Статистиканы сөйлетсек, Қазақстандағы әрбiр үшiншi неке бұзылуға бейiм екен. Әріге бармай-ақ, бір ғана Қызылорда облысының өзінде былтыр 2 449 талап арыз түссе, оның 1443-і қанағаттандырылған. Демек, бұл дегеніміз – жыл сайын тұтас бір ауылдың отбасылары екіге айырылып, мыңнан аса бейкүнә сәби тірі жетім қалады деген сөз.
Ресми дерек бойынша, өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу мен алимент өндіру екен. Оған дәлел қазір сотқа түскен арыздың басым көпшілігі осы мәселе төңірегінде болып отыр. Танымал америкалық әлеуметтанушы әрі психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатын ын дәлелдеген. Бір ғана АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 000 000 шаңырақ шайқалады екен. Біздің елімізде де отау құрған жастардың үштен бірі ажырасып тынатын көрінеді. Осылайша, ажырасу әлеуметтік проблемаға айналып үлгерді. Ол – күйзеліс, уайым. Ақпарат көздеріне сүйенсек, Еуропа елдерінің ішінде ажырасу коэффициенті жоғары Бельгия, Португалия, Венгрия елдері болса, ислам дінін ұстанатын елдердің арасында Қазақстанның ажырасу коэффициенті бәрінен жоғары делінеді. Мәселен, былтыр Қызылорда қаласы бойынша қалалық «АХАТ» бөліміне отбасын құруға ниеттенген 2 635 азаматтан өтініш түссе, Қызылорда қалалық сотында неке бұзу бойыша 1 645 іс қозғалған. Қала бойынша 1 352 отбасы ажырасса, облыстың көрсеткішті қоссақ, бұл деректер көбейе түседі. Сотқа келген мәліметтердің өзі көрсеткендей, ажырасудың көп тараған себептері – тұрмыстық зомбылық, ерлі-зайыптылардың бірінің ішімдікке салынуы не жұмыссыз қалуы, жұбайлардың өмірлік көзқарастарының сәйкес келмеуі, көзге шөп салу, материалдық қиындықтар, перзент сүйе алмау, тағысын тағы осы секілді проблемалар екені анықталды. Ажырасу ісі бойынша балалардың 90 пайызы аналарында қалады екен. Осы ретте алимент деген мәселе туындайды. Мемлекеттік сот орындаушыларының сөзінше, қазір алимент бойынша 9 940 борышкер есепке алынған. Ал некенің бұзылуына апарып соғатын факторлардың көшін бастап тұрған отбасындағы зорлық-зомбылық деректеріне келсек, былтыр бір ғана Қызылорда қаласында оның көлемі 17,4 пайызға артқан. Айталық, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бергендері үшін 24 құқық бұзушы әкімшілік кодекстің 73-бабымен әкімшілік жазаға тартылса, 1 адамның құжаттары Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруіне сәйкес сотқа жолданған. Сондай-ақ отбасы-тұрмыстық салада құқықбұзушылыққа жол берген 140 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы шығарылыпты. Бүгінде Қызылорда облысы бойынша әйелдердің құқығы мен мүдделерін қорғайтын мемлекеттік емес «Қамқорлық дағдарыс орталығы» қамқорлық ұйымында жыл басынан бері 70 анаға көмек көрсетілсе, бүгінде 16 ана, 34 бала осы ұйымды паналап жүр. Зорлық-зомбылықтың құрбандары болған аналар қамқорлық үйінде алты айға дейін тұра алады. Ал ажырасуға себеп болатын тағы бір фактор отбасы мүшелерінің ішімдік ішуі мәселесіне келсек, Қызылордада маскүнемдердің де аз емес екенін назарда ұстау керек. Облыстық психикалық денсаулық орталығының деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша маскүнемдікпен тіркелгендер саны 2019 жылға қарағанда 12 пайызға төмендеген. Дегенмен облыста тіркелген 4 501 маскүнемнің 344-і әйелдер. Демек, қоғамымызда ішкілікке салынған аналар орташа есеппен – 20-25 пайыз. Міне, осы мәліметтердің өзі аймақта ерлі-зайыптылардың ажырасуына себеп болатын жағдайлардың әртүрлі екенін дәлелдеп тұр. Ал сот өкілдерінің «Қазіргі басты мәселе – ажырасу факторын азайту» деп, некені қанша сақтап қалуға ұмтылғанымен отбасындағы әлеуметтік жағдай, азаматтардың моральдық құндылықтарға немқұрайлы қарауы мен жауапкершіліктің төмен болуы қоғамдағы осынау жағымсыз құбылысты толық тыюға мүмкіндік бермейтін тәрізді. Қазақы салт-сана сақталды делінетін Сыр өңіріндегі жағдайға зер салған адам ғана отбасы институтының әлсіреп бара жатқанын байқайды.Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы