қауіпті деп таныды. Апелляциялық сот инстанциясының 2019 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысымен Рудныйдағы осы құрылғыны қолдануға тыйым салынды.
Ізінше осы жоба арқылы 230 миллион теңге ел қаржысы қолды болғаны әшкереленді. Себебі шынында оның ең жоғары құны 100 миллион теңгеден аспаған. Былтырғы қараша айында Қостанай облыстық соты Рудный қаласының құрылыс бөлімінің жауапты тұлғаларының 230 миллион теңге ұрлағаны және пара бергені туралы қылмыстық істі қарауға кірісті.
«Енді міне, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот 2020 жылғы 13 қаңтарда Солтүстік Қазақстандағы ең ірі аттракционды демонтаждау туралы түпкілікті шешім шығарды. Судья Марияш Жаналиева сарапшы Сорокиннің қорытындысын назарға алғанын айтты: «Қорытындыға сәйкес, кабиналар модулінің іс жүзіндегі салмағы Рудный қаласындағы үшінші жел ауданында қауіпсіз эксплуатациялау үшін қажетті құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейді», – деді судья.
Сот ақаулы нысанды күресінге жіберу шығынын мемлекеттік сатып алу келісімі бойынша қатысушы болған қалалық құрылыс бөліміне және «Алатаугорстрой» ЖШС-не жүктеді. Сондай-ақ судья «Шолу дөңгелегіне» тендер өткізуге және салуға жол берген облыс әкімі мен Қостанай облысының прокурорына екі жеке ұйғарым шығарды.