Қазақстанда өрт пен жарылыс кесірінен зардап шеккендер саны өткен жылы бірнеше есе артқан. Биыл да қайғылы оқиғалар тіркелді. «Тілсіз жау» Жамбыл облысының Жаңатас қаласында бір отбасының бес баласының өмірін қиды. Араға күн салып, Петропавлда тұрғын үйде газ жарылды. Сарапшылардың байламынша, осының бәрі елімізде азаматтар мен баспананы улы газ бен иістен қорғайтын жүйенің жұмыс істемеуінің салдары.
Кім кінәлі?
Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин бұған дейін хабарлағандай, 2020-2021 жылыту маусымы басталғалы республикада 1 мың 400-дей өрт болған. Министрдің мәліметінше, жыл сайын иіс тиюден 20-дан астам адам көз жұмады. 2018 жылы – 35, 2019 жылы – 28, 2020 жылы – 22. Биыл статистика қайтадан өсуі ықтимал. Сондай-ақ газ баллондарының жарылуынан жыл сайын орта есеппен қырық шақты адам көз жұмады. Мысалы, 2020 жылдың 9 айында елде 18 рет газ жарылған. Жалпы алғанда, жыл сайын елде 15 мыңнан астам әртүрлі өрт оқиғасы тіркеледі. Оның 65-67%-ы жеке тұрғын үй секторының еншісіне түсті. «2020 жылғы қыркүйектен бері тұрғын үй секторында 1 369 өрт болды, бұл алдыңғы жылғыдан 5,5% төмен. Дегенмен өрт саны Шымкентте 8 есеге, Алматыда – 60%-ға, ал Ақмола, Жамбыл, СҚО, Қостанай облыстарында 20-40%-ға өсіп отыр. Өңірлерде көз жұмғандар саны да артуда: Жамбыл облысында мерт болғандар саны алдыңғы жылға қарағанда 4 адамға, Алматыда – 3, Павлодар облысында екіге көбейді. Қостанай облысында жарақат алғандар саны 6 есеге, Нұр-Сұлтанда – 4,5 есеге, Қарағанды облысында 2,2 есеге өсті», – деді министр. Азаматтардың топ болып жантәсілім ету жағдайы көбейген. Жамбыл облысында былтыр тұрғын үйдегі өртте екі бала, биыл 5 бала, Солтүстік Қазақстанда өрттен 4 адам тірідей жанып кеткен. Юрий Ильин өрт санының артуына азаматтардың өзін кінәлады: бұған өрт қауіпсіздігін бұзу, тұрмыстық техниканы қосулы күйде қалдыру, дұрыс дұрыс істемейтін пешті пайдалану, сонымен қатар балалардың отпен ойнауы себепкер болатын көрінеді. «Бүгінде статистика көрсеткендей, көп жағдайда өрттің 80%-ы тұрғындардың абайсыздығынан тұтанады. Өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтамау, басталған өртті сөндіру тәсілдерін білмеу, өртке қарсы қызметті уақытылы шақырмау және адамдардың әбігерленуі ақыр соңында өрттің кең таралуына алып келеді және келтірілген залалды арттырады», – дейді Төтенше жағдайлар министрлігі. Ведомство өңірлердегі өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамын, жергілікті әкімдік пен полиция қызметкерлерін және еріктілерді жұмылдыра отырып, ұдайы жылыту маусымы басталар алдында елді мекендерді аралайтынын, «Әрбір үйге өрт қауіпсіздігі» акциясын өткізетінін алға тартты. Акция аясында ауыл-кенттегі үйлерде жылыту пештері тексеріліп, түтін құбырларын күйеден тазалау және жарықтарды сылау жұмыстары бақыланады. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі тақырыптарында жадынамалар мен ұсыныс парақтары таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Өрттің пайда болуының және тұрғын үй секторында адамның қаза болуының негізгі себептері мыналар: пешті қатты және сұйық отынмен жағу кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу; тұрмыста газ аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу; электрмен жылыту аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу. Өрт шыққан жағдайда шұғыл «101» нөмірі бойынша өртке қарсы қызметке қоңырау шалыңыз!», – дейді ТЖМ. Әйткенмен, шағымданған ауылдықтар үй-үйді аралап жүрген топтарды байқамағандарын айтады. Соған қарағанда, мұндай акциялар барлық елді мекенді бірдей қамти бермейтінге ұқсайды.Датчиктен пайда бар ма?
Жергілікті әкімдіктер мен өртпен күресушілер әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйлеріне бір жыл ішінде 24 мыңнан астам улы газ (угарный газ) датчиктерін орнатып шықты. Мұндай аспаптарға тіпті «жаңа қала» саналатын елорда да зәру екен. Нұрсұлтандық ТЖД мамандары жергілікті әкімдікпен бірлесіп, бас қаладағы әлеуметтік осал отбасылардың үйлерінде ағымдағы жылыту маусымында 200-ге жуық, ал 2019 жылдан бері 2 мыңнан астам датчик орнатқанын жеткізді. «Улану қаупін болдырмау үшін ауада СО-ның артқанын әшкерелеп, сигнал беретін арнайы детекторлар – датчиктер қолданылады. СО (угарный газ, көміртек моноксиді) – түсі де, иісі де жоқ газ. Сондықтан мұндай газ ауада аз мөлшерде, небәрі 0,8–1,2% болса да, адамның лезде ұйқысы келіп, басы ауырады, есін жоғалтады. Ақыры гипоксиядан өлімге дейін жеткізуі мүмкін. Датчик улы газ көзінен 1-ден 4 метрге дейінгі қашықтықта орналастырылады. Бірақ, әсіресе пешке бір метрден жақын орнатылмауы керек», – деп түсіндірді ТЖД мамандары. Олар тұрғындарға датчиктің тазалығын тексеріп тұруға кеңес берді: оның жоғары температура сенсорының ластануына, май, күйе басуына жол бермеу керек. Сондай-ақ оны жел үрлейтін терезенің жанына, мұржа жолына, желдету көздеріне орналастыруға болмайды. «Бұл құрылғы қауіпті газ шоғырлана бастағаннан 3 минут ішінде іске қосылады да, улы газ мөлшері нормасынан асып кеткенін дыбыстық сигналмен хабардар етеді. Сенсордың жұмысқа жарамдылық мерзімі 3-5 жыл ғана. Бұл сымсыз құрылғы және ол электр қуатымен жұмыс істемейді», – дейді ТЖД қызметкерлері. Сала маманы, құрылысшы-инженер Евгения Кравченко да дәл осы мәселеге екпін түсірді: датчик батареямен жұмыс істейді, ал адамдар оны жаңартып отыруды ұмытып кетуі не оған мән бермеуі ықтимал. «Қабырғаға, төбеге немесе кез келген түзу жерге орнатылатын, сондай-ақ қозғалмалы портативті датчиктер – көптеген мемлекетте иіс тиіп уланудан қорғанудың маңызды атрибутына айналды. Тым арзанқолы болмаса, бұл құрылғылардың бәрі дерлік ақау туралы хабардар ету функциясымен жабдықталған. Ондай жағдайда детектор минутына 1 рет, үзік-үзік дыбыспен белгі береді. Мұның мәнісін білмесе, кейбір адам оны улы газ дабылымен шатастырып алуы ғажап емес. Содан үй ішін желдетіп, пешті қараумен шектелуі, ал батареясын ауыстырмауы мүмкін. Аспаптың батареясын уақытылы жаңартып отыру маңызды, өйткені отбасы мүшелерінің денсаулығы мен өмірі соған байланысты. Көптеген құрылғыда батареяны жылына екі рет ауыстырса жетіп жатыр. Отбасы мүшелерінің улануы нышандары пайда болса, есік-терезені айқара ашып, сыртқа шығу керек. Апаттық қызметті далада не өзге баспанада күткен жөн. Мамандар ауадағы оттегі мөлшерін тексереді, газдың шығу көзін анықтайды. Егер датчиктің дабылы жалған екені анықталса, оны жаңасына ауыстыруға тура келеді», – дейді Е.Кравченко. Жалпы, ТЖМ өкілдері ақпарат құралдарына көз қылып, датчик орнатып жатқандарын паш еткенімен, кейін ол құрылғылардың қаншасы істен шыққаны туралы статистика жүргізбейді екен. Сонымен бірге кезінде төтенше жағдайлардың және өрттің алдын алсын деп, ел басшылығы ІІМ құрамындағы шағын комитеттен тұтас Төтенше жағдайлар министрлігін құрды. Бірақ осы меморган қайта отау тіккелі төтенше жағдайлар көбеймесе, азаймағаны назар аудартады.Салғырттық түбі жақсылыққа апармайды
Қорыта айтқанда, датчик орнатылғанымен, оған салғырт қараса, ол отбасын иіс тиюден қорғай алмауы мүмкін. Өйткені толыққанды қорған болуы үшін детектор ақаулы болмауы, оны шаң мен күйе баспауы, батареясы уақытылы ауыстырылып отыруы қажет. 3 жылдан кейін датчиктің жаңасын орнату керек. Осы шарттың бәрін сақтайтын елдерде бұл аспап адам өмірін сақтауға лайықты үлес қосуда. Қазақстанда отбасылар әкімдік тегін таратпаса, өз бетінше датчикті ала бермейді. Иісті хабарлағыш орташа есеппен 2 500-5 000 теңге тұрады, бұл өрттен келетін шығынмен салыстырғанда едәуір аз. Сарапшылар өрт санының өсуіне басқа да факторлар ықпал еткенін айтады. Мысалы, мектептерде қазір «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері» (ОБЖ) пәні толыққанды оқытылмайды. Сонымен қатар елде ескі үйлер үлесі ұлғайып барады. Оның үстіне, ауыл-аймақ түгіл, қалалардың маңында саманнан, ескі материалдардан тұрғызылған тұрғын үй көп. Олардың иелері электр сымы желісін өз бетінше тартады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, Қазақстандағы көппәтерлі үйлердің төрттен бірі 1970 жылға дейін салынған, яғни 50 және одан көп жыл бойы қолданылуда. Тағы 65%-ы 25 жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған. Яғни, әлден көнере бастады. Өңірлерде «апаттық жағдайдағы және қалпына келтіруге жатпайды» деп 1 308 үй ресми тіркелген. Алайда тағы 18,1 мың көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуді талап етеді. Еуропалық елдердің көбі өрт қауіпсіздігі жүйесінің аясында улы газ датчигін орнатуды заң жүзінде бекітті. Бізге жақын елдер ішінде, мысалы Эстонияда 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әр үйге осындай құрылғының орнатылуы – міндетті. Бұл елдің құтқарушылар департаменті осындай заңнамалық түзетуге қол жеткізді. Демек, дамыған елдердің бұл тәжірибесін Қазақстан Парламенті де зерттеп көрсе, артық болмас еді.Елдос СЕНБАЙ