Қызылорда: автожолмен жүру ақылы болады
Қызылорда: автожолмен жүру ақылы болады
134
оқылды
Көп ұзамай «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізімен жүру ақылы болмақ. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінде өткен қоғамдық тыңдауда мәлім болды. Қоғамдық тыңдау «Қызылорда-Шымкент», «Қызылорда-Қарабұтақ» автомобиль жолы учаскесінде қауіпсіз жүйені енгізу туралы болды.  «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі Бауыржан Камаладин  мемлекеттік бағдарламаға  сәйкес 2024 жылдың аяғына қарай елдегі 11 мың шақырым жол, яғни республикалық маңызы бар тас жолдың жартысы ақылы болатынын айтып, оның ішінде «Қарабұтақ-Қызылорда» және «Қызылорда-Шымкент» жол учаскелері бар екенін жеткізді. Бұл жол учаскелерін ақылы жүйеге енгізу биылдың өзінде бастау алмақ.

Ақылы жүйені енгізу жолдарда жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз етуге, жол апатын азайтуға, жол инфрақұрылымының дамуына ықпал ететін болады. Барлық төлем жүйесі енгізілген автожол учаскелерінде міндетті түрде жарықтандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ, түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады. Ал мониторинг жүргізудің заманауи смарт-жүйесі жолдағы көліктердің легі мен жылдамдығын бақылайды.

Сонымен қатар арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Жүргізушілер тәулік бойы 1403 call-орталығына тегін қоңырау шалып, ақылы автожолдарға қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Қоғамдық тыңдауда жеңіл автокөлік үшін ІІ-ІІІ техникалық санаттағы жолдармен жүру тегін, ал І санаттағы автожолдарға іргелес аудандардың тұрғындарына жылдық абонемент бойынша жеңілдікпен жол жүру ұсынылатыны туралы айтылды. Мысалы, автодәліздің Қызылордадан батыс аудандар бағытындағы жол ІІ санатта болғандықтан, онда тек жүк автокөліктері үшін ғана ақылы болмақ. Ал Шымкент бағытында жеңіл автокөліктер үшін де төлем жасалады. Облыс аумағында тір­келген жеңіл автокөліктер үшін 1 мың теңге абонементтік төлем жасап, бір жыл бойы жүре алады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ  келесі өкілі Берік Хасенов жолдарда төлем қабылдаудың «ашық» жүйесі енгізілетінін айтып берді. Бұл ақылы учаскелерде шлагбаумдардың болмауын көздейді. Яғни, көліктердің мемлекеттік нөмірлерін тіркеу, жүріп өткен жол үшін ақы алу бақылау аркаларына бекітілген арнайы камералар және жабдықтардың көмегімен жүзеге асады. Жол ақысын төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөмірі бойынша шотты толтырудың 20-дан астам түрі қарастырылған.

– Ақылы жолдарды пайдалану тәжірибесінің табысты іске асқанына байланысты 2019 жылы инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес 2024 жылдың аяғына қарай елдегі 11 мың шақырым жол, яғни республикалық маңызы бар тас жолдың жартысы ақылы болады, – дейді мамандар.

Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде «Нұр-Сұлтан-Щучинск», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» аралығында барлығы 682 шақырым болатын жол ақылы жүйеде жұмыс істейді. Өткен жылы осы жолдарды пайдалану нәтижесінде 5 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Бұл қаржы жол учаскелерін жөндеуге, оны жақсы жағдайда ұстап тұруға, сервистік қызметтерді жақсартуға, басқа да игіліктерді жасауға жұмсалады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ақылы учаскелерде тәулік бойы патрульдеу жүргізіледі. Жол қызметтері жолдың жай-күйін тексереді, жол жиегін тазалауды жүзеге асырады және төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсетпек. Басқосуға келген қатысушылар өз ұсыныстарын жеткізіп, көкейдегі ой-пікірлерін ортаға салды.   Н.ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы