Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік – Қазақстан өміріндегі бетбұрыс болды, ол халқымыздың рухани баюына кең мүмкіндік жасап, экономиканың алға басып, әр азаматтың әл-ауқатының өсуіне жол ашты» деген еді. Тәубе дейміз, тыныштық бесігінде тербеліп, биыл азаттықтың отызыншы жылына қадам басып келеміз.
Кезінде Елбасы халқымыздың кем дегенде 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуды стратегиялық жоспарға енгізді. Бұл мақсат өз үдесінен шықты. Бұл бағытта, яғни Қазақстан халқының салауатты өмір салтын ұстануы, бұқаралық спорттың дамуы бағытында ұлттық спорттың да өз орны бар деп сенімді түрде айта аламын. Себебі 2013 жылдан осы ұлттық спорттың екі тізгін, бір шылбыры менің қолыма сеніп тапсырылды. Сол тұста маған сенім артқан Қайрат Сатыбалдыұлы еді. Бұл азамат күні бүгінге дейін Ұлттық спорт қауымдастығының Құрметті президенті ретінде осы саланың дамуына үлес қосумен келеді.Ұлттық спортты дамыту қажет пе еді?
Әрине, қажет. Себебі әр ұлттың өз ұлттық ерекшелігін айқындайтын дүниелер бар. Тілі, ділі, діні, дәстүрі мен мәдениетінің қатарында халықтың сипатын айқындап, болмысын танытатын тағы бір құндылығы ол – ұлттық спорты. Қала берді, ұлттық кодты оятудың бір жолы – ұлттың спортын тану және оны дамыту. Қолдан келсе тұтыну, оған жанкүйерлік ету. Өз ұлтының спортын, ойынын біліп өскен ұрпақ оның болмысын таниды, сол ұлтына деген құрметі оянады. Керек сәтте намысын жыртады. Сондай-ақ ұлттық спортты дамыту – жас буынның тарихи санасын жаңғыртудың бір жолы. Баршаға белгілі, тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпайды. Ал тарихи сананың тұғыры қашанда ұлттық болмыстан. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отыра ілесу қажет деп түсіндік. Осындай игі бастамаға атсалысу – әрқайсымызға қастерлі міндет деп санадық. Расын айту керек, бұрын жұртшылықтың ұлттық спорт туралы түсінігі мереке, тойларда жылына бір-екі рет қана өтетін қыз қуу, бәйге, тақым тартыс сияқты қысқа көрсетілімдер төңірегінде ғана еді ғой. Себебі кеңес тұсында қазақтың керемет ұлттық ойындары қасақана елеусіз қалдырылды, елдің жадынан әдейі ұмыттырылды, үлкен спорт түрлерінің тасасында қалдырылды. Әйтпесе, біз осы күні олимпиадалық спорт түрі деп дабырайта атап жүрген спорт ойындарының барлығы да бір кезде белгілі бір ұлттың, мемлекеттің өздеріне ғана тән ұлттық ойындары еді ғой. Уақыттың ыңғайымен кезінде жақсы дамыта білді, насихаттай білді. Соның арқасында ондай ойын түрлері аз уақытта әлемге әйгілі болып шыға келді. .Бағытымыз нақты, мақсатымыз айқын болды
Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап жекелеген ұлтжанды азаматтардың белсене кірісуімен елімізде ат спорты түрлерін дамыту қолға алынды. 1998 жылы республикалық Ат спорты федерациясы құрылды. Бұл федерацияны қазір қауымдастықтың Құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы басқарды. Ал 2004 жылы Ат спорты федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығы болып қайта құрылды. Қауымдастық құрылғаннан кейін ұлттық спорт түрлері, тіпті қарқынды түрде дами түсті. Алғашқы кезеңдерде облыстарда көкпар, аударыспақ командалары құрылды. Кейіннен өңір-өңірде құсбегілік, теңге ілу, жамбы ату спортының шеберлері көбейді. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату ойындарының өрісі кеңейді. Ұлттық спортты дамыту шаруасы біздің қолға сеніп тапсырылған 2013 жылдан бастап біз алдымызға екі үлкен мақсатты айқындап қойдық. Біріншіден, ұлттық спорт түрлерін танымал ету, яғни бұқаралық сипат беру, жаппай қызығушылықты ояту, таныту. Ол үшін тіпті, шоу-ойындарды ұйымдастыруды да қосу қажет деп таптық. Екіншісі, ұлттық ойындарымызды спорттандыру. Яғни, кәсіби спорт ретінде дамыту. Оған халықаралық чемпионаттар ұйымдастыру, спортшыларымызды елдегі және шетелдегі жарыстарға қатыстыру, олардың кәсіби біліктілігін арттыру, оларды баптау әдістерін ғылымиландыру секілді жұмыстар кірді. Міне, біз күні бүгінге дейін дәл осы екі бағыт бойынша жұмыс істеп келе жатырмыз. 2014 жылы тұңғыш рет Қазақстанның «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңына ұлттық спорт туралы баптар кіргізілді. Сондай-ақ 2020 жылғы желтоқсанда Қазақстан Парламент Сенатының отырысында «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Бұл заң жобасында білім берудің барлық деңгейінде жүргізілетін дене шынықтыру сабағында ұлттық спорт түрлері міндетті компонент ретінде енгізілді. Қауымдастықтың ұйытқы болуымен ұлттық спорт түрлері жарыстары Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Бірыңғай спорттық-бұқаралық күнтізбелік жоспарына енгізілді. Қазір Қазақстанда ұлттық спорт түрлері бойынша 8 мамандандырылған клуб және 13 мамандандырылған спорт мекетебі жұмыс істейді. Құсбегілік, бәйге түрлері, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, көкпар спорты түрлерінен Қазақстан чемпионаттарын тұрақты өткізу жолға қойылды. Нақтырақ айтсақ, қазіргі кезге дейін көкпар мен аударыспақтан ересектер арасындағы республикалық чемпионат XIX рет жалауын көтерсе, құсбегілер мен теңге ілуден Қазақстан чемпионаты ХІІІ рет, жамбы атудан ел чемпионаты V рет ұйымдастырылды. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты көкпар, аударыспақ және теңге ілуден IX рет, жамбы атудан V рет, ал жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты көкпар мен аударыспақтан ХVІ, теңге ілуден ХІV, жамбы атудан VІ мәрте ұйымдастырылды. Ұлтымыздың баға жетпес қазынасын дамытуға сүбелі үлес қосқан ақтаңгер азаматтардың мерейін көтеріп, есімдерін халыққа кеңінен таныстыруды көздеген «Алтын тұғыр» атты ұлттық спорт үздіктерін салтанатты марапаттау 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жетінші мәрте ұйымдастырылды. Мына статистикалық деректер де соңғы жылдары ұлттық спорт түрлерінің тұрақты түрде дамып отырғанына дәлел. Мысалы, 2017 жылы ұлттық спортпен шұғылданатындар саны 343,3 адам болса, 2018 жылы 375, 9 адам болған, оның ішінде ауылдық жерде – 241, 4 адам. Ал 2019 жылы ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатындардың саны 399 358 адамға жетті. Бұл салада 6 789 жаттықтырушы жұмыс атқарады. Сондай-ақ елімізде ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін әртүрлі деңгейде (ауылдық деңгейден халықаралық деңгейге дейін) мыңдаған іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде, бір жылдың қорытындысы бойынша республикалық деңгейде 86 іс-шара өтіп, 50 республикалық, 36 халықаралық жарыс ұйымдастырылғаны көп жайтты аңғартса керек деп ойлаймын. Осы күні Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығы құрамында бірнеше ұлттық спорт түрлері федерациялары жұмыс істейді. Атап айтқанда, республикалық «Көкпар», «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Қыран-Бүркіт», «Бәйге», «Дәстүрлі садақ ату» федерациялары қауымдастық құрамына кіреді. Сонымен қатар республикалық «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Қазақ күресі», «Тазы-төбет» федерациялары қауымдастықпен бірлесе жұмыс істейді.Он жыл бұрын әлем чемпионатын өткізу арман ғана еді...
Соңғы жылдары ұлттық спортымыз тек өз елімізде ғана емес, шет елде де дамып, еліміздің беделінің көтерілуіне ықпал етіп жатыр. Елбасының ұлттық құндылықтарды қолдап, дәстүрімізге ерекше мән беруінің арқасында көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу секілді ойын түрлері халықаралық деңгейге көтерілді. Бұл бағытта Ұлттық спорт қауымдастығы 2013 жылдан нақты шаруаларды қолға алған болатын. Атап айтсам, сол жылы сәуір айында дәстүрлі спорт өкілдерінің басын қосқан халықаралық конференция ұйымдастырып, алдағы ірі жарыстарды өткізу жоспарын талқыға салдық. Нәтижесінде, сол 2013 жылы біздің елде қыркүйек айында тұңғыш рет көкпардан І Ашық Азия чемпионаты, қараша айында бүркітшілердің І Халықаралық фестивалі өтті. Осы тұста, бәрін болмаса да, ең ірі бәсекелердің бірнешеуін атап өткенді орынды көріп отырмын. Аударыспақтан ІІІ рет Азия чемпионаты (2014 жылы Қазақстанда, 2016 жылы Қытай елінде, 2018 жылы Қазақстанда) өтті. Теңге ілуден ІІ рет Ашық Азия чемпионаты (2015, 2018 жж.), құсбегіліктен ІІ рет Азия ашық чемпионаты (2016, 2018 жж.), жамбы атудан ІІ рет «Алтын жебе» халықаралық турнирі (2017, 2018 жж.), І рет «Алтын жебе» Әлем чемпионаты (2019 ж), көкпардан І әлем чемпионаты (2017 ж) ұйымдастырылды. Сондай-ақ көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату түрлерінен жастар арасындағы І Азия чемпионаты (2019 ж) өтті. Бұл халықаралық жарыстар ұлттық спортымыздың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін байқатса керек. Жоғарыда айтып өткендей, Нұр-Сұлтан қаласында көкпардан және жамбы атудан әлем чемпионаты өтті. Мұхиттың арғы жағынан АҚШ көкпар командасы мен таңдаулы мергендері келіп, әлем чемпионатына қатысты. Ал осыдан он жыл бұрын ұлттық спорттан әлем чемпионатын өткіземіз десек, оған ешкім сенбес еді. Бірақ міне, ұлттық спорт саласындағы азаматтардың табанды еңбектерінің арқасында көкпар мен жамбы атудан әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Сондықтан болашақта ұлттық спорт түрлерінің де олимпиадалық ойындар қатарына қосылатынына ешкім күмән келтірмеуге тиіс.Әлемнің ұлттық спорты қарқынды дамып жатыр
Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы – әр елдің дәстүрлі спортын насихаттап жүрген 25 федерацияның басын біріктірген халықаралық ұйым. Штаб-пәтері Түркияда орныққан осы мекемемен Ұлттық спорт қауымдастығы көп жылдардан бері тығыз қарым-қатынаста болды. Нәтижесінде, қауымдастық 2018 жылы Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының толыққанды мүшелігіне қабылданды. 2019 жылы отыздан астам мемлекеттің 150-ге жуық өкілі қатысқан Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ІІ Халықаралық этноспорт форумы Алматы қаласында өтті. Ал 2020 жылғы 12 қараша күні Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Неджмеддин Билал Эрдоганның төрағалығымен өткен отырыста (онлайн форматта) Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы жанынан құрылған Орта Азиялық комитеттің тұңғыш төрағасы қызметіне мені сайлады. Бұл комитет құрамына дәстүрлі спорт түрлері мен ойындарды дамыту, насихаттау және одан ары ілгерілетуді көздеген Азия құрлығының 10 мемлекеті енген. Әрине, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының алдағы уақытқа жоспарлаған іс-шаралары көп. Солардың бірі, бұған дейін үш рет Қырғыз Республикасында өткен көшпенділер ойындары. Бұйыртса, IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2021 жылғы қыркүйек-қазан айларында Түркия Республикасының Бурса қаласында өткізілмекші. Баршамыз жақсы білеміз, қазір дүниежүзінде ұлттық спортқа деген қызығушылық жыл сайын арта түсуде. Өйткені бұл этноспорт түрлері әлемнің әр халқының өз ұлттық ерекшеліктерін әйгілейтін құралға айналды. Түптеп келгенде, әрбір ұлттың дәстүрлі ойындарының халықаралық, әлемдік деңгейде танылуына құқы бар. Ендеше ұлтымыздың дәстүрлі ойындары мен төл спортымыз әлемдік ареналарда кеңінен таныла бергей!Бекболат ТІЛЕУХАН, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті