Абайдың 175 жылдығына орай Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «Дана Абай, Дара Абай» көрмесі ашылды. Онда музей қорынан 30-дан астам графикалық және бейнелеу жұмыстары қойылды.
Бұл көрме Абайдың портреттері мен шығармашылығына арналады. Негізгі экспонат – ақынның портреті. Оны салған – Төлеуғали Кеңесбаев. Вениамин Шамшиннің «Абай сөздері» атты туындысы бар. Мұражай басшысы Бибігүл Құдабаеваның айтуынша, музей бұл жылын осы көрмемен ашып отырғаны кездейсоқ емес.
– Абайдың 175 жылдығы – биылғы маңызды шараның бірі. Сондықтан бізде жыл бойы осы тақырыпта музей сабақтары өтетін болады. Бұған балабақшалар, мектептер, колледждер мен университеттер қатыса алады, – деді ол.
Бұл сабақтың бағдарламасы жаңа білім беру технологиясын қолдана отырып жасалған. «Бұрын дәрісті біз оқысақ, бұл жолы студенттер өздері оқитын болады. Өзара топқа бөлініп, өздері зерттеу жүргізеді. Сөйтіп, сабақ екі тілде жүргізіледі» дейді Назерке Жартын. Көрменің ашылуы шағын концерт түрінде өтті. Оқушылар Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.
– Биыл бүкіл республика бойынша біз ұлы ақын, философ, ойшыл Абайдың 175 жылдығы аталмақшы. Мектебіміздің өзінде көптеген шара өткізу жоспарланған. Мысалы, Ерсін Серік анасы Әсем Шакеновамен бірге Абайдың портретімен қабырға газетін шығарып, байқаудың бас жүлдесін алды. Бәрін үлгі ретінде мұражайға қойды, – деді Абай гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Ансаған Ақжанқызы.
Көрме 20 қаңтарға дейін жалғасады.