Адамзаттың Абайы. Осы екі ауыз сөзбен-ақ ұлы ақынның дара тұлғасын тереңнен тануға болады.
«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарын, бітім болмысын Абай арқылы таныту, дәріптеу туралы айтқан болатын. Қазақстаннан сырт елдерде Абайдың 175 жылдығына орай өтетін шаралардың, Қазақстанның елшіліктері жанынан ашылатын «Абай орталықтарының» көздеген мақсаты да осы. Әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту!
Ақын мерейтойына арналған, ұлтымыздың ұлы тұлғасын ұлықтауға, терең тану мен танытуға бағытталған тағылымды шаралардың шет мемлекеттердегі шымылдығы алғашқы болып Чехия елінде түрілді. Прага қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы ашылды.
Орталықтың міндеті – қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу, Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастыру, ақын мұраларын шет елдердегі ғалымдардың зерттелуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына әсер ету. Мұнда кітаптар мен электронды ақпараттық ресурстармен танысуға болады. Ең бастысы орталық ұлы Абайдың даналық дүниетанымын саралау, ақынның жекелеген ғибратты ой түйіндерін, өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық тұжырымдарына түсінік беруді көздейді. Орталық кітапхана оқырмандары, Қазақстан мен Чехияның танымал жазушылары мен ақындарымен кездесетін орынға айналады. Осы мақсатта түрлі мәдени, рухани іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Батыс елдерінің мол рухани қазынасы, мәдени, әдеби өсу жолына тәнті болған Абайдың «Шығысым – батыс, батысым – шығыс боп кетті» деген сөзі баршаңызға белгілі. Кезінде ұлы ойшылды қайран қалдырған Еуропа әдебиеті мен мәдениеті бүгінде Абай әлемі мен мұрасына төрін ұсынып отырғанына Прагада өткен шарада куә болдық. Клементинум атындағы Чехия Ұлттық кітапханасында «Әлем таныған Абай» атты дөңгелек үстел, «Әлем таныған Абай» иллюстративті-кітаптар көрмесі мен «Абай әлемі» атты фотокөрмесі, «Естелік ғасырдан да ұзаққа созылады...» атты көрініс жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ұлы ақынның мерейтой аясында шет елдерде өткізілетін шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Тағы бірнеше мемлекетте ҚР елшіліктері жанынан Абай орталықтары ашылады. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері он шет тіліне аударылады. Бұл ретте аударма ісінің сапалы орындалуына басымдық беріледі. Бұл шаралардың барлығы ақын рухын асқақтатып, есімін кеңге жаюды көздейді.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жырлаған Абай ұлттар арасындағы достықты, рухани үндестікті биік қойған ойшыл. Ол батыс әдебиетімен өзі ғана сусындап қоймай, орыс ақындары Лермонтов, Крылов, Буниннан бастап Гете, Мицкевич, Байрон, Дельвиг сынды батыс қаламгерлерімен рухани сырласты, шығармаларын қазақша сөйлетті. Осылайша өз заманында-ақ қазақты батыс әлемімен жалғаған алтын арнаулы көпір орнатып кетті. Бұл көпір уақыт өткен сайын мығым бола түсуде, елдер арасындағы әлі талай рухани, мәдени игі шараны байланыстыра бермек.
ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майор Абай туралы «Заманалар есімін өшіре алмайтын дана» деген екен. Абай мұрасы, Абай тағылымы мен даналығы замандармен бірге жасай береді.
Ерлан ЖҰРЫНБАЕВМақаладағы фотоларды автор ұсынған