Құланды жайратып, қарақұйрықты да аттық...
Құланды жайратып, қарақұйрықты да аттық...
272
оқылды

Браконьерлер сайын далада тайраңдауын қояр емес. Былтыр екі адамның ажа­лына себепші болған еді. Енді, міне Қызыл кітапқа енген құлан мен қарақұйрыққа да жетіпті.

Торғай даласында Арқалықтан 70 шақырым қашықтықтағы Қа­йыңды ауылының маңында «Ал­тын емел» қорығынан жерсіндіру мақ­сатында әкелінген тоғыз құ­лан­ның бірін ату фактісі тіркелді. Қызыл кітапқа енген жануардың қабыл­дағышы қозғалмаған соң іздеу салған қорықшылар, құлан­ның кесілген басы мен мойнына та­ғылған GPS құрылғысын ғана та­уып алған. Дала тағысына жауап­тылар Арқалық қалалық ішкі істер бөліміне кеш хабарлаған. Арада сегіз күн өткенде құлан өлген ау­маққа барған полиция қызмет­керлері «спутниктік қарғыбаудан басқа еш айғақ таппадық» деп отыр. Жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы Талғат Ахметов:

– Басын таппаған себебіміз – оны жабайы аңдар алып кетуі мүмкін. Өйткені координат бо­йынша бардық, ол жерде бас жоқ. Тергеу жүріп жатыр,– дейді.

Ал «бұл құлан мұнда қалай келді?» деген сұраққа Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев: «Қазақстан табиғатына құлан­дарды қайта жерсіндіру жұмыстары 1953 жылы басталды. Көрші Түр­кіменстанның Бадхыз қорығынан Барсакелмес қорығына он шақты түркімендік құлан жеткізілді. Ге­нетикалық зерттеу көрсеткіші бо­йынша құлан түрлерінде қатты айырмашылық болмаған. Сол себепті Арал өңіріне жіберілген құландар тез жерсініп, жылдан-жылға саны өсе бастады. 1980 жылдары Барсакелмес қорығында құландардың саны 272-ге жетті. 1982 жылы Барсакелместен 27 құлан Алтын емел ұлттық паркіне жіберілді. Қазіргі уақытта ұлттық паркте олардың саны 4000-ға жетті», – деді вице-министр.

Ол: «Қазақстанда жойылып кеткен құлан қайта көбейе бастады. Негізінде қазақ даласында «Құлан» сөзі кеңінен тараған. Оны «Құлан», «Құланды», «Құланөтпес» секілді елді мекендер мен өзен-көлдер атауынан байқауға болады. Бұл құлан жануары еліміздің түкпір-түкпірінде тіршілік еткенін айғақтайды», – дейді.

Негізінде, Қазақстанда құлан­ның үш түрі болған: моңғолдық, түрікмендік және қазақстандық. Моңғолдық – Шығыс Қазақ­стан­ды, қазақстандық – орталық пен оңтүстікті, ал түркімендік түрі – батыс өңірді мекен еткен. «Өткен заманда шөлді және жартылай шөлді жерді мекендейтін құланның таралу аумағы Ресейдің еуропалық бөлігін, Батыс Сібір мен Қазақ­станды, Орталық Азия мен Тибет­тің шөлдерін, Араб түбегі мен Үн­дістанды қамтыған. Ғалым­дар­дың айтуынша, ХVIII ғасырда Қазақстанда мыңдаған құлан бол­ды. Олардың күрт азаюына 1879-1880 жылғы және 1891-1892 жылғы жұт ықпал етті. Ал жұттан аман ал­ған тақтұяқтыны аңшылар жап­пай қырды. Осының салдарынан ХХ ғасырдың басында құлан таби­ғатымыздан толығымен жойылып кетті», – дейді Ерлан Нысанбаев.

Қазақстанда құлан «сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар» деп танылып, Қызыл кітаптың ІІ санатына жатқызылды. Сонымен бірге Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне, СИТЕС конвенциясының ІІ қосымшасына да енгізілген. Биологиялық алуантүрлілікті сақ­тау бойынша мемлекет атқарған нақты жұмыстар нәтижесінде құландардың, киіктердің, қара­құй­рықтардың, арқар мен басқа да жабайы аңдардың саны артып келеді. 2017 жылы Норвегия та­биғат қорғау институты, Франк­фурт зоологиялық қоғамы және Қазақстанның биологиялық алуантүрлілікті сақтау қауым­дас­тығы бірлесіп, құландарды көшіру жұмыстарын қайта қолға алды. Сол жылы күзде Алтын емелден Қостанайдағы Алтын дала резерватына 9 құлан жіберілді, 2019 жылы резерват тағы 3 құ­лан­мен толықты. Бір кездері Торғай даласында тіршілік еткен құландар тарихи мекеніне қайта оралды. Бұл жоба аясында Алтын дала резерватына тағы қырықтан астам құланды көшіру жоспар­лан­ған. «Өкінішке қарай, осы өңірге көшірілген құландарға браконьер­лер шабуылы толастар емес. Өткен жылдың желтоқсанында Қостанай облысындағы «Тасты» аңшылық шаруашылығынан заңсыз кесілген құланның басы табылып, ішкі іс­тер органдары қылмыстық іс қоз­ғады. Бұл – екінші браконьерлік факт болды. Олар аңды аяусыз атып, табиғатқа үлкен зардап тигі­зіп отыр», – деді ол.

Вице-министр еліміздің аң-құ­сын сақтауға мемлекет қана емес, жергілікті халықтың да белсенді атсалысуы керектігін айтады. «Өр­кениетті елдерде қоғамның бел­сенді азаматтық ұстанымы арқылы қоршаған орта қорғалады. Біздің қоғам да дәл осындай бағытта жұмыс атқаруы тиіс. Кең-байтақ еліміздің табиғаты ерекше көрікті. Аң-құстың, ағаштың, өсімдіктің сан алуан түрі бар. Осындай табиғи байлығымызды келер ұрпаққа жет­кізу – біз үшін басты міндет­тердің бірі болмақ. Бұл жауапты міндетті жұмыла қоғам болып ат­қа­ра ала­мыз. Барлық қазақ­стандықтарды та­биғатты қор­­ғауға ша­қырамыз», – деді Ерлан Нысанбаев.

Табиғатты қор­ғаушы қорық­шыларға да оңай болмай тұр. 2019 жылы брако­ньер­лердің қолынан қорықшылар Ер­лан Нұрғалиев пен Самат Оспанов қаза тапқан болатын.

Дегенмен ығатын браконьерлер жоқ. Жақында ғана Маңғыстауда тұқымы жойылып бара жатқан Қызыл кітапқа енген қарақұй­рықты атып алды деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Мотоциклмен аңға шыққан екеуден 16 калибрлі қос ауыз мылтық тәркіленді.


Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы прокуратурасының бас­тамасымен республикалық «Охот­зоопром» аңшылық инспекциясы және облыстық полиция депар­таменті қызметкерлерімен бірігіп, өңірдегі заңсыз аңшылықты анық­тауға бағытталған іс-шараларды атқару барысында Қамқалы ауы­лына жақын маңда Тараз қала­сы­ның 31 және 36 жастағы тұрғын­дары Suzuki маркалы мотоциклімен қолға түсті. Аталған азаматтардың көлігін тексеру кезінде 2 дана өлі қарақұйрық, сондай-ақ тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді.

Қарақұйрықтың бір басына тигізген зиянды өтеу мөлшері 400 АЕК-ті (1 010 000 теңге) құ­райды. Бұған дейін бұл айыппұлды өтеуге Қызылорда облысының үш тұрғы­ны міндеттелген болатын. Олар тау беткейінен қарақұйрықты опти­калық дәлдігі бар «Веппер» және қос ұңғылы аңшы мылты­ғы­мен атып алған жерінен инспектор­лар құрығына түскен. Сот шеші­мі­мен олардың әрқайсысына екі жыл алты айға шартты түрде бас бос­тан­дығынан айыру жазасы таға­йын­далып, мемлекетке келтірген екі мил­лион төрт жүз мың теңге ша­ма­сындағы залалды мемлекет пайда­сына қайтаруға шешім қа­был­дады. Айғақ заттар ретінде ав­токөлік пен қару-жарақ та тәр­кіленді.

Ал Солтүстік Қазақстан облы­сында жыл басталғалы заңсыз аң­шылықтың екінші дерегі тір­кел­ген. Мағжан Жұмабаев ауданына рейд барысында тәртіп сақшылары мен қорықшылар браконьерлер­дің үстінен түскен. Олар Октябрь­ское ауылының маңындағы жолда ВАЗ-21310 автокөлігін, оның арт­қы бі­лігінен қара дақты байқаған. Фор­ма киген адамдарды көрген жүр­­гізушінің жылдамдықты артты­руы күдікті күшейте түскен. Тәртіп сақ­шылары қуып жетіп, көлікті жол шетіне ығыстырды. Аудан орталығы Булаево қаласының 28, 27 және 25 жастағы үш тұрғыны көлікте қару мен оқ-дәрі бар оқ­шантай, ал жүксалғыштан 2 сібір елігінің мүшеленген еті табылды.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жыл­дың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқық­та­рының қорғалуын күшейту мә­се­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжатта заңсыз аң аулаушылардың жауапкершілігін күшейту жайы да айтылды. Олай болса, оңды-солды даланың ерке­сін ата беру тыйылады деген сенім бар.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ