Қарағанды облысында жылына 600 мың тонна қалдық шығарылады. Облыс аумағында тұрмыстық қалдықтар төгетін 202 объекті орналасқан. Оның 24 полигонында ғана рұқсат бар, қалған 178 полигон экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес емес. Облыста жаңа полигондар салуға, қолданыстағы полигондарды экологиялық талаптарға сәйкес келтіруге ауылдар мен аудандар бюджетінен қаражат қарастырылмаған. Облыстық қоғамдық кеңестің отырысында бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Экологиялық кодекстің 301-бабына сәйкес полигонда пластик, картон, қағаз көмуге тыйым салынады. Мұндай коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау қажет. Бүгінгі таңда Қарағанды және Теміртау қалаларынан басқа қалалар мен аудандарда тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, бөлек жиналмайды, яғни заң талаптары бұзылып отыр.
Қалдықтарды жинау, тасымалдау және көмумен 26 кәсіпорын айналысады. Облыста қалалы жерлер 80%, ауылдық мекендер 54% қамтамасыз етілген. 16 мыңнан астам контейнер, оның ішінде қалдықтарды бөлек жинауға арналған 1200 контейнер және құрамында сынап бар аспаптарды жинауға арналған 66 контейнер орнатылған. Өңірде қатты қалдықтарды бөлек жинау және өңдеу 2015 жылдан бастап жүргізіледі. Негізінен, Қарағанды және Теміртау қалаларында «Горкомтранс ЖШС», «Ресайлинг ЖШС» және «Экоалем» ЖШС айналысады. Түскен қалдықтар сұрыптау сызығынан өтеді, онда 10 тізім көрсетілген (макулатура, картон, полиэтилен, ПЭТ, алюминий банкалар, металл, пластмасса және т.б.) шығарылады. Престелген пластик, макулатура және т.б.шикізат Павлодар, Алматы және Ресейге жіберіледі. Үш жыл ішінде коммуналдық қалдықтарды өңдеу көлемі 2-ден 16%-ға дейін артты. Қарағандыда «ГорКомТранс» ЖШС қуаттылығы жылына 200 мың тонна қоқыс сұрыптау кешені бар. Кәсіпорынның жоспарында жылына 300 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт салу көзделген. Жобаның құны – 2 млрд теңге. Бүгінгі таңда инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ 30-дан астам кәсіпорын қалдықтардан дайын өнімдер, полимерлі құмды тротуарлық плиткалар, полимерлі қалдықтардан жасалған черепица, металлопрофиль, шлакоблоктар өндірісі, темір бетон бұйымдары өндірісі, канализациялық және су құбырлары люктерінің орнына полимерлі-құмды қақпақтар шығарумен айналысады. Жыл сайын облыстық бюджеттен тұрғындар мен ШОБ субъектілері арасында ҚТҚ бөлек жинауды насихаттау жөніндегі іс-шараларды өткізуге, оның ішінде «Бөл, бер, қайта өңдеу» акциясы арқылы қаражат бөлінеді. Облыс аумағында орналасқан «Дарьял-У» радиолокациялық стансасының экологиялық жағдайын реттеуге облыстық бюджеттің шамасы келмейді. Құрамында ПХД бар қалдықтарды қайта орау, шығару және кәдеге жаратуды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен шамамен 1,2 млрд теңге қаражат бөлу қажет. 2004 жылы «Дарьял-У» аумағында 16 мың данаға жуық тұрақты органикалық ластағыштары бар конденсаторлар, полихлордефинилдер табылған. 10052 конденсатор Германияға әкетіліп, жойылды. Қазір «Дарьял-У» аумағында 5946 конденсаторы бар 183 контейнер, құрамында ПХД бар 3 контейнер (пайдаланылған арнайы киім, адсорбенттің қалдықтары) жатыр. Дайын өнім қоймаларын және қаптамаларды күзетуді «Қарағанды облысының мамандандырылған күзет қызметі» ММ жүзеге асырады. Зиянды қалдықтарды реттеумен «Жасыл Даму» ЖШС ұйымы айналысады.– Бұл мәселе бақылауға алынған, сұрыптау кешендерін салу үшін әкімдіктер инвестиция іздеуде. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері жер пайдалану актілерін ресімдеуге, ҚТҚ полигондары үшін рұқсат құжаттарын алуға бағытталған жұмысты күшейтіп, қалдықтарды бөлек жинауды енгізу қажет, – деді Қарағанды облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Расул Төлепбаев.
Тұрмыстық қалдықтарды көмуді азайту, қайта өңдеу мақсатында «2018-2022 жылдарға арналған шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) қазіргі заманғы кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі шаралар кешені» әзірленген. Облысты дамыту бағдарламасына біріктірілген нысаналы индикаторлар белгіленген. Кәріздік-тазарту құрылғыларының жағдайы да алаңдатарлық. Облыс бойынша барлығы 10 кәріздік-тазарту ғимараты бар, оның 8 коммуналдық меншікте және 2 жекеменшікте. Тазарту құрылғыларын пайдалану мерзімі 40-50 жылға жетеді. Аймақтағы көптеген кәріздік-тазарту құрылғысында жабдықтардың тозуы орта есеппен 60-70% болып отыр. Бүгінгі күні біршама кәсіпорын пайдаланатын тазарту технологиясы техникалық тұрғыда ескірген. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ қазіргі уақытта Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев қалалары енгізілген кәріздік тазарту құрылыстарын салу мен қайта жаңартудың бірыңғай ТЭН әзірлеп жатыр. Бұдан басқа, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Ұлытау кентінде жалпы құны 1,1 млрд теңге тазарту имараттары салынады, Абай қаласы мен Қарабас кентінде жалпы құны 4 млрд теңге кәріздік желілерді, кәріздік тазарту имараттарын қайта жасақтау көзделген. Тазарту құрылғыларын қайта жаңарту мен салу мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде жүргізілмесе, облыстың қаржылық әлеуетіне салмақ болары анық.– Үш жыл болды, республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаражат бөлу мәселесі шешілмей отыр. Алдын ала деректер бойынша 2020 жылдың 1 жарты жылдығында РОП ЖШС есебінен «ЭкоЛюкс компаниясы» ЖШС құрамында бар конденсаторларды ПХД шығару жүзеге асыруы тиіс, – деді Қарағанды облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Расул Төлепбаев.