Белгісіз біреулер Шымкентте тұратын мұғалімнің атынан төрт несие рәсімдеген. Бұл жайында шымкенттік мұғалім Tengrinews.kz-тің WhatsАpp нөміріне хабарласқан.
Айтуынша, оқиға 18 қаңтарда болған. Белгісіз біреулер Қостанайда микроқаржы ұйымынан оның атынан төрт несие рәсімдеп, Алматыда ақшаны қолма-қол шығарып алған екен.
– Өмірімде бұл қалаларға бір рет те барған емеспін. Қайта қаржыландыру жасауды жоспарлап, Шымкенттегі ХҚКО-ға бардым. Сол жерде бірінші кредиттік бюро арқылы 135 мың теңгеге төрт қарызым барын білдім. Мектепте жұмыс істеймін, интернетте отыруға және алаяқтық схемаларға түсуге уақытым жоқ. Дәл 18-і күні жұмыста болдым. Жеке куәлігімді, ЖСН-ді ешкімге қалдырмадым, – дейді шымкенттік мұғалім.
Ер адам полицияға және прокуратураға шағым жазған. Бірақ әзірге алаяқтар табылмады.
– 17 ақпан – төлемнің соңғы күні. Оған мені ешкім шақырмады не несие ұйымынан төлем қажеттілігі туралы хабарлама келмеді. Демек, олар үшінші тараптың мобильді нөмірімен рәсімдеген. Өзім хабарласуға тырыстым, олардың 20-дан аса филиалы бар. Екеуіне қоңырау шалдым, бірақ нөмірі өшірулі, – дейді ол.
Шымкент қаласының полиция департаменті бұл істі бақылауға алғанын айтты.
«Шымкент қаласының тұрғыны 2021 жылдың 18 қаңтарында белгісіз тұлға алаяқтық жолмен оның атынан 135 000 теңге төрт шағын несие рәсімдегенін айтып, арыз жазды. Бұл дерек бойынша әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі және криминалдық полиция бөліміне тапсырма берілді. Қазір тексеріліп жатыр»,– деп мәлімдеді департамент.