Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қымбат көлік пен жиһаз сатып алу, түрлі форумдар өткізу шығыстарына ұзақмерзімді мораторий жариялауды ұсынды.
Әкімдердің тізгіндегені – қымбат көлік
Шенділер өздеріне бөлінген қаржыға көлік алып жарысқанды тиімді көре ме? Әлде олардың арасында да бәсекелестік бар ма? Әйтеуір соңғы жылдары қымбат көлік сатып алы, бюджеттің бүйірін шығарып жатқан әкімдіктер жетерлік. Бұдан бір-екі жыл бұрын Үкімет қаулысымен бюджеттік мекемелерге шетелде құрастырылған көлікті сатып алуға тыйым салынған болатын. Бұған дейін қымбат шетелдік көлік алатын әкімдіктер енді тек қана Қазақстанда құрастырылатын автомобильдерді сатып алуға көшті. Дегенмен өзімізде құрастырылғанымен, сол көліктердің құны арзан емес. Айта кетейік, Тойота Лэнд Крузер 200-дің екі данасын Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты «Қазавтожол» сатып алған. Әрбіреуінің бағасы 27 миллион теңгеден жоғары болып тұр. Сонымен қатар 2017 жылы Ақмола облысының әкімдігі Mercedes-Benz E400 көлігін алуға 23,7 миллион теңгені жұмсаған.Облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері 2019 жылдың өзінде көлік сатып алу мен жалға алуға бюджеттен 865 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Қымбат көлік алған аймақтардың көш басында Алматы қаласының әкімдігі тұр. Олар 315 миллион теңгеге 22 көлік сатып алыпты. Ал Алматы облысының әкімдігі бюджеттің 101 миллион 660 мың теңгесіне 10 көлік сатып алған. Олардың бесеуі құны 8,5 миллионнан басталатын Skoda Octavia маркілі көлігі болса, қалған бесеуі – 11 миллион теңгеден асатын Skoda Superb көлігі. Елорда әкімдігі болса, жеңіл көлік сатып алудан бас тартып, оны жалдауға көшкені белгілі. Бас қала әкімдігі осы мақсатта жүргізушісі бар көлікті жалға алуға тендер жариялаған. Тендерді «Астана Авто шаруашылығы» ЖШС жеңіп алған. Сөйтіп, әкімдік жүргізушісімен көліктер ұсынған бұл компанияға 113 миллион 577 мың теңге төлеген. Ақмола облысының әкімдігі жол талғамайтын қымбат Toyota Land Cruiser мен Mercedes-Benz E400 маркілі көліктерін алған. Осы әкімдік 2016-2017 жылдары «Сарыарқа автопром» ЖШС-нан құны 13,9 миллионға және 15,1 миллион теңгеге екі Hyundai Genesis көлігін және 60,2 миллион теңгеге Toyota Land Cruiser-дің үшеуін алып мінген. Astana Motor ЖШС-нан 24,3 миллион теңгеге және 18,7 миллион теңгеге тағы екі Toyota Land Cruiser 200 маркілі автомобилін сатып алған. Атырау облысының әкімдігі болса, 2016-2017 жылдары бюджеттің 132,3 миллион теңгесін көлік алуға жұмсап жіберген. Оның ішінде 26,5 миллион теңгеге судай жаңа Toyota Corolla-ның төртеуін бір-ақ алса, 18,3 миллион теңгеге Toyota Camry-дің екеуін алған.
Жиһаз дауы
2019 жылдың жаз айында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік сатып алулар сайтында 7 миллион теңгеге кеңсе жиһаздарына тапсырыс беріп, арты дауға ұласқан болатын. Бұл сома елдің түсінбеушілігін туғызып, ақыры құзырлы мекеменің баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов оған жауап берген еді. Facebook-тегі парақшасында бірқатар дәлел келтіріп, айғақ суреттерді де жариялады. «Бірқатар БАҚ беттерінде Еңбек министрлігі сатып алған кеңсе жиһазына қатысты мәліметтер жарияланды. Осы мәселенің басын аша кетсем деймін. Біздің министрліктегі жиһаздардың жаңаланбағанына 10 жыл болған. Соңғы рет 2008 жылы сатып алынды ғой деймін. Бүгіндері кеңседегі жиһаздардың 80 пайызы ескіріп, тозығы жеткен» деп ақталды. Мәселе осымен шешілді. Ал Павлодар қаласының әкімдігі мемлекеттік қызметшіге құны шамамен 50 млн теңге болатын коттедж сатып алған еді. Сол үшін шаһар басшысы Әнуар Күмпекеев сөгіс алып, екі қабатты коттедж 7 пәтерге ауыстырылып, жетім балаларға үлестірілді. Ал маусым айында сол қаланың әкімдігі эбен ағашынан жасалған 4 үстел мен сөрені 6 млн теңгеге сатып алды. Бұл жайт та павлодарлықтардың наразылығын тудырды. Осыдан кейін барып сол кездегі облыс әкімі Болат Бақауов қала басшысы Әнуар Күмпекеевті қызметінен босатқаны тағы бар.Бір жылда – 73 форум
Тек бір ғана 2018 жылы халықаралық және республикалық, облыстық, бірнеше аудандық жалпы саны 73 форум өткен екен. Көбіне бұл жиындар кәсіпкерлердің демеуімен өтеді деп айтылады. Бірақ алыс-жақын шетелден келген қонақтарды күту, олардың жүріп-тұруына жағдай жасауға көп қаржы кететіні сөзсіз. Айтар болсақ, сол жылы Астана экономикалық форумына 3 жарым миллиард теңге жұмсалған болатын. Сарапшылар «билік осындай шаралар, әсіресе халықаралық жиындар ұйымдастыру арқылы сыртқы имиджін жақсартуға тырысқанымен, олардың тиімділігі аса сезілмейді» деген сөздер айтып, қаптаған жиынға қарсылығын білдірді. Сонымен бірге бір күнде төрт форум өткен күндер де болды. Қазақстан Бас прокуратурасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» атты форум өткізсе, дәл сол уақытта елордада ашылған Қазақстан-Словакия бизнес форумы, 20 елден келген 300-ге жуық банкирдің қатысуымен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі, Берлинде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жазушылар одағы және Ұлттық кітапхана ұйымдастырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Қазіргі қазақстандық мәдениет пен әдебиет» туралы халықаралық форумы өтті. Иә, енді қымбат көлік пен жиһаз сатып алу, түрлі форумдар өткізу шығыстарына ұзақмерзімді мораторий жарияланады. Олай болса, шенеуніктер өзара көлік алып жарысуды қояды, мақтанышпен жиһаз жаңарта бермей, керексіз жиналыс, форум, конференцияларға да тыйым салады. Осы арқылы миллиардтаған теңге үнемделеді деген сенімдеміз.