Зейнетақы қаржысын қалдырған дұрыс па?
Зейнетақы қаржысын қалдырған дұрыс па?
164
оқылды

Биылдан  бастап халыққа зейнет­ақы қорындағы қаржының бір бөлігін алуға мүмкіндік берілгеннен бері ел арасында әртүрлі алыпқашпа әңгіме айтылып жатыр. Біреулер бұл нау­қандық шара екенін айтып, өтініш беруге асықса, енді біреулер  оң-солын бағамдап, әліптің артын ба­ғып отыр. Енді бір топ «ақшаны ал­ған дұрыс па, әлде зейнетақы қо­рында  қалғаны дұрыс па?» деген ой­мен жүр.

Тараз қаласының тұрғыны Самат Тілеу­жан  зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асқан ақшасын алуға өтініш беріп, Отбасы банкіндегі ипотекалық қарызының бір бөлігін жапқан. Алайда Самат  өтініш беру кезінде түрлі түсінбеу­шіліктер туғанын айтады. – Еnpf-otbasy.kz платформасы іске қосылғаннан кейін ең әуелі зейнетақы қорымдағы ақшаны тексердім. Шекті мөлшерден асып тұрған қаржының барына көз жеткізгеннен кейін электронды сандық қолтаңба арқылы өтініш беру кезеңдерінен өттім. Алайда осы тұста қаржы аудару үшін қосымша есепшоттың қажеттігі туындап, бірақ оны қалай ашуға болатынын түсінбедім. Себебі ұялы телефоныма «Халық банкінен» есепшот ашу туралы хабарлама келсе, «Отбасы банкінің» қызметкерлері есепшотты қай банкке ақшаңды  аударғалы жатсаң, содан ашу қажет екенін айтты. Содан Отбасы банкінің ұялы телефонға арналған парақшасын қондырып алып, 2-3 минут ішінде есепшот ашуға өтінім жолдадым. Банктен жауап тез-ақ келіп, Отбасы банкіндегі өзімнің жеке кабинетімнен  зейнетақы қорына арналған қосымша есепшот ашылды. Осыдан кейін  enpf-otbasy.kz платформасына қайта кіріп, электронды сандық қолтаңба арқылы өтініш жолдадым. Екі күн Отбасы банкі құжаттарымды тексерсе, одан кейін  Бірыңғай зейнетақы қоры өтінімімді зерделеді.  Хабарламада тексеріс 3-5 жұмыс күнін алатыны туралы айтылған. Алайда арада екі жеті өткеннен кейін барып өтінішім мақұлданғаны туралы хабарлама келді. Бірақ онда енді банкпен отырған келісімшартым, қарызым барлығын анықтайтын анықтама сынды тағы бірқатар құжаттарды жіберу туралы нұсқама келді. Ол құжаттарды арнайы бағдарлама арқылы көшірмеден өткізбегенше, оны Еnpf-otbasy.kz платформасы қабылдамай қойды. Осы аралықта тағы бірнеше күн өтіп кетті. Компьютерге арнайы бағдарлама қондырып, құжаттарын өткізгеннен кейін тағы 2-3 күн күтуіме тура келді. Одан кейінгі қызықты айтсам, еріксіз езу тартасыздар. Бәрі бітті ма деп отырсам, енді осы құжаттардың түпнұсқасын банкке апарып өткізуім керек болып шықты. Әйтеуір не керек, жиырма күн жүріп, әзер дегенде ипотекалық қарызымның бір бөлігін жаптым. Зейнетақы қаржысын аударуды неге осыншалық қиындатып  қойған? – дейді Самат. Тараз қаласының тұрғыны Шолпан Нұғманқызы болса, зейнетақы қорындағы қаржысын қайда жұмсарын білмей отыр. – Шекті мөлшерден асқан ақшам бар болғанымен, оны қайда жұмсарымды білмей отырмын. Үйдің алғашқы жарна­сына аударайын десем, атымда тұрғын үй тіркеліп тұрғандықтан, бірде-бір мем­лекеттік бағдар­ламаға кіре алмай отырмын. «Отбасы банкінің» мамандарынан сұрасам, тек өзім үй тауып келіп, зейнетақы қаржы­сын соның жарты бағасына аударуға болатынын айтады. Ал қордағы сома үйдің жарты бағасына жетпейді. Қордағы ақшамды жолдасымның да атына аудара алмайды екенмін. Себебі екеуміз менің атыма тіркелген бір үйде тұрып жатырмыз. Бауырларымның атына аударып, үй алуға рәсімдейін десем, олардың өз өмірі бар. Сондықтан оларды да араластырғым келмей отыр. Ендігі бір жол – денсаулығымды жақсарту  үшін зейнетақы қаржысын пайдалануға мамандар кеңес беріп жатыр. Алайда бүгін-ертең емделе салатындай да себеп болып тұрған  жоқ. Оған қоса, бұл бағытқа қаржыңды аудару үшін де тағы көптеген  құжат жинауың керек. Содан қорымда ақшам бола тұра, оны  қайда жұмсарымды білмей миым қатып жүр, – дейді  қала тұрғыны. Мойынқұм ауданының тұрғыны Серікхан Тілеужан зейнетақы қорындағы қаржысының шекті мөлшерден асқан сомасы аз болғандықтан, алмаймын деп шешіпті. – Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірден мемлекеттік қызметке бардым. Әр салада сатылап өсіп, басшылық қызметке де жеттім. Он жылдың бедерінде аудан әкімдігіне қарасты бөлімді басқарып, зейнетақы қорым да жиналды. Алайда өмір ағысымен кейінгі жылдары кәсіпкерлік саласына бет бұрып, қор қаржысына көңіл бөлмей кеттім. Содан жыл басында зейне­­тақы қаржысына қатысты әңгіме көтеріле бастаған тұста тексертіп көрдім. Сөйтсем, менің шекті мөлшерден асқан  ақшам аз екен. Қазір болмайтын қаржыны бір мақсатқа жұмсағанша, зейнет жасым келгенше жинала берсін деп шештім. Алла өмір берсе, бейнетімнің зейнетінде қордағы ақшаның қызығын көрермін, – дейді С.Тілеужан. P.S.

Жалпы, Жамбыл облысы тұрғындарының  айлық табысы еліміз бойынша ең төмен екені белгілі. Сондықтан аймақта зейнетақы қорындағы қаржысы шекті мөлшерден асатын адамдар  аз. Олардың бірі қаржыны банкке аудару қиынның-қиыны екенін айтса, екіншілері бар қаржысын қайда жұмсарын білмей отыр. Үшіншілер болса,  тіпті зейнет­ақы қорындағы ақшасын тексеріп көрмеген.

Әрине, зейнетақы қорындағы қаржысын қалай пайдаланса да, бұл әркімнің өз мә­селесі. Алайда қоғамда болып жатқан жаңалықтардан шет қалуға тағы болмайды. 

Ал сіз зейнетақы қаржысын алуға өтінім бердіңіз бе?

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы