Қазір Қазақстанда 127 жоғары оқу орны бар. Кейінгі 20 жыл ішінде жоғары оқу орындарының саны 25%-ке қысқарды. Былтыр қарашадағы статистика бойынша, елде 56 – мемлекеттік, 72 – жекеменшік жоғары оқу орны бар. Сонымен бірге онда 619 861 студент білім алады.
[caption id="attachment_114534" align="aligncenter" width="1200"] ЖОО санаты, студент[/caption]- Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті (сот шешімі бойынша лицензиясынан айырылды, қызметі тоқтады);
- Өмірбек Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы (лицензиясын қайтарды, қызметі тоқтады);
- Қаржы академиясы (Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-ға қосылды);
- Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы (сот және министрлік шешімі бойынша лицензиясынан айырылды, қызметі тоқтады);
- Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті (сот және министрлік шешімі бойынша лицензиясынан айырылды, бірақ шешім заңды күшіне енген жоқ, ЖОО-ның шағымдану құқығы жүзеге асырылып жатыр).
Жоғары оқу орындарының саны неге қысқарып жатыр?
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев диплом басып бере беретін жоғары оқу орындарын жабу қажет екенін айтты. Ол кезең-кезеңімен жоғары оқу орындарының профилизациялануын, мамандануын, сонымен бірге білім сапасын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. «Білім сапасын арттыру үшін мен жоғары оқу орындарына қойылатын талапты қатаңдатуды тапсырған едім. Жалған дипломдар беретін кеңселерге біздің жүйемізде мүлдем орын болмауға тиіс. Бұл жұмыстарды табанды түрде, әрі барынша қысқа уақытта аяқтау керек. Қандай қиындық болса да, ЖОО-деп аталатын оларды кім қорғаса да бұл жұмысты аяқтау қажет. Диплом басып шығаратын бұл мекемелерді табанды түрде жабу қажет. Министрлік академиялық адалдық лигасының мүшесі саналатын жоғары оқу орындарын қолдауға және дамытуға міндетті», – деді Мемлекет басшысы. Осыдан кейін Әділет министрлігі диплом таратумен айналысатын ЖОО-ларға қатысты нақты ұсыныстар енгізу мақсатында Білім және ғылым министрлігіне тиісті хат жолдайтынын хабарлады. Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында, кейінгі кезде жоғары оқу орындары санының қысқару себебін түсіндірді. Оның айтуынша, лицензиясынан айырылған университет студенттерінің 5-10%-інде зейнетақы аударымы 1-курстан бастап жүрген. Демек олар дұрыс білім алмаған. "Түсінікті, студент жұмыс істеген шығар. Бірақ біз олардың зейнетақы аударымдарын тексергенде 1-курстан бастап түскен. Олардың басым көпшілігі 30-дан асқан студенттер. Сонымен бірге олар оқитын ЖОО-лардың білім беру сапасында проблема болды. Демек студент 1-курста келіп, құжаттарын тапсырып, кейін 4-курста бір келіп, дипломын алып кетеді. Бұл кімге керек? Бұдан қоғам зардап шегеді", – деді министр. Сонымен бірге министрдің айтуынша, мықты университеттерден шығып қалған студенттер құжаттарын әлсіз оқу орындарына тапсырып, 4-курста диплом алады. Егер сол әлсіз университеттегі топта 2 немесе 3 адам болса, жылына 100-150 мың теңгеге қызмет көрсете алмас еді (яғни, ол топты жабуға мәжбүр болады). Бізде жыл басында 100 адам оқуға түсіп, 859 түлек бітірген жоғары оқу орындары бар. Бұл қалай болды? Демек студент мықты университеттен шығарылған немесе студенттің өзі оқуға уақыты болмағасын, оқудан шыққан. Бұл жосықсыз университеттер оларды бүкіл нарықтан жинап, дипломдар береді. Бұдан кім зардап шегеді? Бұдан сіз, мен және қоғам зардап шегеді. Себебі ол жақтан сауатсыз заңгерлер, судьялар, прокурорлар, мемқызметкерлер, мұғалімлер мен дәрігерлер шығады", – деді Асхат Аймағамбетов. Министр университетті жабу, лицензиядан айыру оңай процесс емес екенін айтты.ЖОО жабылғанға дейін қандай процестен өтеді?
Жоғары оқу орнында құқық бұзушылық анықталса, министрлік әуелі олардың алдын алу, түзету және жөндеу шарасын жүргізеді. Бірінші тексерісте әкімшілік іс қозғалмайды, тек профилактикалық-ұсынымдық сипатта нұсқау беріледі. Оған қоса, бұзұшылықты жөндеу мен түзету үшін бір айдан бір жылға дейінгі мерзім көрсетіледі. Қайта тексергенде құқық бұзу фактісі сол қалпы қалғаны белгілі болса, әкімшілік жаза қолданады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, жоғары оқу орындары бас лицензиясынан айырылғанға дейін үш рет тексеріледі.Мемлекеттік бақылау Кәсіпкерлік кодекске сай жүргізіледі. Біріншісі – профилактикалық бақылау. Оның нәтижесі негізінде жоғары оқу орнына екі қосымша мүмкіндік беріледі. Бұл жерде университет академиялық дербестікке қарамастан, білім саласындағы заңнаманы бұзбауы керек. Екінші мүмкіндікте де бұзушылықтар түзелмесе, үшінші рет тексеріс жүргізіледі. Тек осы тексерістен кейін ғана шешім қабылданады. Әкімшілік кодексіне сай шара қолданылады, – деді Гүлзат Көбенова.Мұндағы екінші мүмкіндік дегені – жоспардан тыс тексеріс. Министрлікке университет оқытушыларынан, студенттерден, студент ата-анасынан шағым келіп түседі. Министрлік сол шағым бойынша оқу орнын тексереді. Гүлзат Көбенова тексеріс кезінде мынадай кемшіліктер болғанын айтты:
- Пәннің тұрақты оқытушысы жоқ: көбіне оқытушылардың тұрақты жұмысы басқа жақта, ал тексеріліп жатқан оқу орнында тек сабақ беріп кетеді.
- Оқытушылардың сабақ беру білігі жоқ.
- Пән атауы мен мазмұны сәйкес келмейді.
- Білім беру бағдарамасының сапасы төмен. Оқу орны мұндай бағдарламаны жұмыс берушілермен кеңесе отырып жасауы керек.
- Университет қабырғасында пәнге қажет материал-техника базасы жоқ.
- Кей жоғары оқу орнында қашықтан сабақ өтіліп жатқан жоқ. Студенттер сабаққа қатыспай-ақ емтиханға жіберіліп, баға алып жүр.
- Студенттерді жоғары оқу орнына ҰБТ сертификатынсыз қабылдаған университеттер де бар.