Өрт пен өлім азайсын десек...

Өрт пен өлім азайсын десек...

Қазақстанда өрт пен жарылыс кесірінен зардап шеккендер саны өткен жылы бірнеше есе артқан. Биыл да қайғылы оқиғалар тіркелді. «Тілсіз жау» Жамбыл облысының Жаңатас қаласында бір отбасының бес баласының өмірін қиды. Араға күн салып, Петропавлда тұрғын үйде газ жа­рыл­ды. Са­рапшылардың байламынша, осының бәрі елімізде азаматтар мен баспананы улы газ бен иістен қорғайтын жүйенің жұмыс істемеуінің салдары.

Кім кінәлі?

Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин бұған дейін хабар­­­лағандай, 2020-2021 жылыту маусымы басталғалы республи­­­­­када 1 мың 400-дей өрт болған. Министрдің мәліметінше, жыл сайын иіс тиюден 20-дан астам адам көз жұмады. 2018 жылы – 35, 2019 жылы – 28, 2020 жылы – 22. Биыл статистика қайтадан өсуі ықтимал. Сондай-ақ газ баллон­­­­­да­рының жарылуынан жыл сайын орта есеппен қырық шақты адам көз жұмады. Мысалы, 2020 жыл­дың 9 айында елде 18 рет газ жа­рылған. Жалпы алғанда, жыл сайын елде 15 мыңнан астам әртүрлі өрт оқиғасы тіркеледі. Оның 65-67%-ы жеке тұрғын үй секто­­­­ры­ның ен­шісіне түсті. «2020 жылғы қыркүйектен бері тұрғын үй секторында 1 369 өрт болды, бұл алдыңғы жылғыдан 5,5% төмен. Дегенмен өрт саны Шымкентте 8 есеге, Алматыда – 60%-ға, ал Ақмола, Жамбыл, СҚО, Қостанай облыстарында 20-40%-ға өсіп отыр. Өңірлерде көз жұмғандар саны да артуда: Жамбыл облысында мерт бол­­­­ғандар саны алдыңғы жылға қа­рағанда 4 адамға, Алматыда – 3, Павлодар облысында екіге кө­бейді. Қостанай облысында жара­қат алғандар саны 6 есеге, Нұр-Сұлтанда – 4,5 есеге, Қарағанды облысында 2,2 есеге өсті», – деді министр. Азаматтардың топ болып жан­­­тәсілім ету жағдайы көбейген. Жамбыл облысында былтыр тұр­ғын үйдегі өртте екі бала, биыл 5 бала, Солтүстік Қазақстанда өрт­­тен 4 адам тірідей жа­нып кеткен. Юрий Ильин өрт санының артуына азаматтардың өзін кінә­­лады: бұған өрт қауіпсіздігін бұзу, тұрмыстық техниканы қосулы күйде қалдыру, дұрыс дұрыс істемейтін пешті пайдалану, со­­­­ны­­­мен қатар балалардың отпен ойнауы себепкер болатын кө­рінеді. «Бүгінде статистика көр­­­сет­­­­кендей, көп жағдайда өрттің 80%-ы тұрғындардың абай­­­сыздығынан тұтанады. Өрт қауіп­­сіздігінің қарапайым ережелерін сақтамау, басталған өртті сөндіру тәсілдерін білмеу, өртке қарсы қызметті уақытылы шақырмау және адам­­­­дардың әбігерленуі ақыр соңында өрттің кең таралуына алып келеді және келтірілген залалды арт­­тырады», – дейді Төтенше жағ­дайлар министрлігі. Ведомство өңірлердегі өрт сөн­діру бөлімінің жеке құрамын, жергілікті әкімдік пен полиция қызметкерлерін және еріктілерді жұмылдыра отырып, ұдайы жы­­лыту маусымы басталар алдында елді мекендерді аралайтынын, «Әрбір үйге өрт қауіпсіздігі» ак­циясын өткізетінін алға тартты. Акция аясында ауыл-кенттегі үйлерде жылыту пештері тек­­серіліп, түтін құбырларын күйеден тазалау және жарықтарды сылау жұ­­­мыстары бақыланады. Тұр­­ғындарға өрт қауіпсіздігі тақы­­­рыптарында жадынамалар мен ұсыныс парақтары таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Өрттің пайда болуының және тұрғын үй секторында адамның қаза болуының негізгі себептері мыналар: пешті қатты және сұйық отынмен жағу кезінде өрт қауіп­сіздігі қағидаларын бұзу; тұрмыс­­­­­та газ аспаптарын пайдалану ке­­зін­де өрт қауіпсіздігі қағидала­­­­рын бұзу; электрмен жылыту ас­­­­­­паптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу. Өрт шыққан жағдайда шұғыл «101» нөмірі бойынша өртке қар­­сы қыз­метке қоңырау шалыңыз!», –   дейді ТЖМ. Әйткенмен, шағымданған ауылдықтар үй-үйді аралап жүрген топтарды байқамағандарын айтады. Соған қарағанда, мұндай акциялар барлық елді мекенді бірдей қамти бермейтінге ұқ­сайды.

Датчиктен пайда бар ма?

Жергілікті әкімдіктер мен өртпен күресушілер әлеуметтік аз қам­­­­тылған отбасылардың үй­­леріне бір жыл ішінде 24 мыңнан астам улы газ (угарный газ) дат­чиктерін орнатып шықты. Мұндай аспаптарға тіпті «жаңа қала» саналатын елорда да зәру екен. Нұрсұлтандық ТЖД маман­­дары жергілікті әкімдікпен бір­­лесіп, бас қаладағы әлеуметтік осал отбасылардың үйлерінде ағымдағы жылыту маусымында 200-ге жуық, ал 2019 жылдан бері 2 мыңнан астам датчик орнат­қанын жеткізді. «Улану қаупін болдырмау үшін ауада СО-ның артқанын әш­керелеп, сигнал беретін арнайы детекторлар – датчиктер қолда­­­нылады. СО (угарный газ, көмір­тек моноксиді) – түсі де, иісі де жоқ газ. Сондықтан мұндай газ ауада аз мөлшерде, небәрі 0,8–1,2% болса да, адамның лезде ұйқысы келіп, басы ауырады, есін жоғалтады. Ақыры гипоксиядан өлімге дейін жеткізуі мүмкін. Датчик улы газ көзінен 1-ден 4 метрге дейінгі қашықтықта ор­наластырылады. Бірақ, әсіресе пешке бір метрден жақын орна­­­­тылмауы керек», – деп түсіндірді ТЖД мамандары. Олар тұрғындарға датчиктің тазалығын тексеріп тұруға кеңес берді: оның жоғары температура сенсорының ластануына, май, күйе басуына жол бермеу керек. Сондай-ақ оны жел үрлейтін тере­­зенің жанына, мұржа жолына, желдету көздеріне орналастыруға болмайды. «Бұл құрылғы қауіпті газ шо­­­ғырлана бастағаннан 3 минут ішінде іске қосылады да, улы газ мөлшері нормасынан асып кет­­кенін дыбыстық сиг­­налмен ха­­­­бардар етеді. Сенсордың жұмыс­қа жарамдылық мерзімі 3-5 жыл ғана. Бұл сымсыз құрылғы және ол электр қуатымен жұмыс істемей­ді», – дейді ТЖД қыз­меткерлері. Сала маманы, құрылысшы-инженер Евгения Кравченко да дәл осы мәселеге екпін түсірді: датчик батареямен жұмыс істейді, ал адамдар оны жаңартып оты­­­руды ұмытып кетуі не оған мән бермеуі ықтимал. «Қабырғаға, төбеге немесе кез келген түзу жерге орнатылатын, сондай-ақ қозғалмалы портативті датчиктер – көптеген мемлекетте иіс тиіп уланудан қорғанудың маңызды атрибутына айналды. Тым арзанқолы болмаса, бұл құ­­рылғылардың бәрі дерлік ақау туралы хабардар ету функция­­­сымен жабдықталған. Ондай жағ­­­дайда детектор минутына 1 рет, үзік-үзік дыбыспен белгі береді. Мұның мәнісін білмесе, кейбір адам оны улы газ дабы­­лымен шатастырып алуы ғажап емес. Содан үй ішін желдетіп, пешті қараумен шектелуі, ал батареясын ауыстырмауы мүмкін. Аспаптың батареясын уақытылы жаңартып отыру маңызды, өйт­­кені отбасы мүшелерінің денсаулығы мен өмірі соған байланысты. Көптеген құрылғыда батареяны жылына екі рет ауыстырса жетіп жатыр. От­басы мүшелерінің улануы ны­­шандары пайда болса, есік-те­­резені айқара ашып, сыртқа шығу керек. Апаттық қызметті далада не өзге баспанада күткен жөн. Мамандар ауадағы оттегі мөл­­шерін тексереді, газдың шығу көзін анықтайды. Егер датчиктің дабылы жалған екені анықталса, оны жаңасына ауыстыруға тура келеді», – дейді Е.Кравченко. Жалпы, ТЖМ өкілдері ақпарат құралдарына көз қылып, датчик орнатып жатқандарын паш ет­кенімен, кейін ол құры­­лғылардың қаншасы істен шық­қаны туралы статистика жүргізбейді екен. Сонымен бірге кезінде төтен­ше жағдайлардың және өрттің алдын алсын деп, ел басшылығы ІІМ құрамындағы шағын ко­­­митеттен тұтас Төтенше жағ­­­­­дай­лар министрлігін құрды. Бірақ осы меморган қайта отау тіккелі төтенше жағдайлар көбеймесе, азаймағаны назар аудартады.

Салғырттық түбі жақсылыққа апармайды

Қорыта айтқанда, датчик ор­­­­натылғанымен, оған салғырт қараса, ол отбасын иіс тиюден қорғай алмауы мүмкін. Өйткені толыққанды қорған болуы үшін детектор ақаулы болмауы, оны шаң мен күйе баспауы, батареясы уақытылы ауыстырылып отыруы қажет. 3 жылдан кейін датчиктің жаңасын орнату керек. Осы шарт­тың бәрін сақтайтын елдерде бұл аспап адам өмірін сақтауға лайық­­ты үлес қосуда. Қазақстанда отбасылар әкім­­дік тегін таратпаса, өз бетінше датчикті ала бермейді. Иісті ха­­­бар­лағыш орташа есеппен 2 500-5 000 теңге тұрады, бұл өрттен ке­летін шығынмен салыстырғанда едәуір аз. Сарапшылар өрт санының өсуі­не басқа да факторлар ықпал еткенін айтады. Мысалы, мектеп­терде қазір «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері» (ОБЖ) пәні толық­қанды оқытылмайды. Сонымен қатар елде ескі үйлер үлесі ұлғайып барады. Оның үстіне, ауыл-аймақ түгіл, қала­лар­дың маңында саманнан, ескі ма­териалдардан тұрғызылған тұрғын үй көп. Олардың иелері электр сымы желісін өз бетінше тартады. Индустрия және инфра­құ­­рылымдық даму министрлігінің дерегінше, Қазақстандағы көп­пәтерлі үйлердің төрттен бірі 1970 жылға дейін салынған, яғни 50 және одан көп жыл бойы қол­данылуда. Тағы 65%-ы 25 жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған. Яғни, әлден көнере бастады. Өңірлерде «апаттық жағдайдағы және қал­­пына келтіруге жатпайды» деп 1 308 үй ресми тіркелген. Алайда тағы 18,1 мың көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуді талап етеді. Еуропалық елдердің көбі өрт қауіп­сіздігі жүйесінің аясында улы газ датчигін орнатуды заң жүзінде бекітті. Бізге жақын елдер ішінде, мысалы Эстонияда 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әр үйге осындай құрылғының орнаты­­луы – мін­­­детті. Бұл елдің құт­­­қару­шылар де­­­партаменті осындай заңнамалық тү­­зетуге қол жеткізді. Демек, да­­­мы­ған елдердің бұл тәжірибесін Қа­­зақстан Парла­­менті де зерттеп көр­­­се, артық болмас еді.

Елдос СЕНБАЙ