Аймақта ажырасу көбейді: кінәлі кім?
Аймақта ажырасу көбейді: кінәлі кім?
437
оқылды

Статистиканы сөйлетсек, Қазақстандағы әрбiр үшiншi неке бұзылуға бейiм екен. Әріге бармай-ақ, бір ғана Қызыл­орда облысының өзінде былтыр 2 449 талап арыз түссе, оның 1443-і қанағат­тандырылған. Демек, бұл дегеніміз – жыл сайын тұтас бір ауылдың от­басылары екіге айырылып, мыңнан аса бейкүнә сәби тірі жетім қалады деген сөз.

Ресми дерек бойынша, өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу мен алимент өндіру екен. Оған дәлел қазір сотқа түскен арыздың басым көпшілігі осы мәселе төңірегінде болып отыр. Танымал америкалық әлеумет­танушы әрі психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатын ын дәлелдеген. Бір ғана АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 000 000 ша­ңы­рақ шайқалады екен. Біздің елімізде де отау құрған жастардың үштен бірі ажырасып тынатын көрінеді. Осылайша, ажырасу әлеуметтік проблемаға айналып үлгерді. Ол – күйзеліс, уайым. Ақпарат көздеріне сүйенсек, Еуропа елдерінің ішінде ажырасу коэффициенті жоғары Бельгия, Португалия, Венгрия елдері болса, ислам дінін ұстанатын ел­дердің арасында Қазақстанның ажырасу коэффициенті бәрінен жоғары делінеді. Мәселен, былтыр Қызылорда қаласы бойынша қалалық «АХАТ» бөліміне отбасын құруға ниет­тенген 2 635 азаматтан өтініш түссе, Қызылорда қалалық со­тында неке бұзу бойыша 1 645 іс қозғалған. Қала бойынша 1 352 от­басы ажырасса, облыстың көр­сеткішті қоссақ, бұл деректер кө­бейе түседі. Сотқа келген мәліметтердің өзі көрсеткендей, ажы­расудың көп тараған себеп­тері – тұрмыстық зомбылық, ерлі-зайыптылардың бірінің ішім­дікке салынуы не жұмыссыз қалуы, жұбайлардың өмірлік көз­қарастарының сәйкес келмеуі, көзге шөп салу, материалдық қиын­дықтар, перзент сүйе алмау, тағысын тағы осы секілді проб­лемалар екені анықталды. Ажырасу ісі бойынша бала­лардың 90 пайызы аналарында қалады екен. Осы ретте алимент деген мәселе туындайды. Мемле­кеттік сот орындаушыларының сөзінше, қазір алимент бойынша 9 940 борышкер есепке алынған. ажырасу Ал некенің бұзылуына апарып соғатын факторлардың көшін бастап тұрған отбасындағы зорлық-зомбылық деректеріне келсек,  былтыр бір ғана  Қызыл­орда қаласында оның көлемі 17,4 пайызға артқан. Айталық, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бергендері үшін 24 құқық бұзушы әкімшілік ко­декс­тің 73-бабымен әкімшілік жа­за­ға тартылса, 1 адамның құ­жат­тары Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруіне сәйкес сотқа жолданған. Сондай-ақ отбасы-тұрмыстық салада құқықбұзушылыққа жол берген  140 азаматқа қатысты қорғау нұс­қамасы шығарылыпты. Бүгінде Қызылорда облысы бойынша әйелдердің құқығы мен мүдделерін қорғайтын мемле­кеттік емес «Қамқорлық дағдарыс орталығы» қамқорлық ұйымында жыл басынан бері 70 анаға көмек көрсетілсе, бүгінде 16 ана, 34 бала осы ұйымды паналап жүр. Зорлық-зомбылықтың құрбан­дары болған аналар қамқорлық үйінде алты айға дейін тұра алады. Ал ажырасуға себеп болатын тағы бір фактор отбасы мүше­лерінің ішімдік ішуі мәселесіне келсек, Қызылордада мас­күнем­дердің де аз емес екенін назарда ұстау керек.  Облыстық психика­лық денсаулық орталығының деректеріне сүйенсек, 2020 жыл­дың қорытындысы бойынша мас­күнемдікпен тіркелгендер саны 2019 жылға қарағанда 12 пайызға төмендеген. Дегенмен облыста тіркелген 4 501 мас­күнем­нің 344-і әйелдер. Демек, қоғамымызда ішкілікке салынған аналар орташа есеппен – 20-25 пайыз. Міне, осы мәліметтердің өзі ай­мақта ерлі-зайыптылардың ажырасуына себеп болатын жағ­дай­лардың әртүрлі екенін дәлел­деп тұр. Ал сот өкілдерінің «Қазір­гі басты мәселе – ажырасу фак­торын азайту» деп, некені қан­ша сақтап қалуға ұмтылғаны­мен  отбасындағы әлеуметтік жағдай, азаматтардың моральдық құндылықтарға немқұрайлы қа­рауы мен жауапкершіліктің төмен болуы қоғамдағы осынау жағым­сыз құбылысты толық тыюға мүмкіндік бермейтін тәрізді. Қа­зақы салт-сана сақталды деліне­тін Сыр өңіріндегі жағдайға зер салған адам ғана отбасы инсти­тутының әлсіреп бара жатқанын  байқайды.

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы