Жоғары жалақы – таптырмас мотивация
Жоғары жалақы – таптырмас мотивация
288
оқылды

2020 жылғы дерек бойынша ауылда 5 338, қалада 2 055 мек­теп бар. Онда 500 мыңға жуық мұғалім қызмет етеді. Пе­да­гогтің мәртебесін көтеру үшін бірқатар шара қолға алын­ғаны бар. Соның ішінде жалақы мәселесі бірінші орында тұр. Өткен жылы жалақыны 25%-ға өсірді әрі төрт жыл ішінде екі есе арттыру бекітілді.

Мұғалімді қуантар қосымша ақы

Статистика бойынша, осындан 10 жыл бұрын педагог жалақысы 49 216 теңге болған. Қазір бұл көрсет­­кіш 154,6 мың теңгеге жеткен. Назар салсаңыз, жыл сайын жалақы көлемі артып келеді. Оған педагогикалық шеберлігі үшін арнайы лауазымдық ақыны қосыңыз. Есептей келе мұға­лімдердің жұмыс істеуге құлшынысы артып, түлектердің педагог маман­дығын таңдауға аңсары ауатынын білдік. Жалпы, қосымша ақының төңі­ре­гінде сауал көп. Соған рет-ретімен жауап берейік. Қанша ақша төле­нетінін есептеу үшін әр бекітілген коэффициентті базалық лауазымдық ақыға (БЛА – 17 697 теңге ) көбейту керек. Мәселен, тәлімерлік үшін 1 БЛА көлемінде қосымша ақы тө­лейді. Яғни, еңбекақыға 17 697 теңге қосылады. Педагогикалық ше­берлік үшін лауазымдық жалақыға 30 бен 50% аралығында ақы белгі­ленеді. Магистр дәрежесі бар ұстаз­дардың айлығына қосымша 10 АЕК мөлшері қосылатыны белгілі бол­ды. Ал 2021 жылғы 1 АЕК – 2917 тең­ге екенін ес­керсек, бұл жүйе бо­йын­ша мұғалім жалақысына 29 170 теңге қосылады. Ұстаздардың дені қосымша ақы ынтаны арттыратынын, жас мұғалімдерге үлкен көмек бо­ларын айтады. Қосымша ақы­ның бастауыш сынып, жоғары сынып деп бөлісіне қарай жіктелетіні бар. Мәселен, 1-4 сыныптарға жетекшілік еткені үшін БЛА-ның 50%-ы, шамамен 9 мың теңге береді. 5-11(12) сыныпқа жетекшілік етсеңіз, БЛА-ның 60%-ы, жа­лақыға қосымша 10 мың теңге аласыз. Техникалық және кә­­­сіптік, орта білімнен кейінгі бі­лім беру ұйымдарында топқа жетекшілік еткені үшін де ша­мамен 9 мың теңге төленеді. Мұғалім үшін дәптер тек­се­рудің өзі жауапты жұмыс екенін білеміз. Бұрын мұндай қызмет үшін қосымша ақы қа­рас­ты­рылмайтын. Өткен жылдан бас­тап мұғалім дәптер тексергені үшін «марапатталады». Яғни, бастауыш сынып дәптерін тек­сергеніңіз үшін жалақыға 7 мың теңге қосылады. 5-11-сыныптың жазба жұмыстарын тексерсеңіз, 9 мың теңгеге жуық қосымша ақы күтіп тұр. Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілін, оқу ұлттық тілде жүретін сы­ныптарда орыс тілін оқытатын 1-4-сынып мұғалімдері дәптер тексергеніне 9 мың теңге алады. Бір қызығы, жазба жұмысын тексергені үшін қосымша ақы үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес төленеді. Мысалы, тарих пәнінің мұғалімдері дәптер тексергені үшін ақы алмайды. Заман ағымына сай білім беру – басты талап. Сол үшін ағыл­шын тілін меңгерген жөн. Мектепте ұзақ жылдар бойы сабақ берген тәжірибелі ұстаздар жас мамандарға тіл білгеннің артығы жоғын ескертеді. Өйткені қазір ағылшын тілін еркін мең­герген кей жас маман еңбек өтілі көп мұғалімнен жоғары жалақы алады. Мысалы, жаңартылған білім беру мазмұнына сай білім берсеңіз, БЛА-ның 30% мөл­­шерлемесі төленеді. Физика, химия, биология, информатика пәндерін негізгі және жалпы орта білім беретін оқу бағ­дар­ламаларын, техникалық жә­не кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдар­­ламасын ағылшын тілінде оқы­татын ұстаздарға БЛА-ның 200% мөлшерлемесі төленеді. Әрине, мұндай қосымша ақыны оқу­шыларға толық ағылшын тілінде білім берсеңіз, аласыз. Ал атал­ған пәндерді оқу бағ­дарла­масында 30-40% ағылшынша оқытсаңыз, БЛА-ның 100% мөлшерлемесіне ие боласыз. Осы орайда, ағылшын тілін білу деңгейіңізді арнайы құжатпен растау керек. Мысалы, елордада арнайы лицей, гимназияда сабақ беретін ұстаздар 2-3 жылда бір рет ағылшын тілін қаншалықты меңгергені туралы тест тап­сырып, басшылыққа есеп бе­ретінін айтты. Одан кейінгі тоқтала кететін жайт – ауыл мен қала мұғалімінің жалақы мөлшері. Иә, сіз де қала мұғалімі көбірек жалақы алады деп ойларсыз. Қателесесіз, ауыл мұғалімі қала педагогіне қа­рағанда 25%-ға көбірек жалақы алады. Мұны ұстаздар да растап отыр. Мәселен, атыраулық ұстаз Айгүл Төрешқызы ауыл мұ­ға­ліміне көбірек жалақы төле­не­тінін айтады. Бұл бір жағынан ынталандыру болса, екінші жа­ғынан PISA рейтингіндегі ауыл мен қала алшақтығын жоюға арналған қадам.

Қалың қалай, жас маман?

Білікті ұстаз Сұлтан Сүлеев – педагог-зерттеуші. Ол биыл жа­лақысына 25%, яғни 40 мың теңгеден көбірек ақша қосыл­­ғанын айтады. Бастысы, бұл жас мамандарға үлкен қолдау екенін атап өтті. «Жалақыны көбейту мұғалімдікке деген бәсекені арт­тырады. Қазір педагогиканы таң­даушылар саны артып келеді. Болашақта педагогикаға тек таңдаулылар барады деп ой­лаймын. Күшті мотивацияның көзі – жоғары жалақы»,– дейді ол. Иә, мұндай жаңалық жас ма­манға майдай жақты, білеміз. Өйткені мектепте жаңадан жұ­мысқа тұрған мұғалім үшін жа­лақының жақсы болғаны керек. Осы тұрғыда ауылдағы жалақы мәселесіне қайта ораламыз. Себебі 1-2 жыл еңбек өтілі бар, жоғары білімді жас маманның жалақысы қалада – 78 560 – 95 819 мың теңге, ал ауылда – 95 166 – 116 740 теңге. Яғни, ауылдағы баланың бойындағы білім шырағын маздату үшін жас маманға осынша ақы төленеді. Бұл бір жағынан «Дипломмен – ауылға!» баратын жастар үшін – мотивация. Болашақта аталған жалақының жыл сайын 25% көтерілетінін ескерсеңіз, тезірек қамданғаныңыз жөн. Мәселен, ауылда ағылшын тілінен сабақ беретін Перизат Біләлқызы алатын жалақысына дән риза. Оның айтуынша, ең­бекақысы білімін жетілдіруге, күнделікті шығынды өтеуге, ел ішінде саяхаттауға жетеді. Әри­не, мұның бәріне бірден емес, айлықты жинау арқылы қол жеткізетіні бар. Ол қа­шықтан оқу кезінде мүмкіндіктің кеңейгенін, сол үшін түрлі курстарға қатысып жүргенін айтады. Әрі магистратураға оқуға түсіп, педагогикалық ше­берлігін жетілдіруді мақсат етеді. Неліктен жас маманның жағ­дайын қозғап отырмыз? Өйткені жоғарыда педагогтер айтқандай, биыл педагогикаға тапсыратын түлектердің саны артады. Бі­ріншіден, педаго­гикада сти­­пендияны көбірек төлейді. Яғни, мұғалімдік мамандықты мең­гергендер 42 мың теңге сти­пендия алады. Әрине, бұған екінің бірінің қолы жетпейді. Осыдан 2-3 жыл бұрын төмен балл жинағандар мүғалімдікке тапсыратын. Қазір ҰБТ нәти­жесінде 70 баллдан асқандар ғана педагогикада оқиды. Демек, биыл шекті балды былай қой­­ғанда, мамандық турасында «майдан» болғалы тұр. Себебі мұғалімдер де педагогика сала­сын таңдап жатқан түлек­тердің көп екенін атап өтті. Бірақ сти­пендияның көптігіне алданып, «қақпанға» түсіп қалмаңыз. Өйт­кені педагогикада оқитын тү­лектер үшін жыл сайын талап жоғарылай бермек. Білім бағ­дарламасынан бастап тәжіри­беден өту кезінде де тосын­сыйлар күтіп тұрады. Қызығы сол, 4 жылдан кейін диплом алу-алмауыңыз тапсыратын тест нәтижесіне тәуелді болуы мүмкін. Мұның бәрі мектепке мұғалім болып баратын жас маманның сапалы білім беруіне кепілдік болмақ. Демек, жыл санап педагогикаға қазанында тек таңдаулылар қайнайды деген сөз.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ