Білім министрі белсенді ұстаздармен кезекті кездесу өткізді. Жиында «Білім-ғылымды дамытудың 2020-2025 жылға арналған бағдарламасы» мен «Педагог мәртебесі» заңы жайы сөз болды. Кездесудің жай-жапсарын жиынға барғандар Facebook-те жазып, ой бөлісті. Көпшілігі заңның бекітілгеніне риза болғанымен, кем тұстарын алға тартқандар да бар.
«Педагог мәртебесі» заңы – білім жүйесіндегі бетбұрыс. 21 баптан тұратын құжат ұстаздың қоғамдағы келбеті жарқын, әлеуеті жоғары болғанын қалайды. Бұған заңдағы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен 5 трлн 3 млрд теңге бөлінгені дәлел. Жалақысы көтерілгенін естіген ұстаздың жүзі күлімдеп, еңбегі еленетінін білген жас маман жігерленді.
Жиынға қатысқан белсенді мұғалімдердің бірі Аятжан Ахметжанұлы аталған заңдағы ұстаздың құқықтары мен міндеттерін жетілдіру керегін айтты. Әрі білім саласында қызмет ететін кез келген тұлғаға құқықты сауатты болуын сұрады.
– Заңды әлі де толықтырып, кемелдендіру керек. Болашақта өзгерістер енгізіледі деп ойлаймын. Заңда мұғалімді толғандыратын мәселелер қарастырылғанымен, мұғалімнің құқығы мен міндеті, әкімшілік құрылымның құқығы мен міндеті, ата-ананың құқығы мен міндеті кемшіндеу. Ең алдымен, мұғалімнің құқықтық міндетін айқындайтын нормалар көбірек болу керек. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануының өзі – белсенді мұғалімдердің жетістігі. Оның орындалуы мен іске асуы жергілікті әкімшілікке, министрлікке, бәріне қатысты. Себебі Ата заңның өзін бұрып әкететін қоғам «Мұғалім мәртебесі туралы» заңды ойнатып, кез келген жаққа бұрып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан мұғалімдердің, кез келген білім саласы қызметкерінің құқықтық сауатты болуын сұраймын, – дейді ол.
Осы мәселеге қатысты заң шыққан бетте Асхат Аймағамбетов парақшасында ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбастылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылатынын жазды.
Ал салалық Білім кәсіподағы заң жобасын әзірлеу барысында ұстаздар қауымынан көптеген ұсыныс жинаған. Оның басым бөлігі заңға енгізіліпті. Алайда келіп түскен ұсыныстың ішіндегі педагогтерді 30 және одан да жоғары педагогикалық өтілмен зейнет жасына ерте шығару туралы ұсыныс қолдау таппаған. Қазір әлеуметтік желіде заңда осы мәселенің қарастырылмай қалғанын «заңның кемшін тұсы» деген пікірлер жазылып жатыр. Зейнет жасына қатысты ұсыныс заңға енбесе де, Салалық кәсіподақ педагогтің зейнет жасына байланысты мәселесін күн тәртібінен түсірмейтінін айтады. Оған қоса, мәселені шешу жолында жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастыратынын атады.
Осы тұрғыда Білім және ғылым министрлігі жеке-дара шешім шығара алмайтынын ескерген жөн. Өйткені бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге шешетін жүйе. Әрі зейнет жасына жетсе де мектепте жұмыс істегісі келетін ұстаздар барын ұмытпаған абзал. Бірақ бұл зейнет жасын ұзарту керек деген сөз емес.
Министр «Педагог мәртебесі туралы» заңға қатысты БАҚ бетінде және әлеуметтік желіде жариялаған пікірлерді қадағалап отыр. Өйткені кез келген министр қарсы пікір айтқанды бір үстелге жинамайды. Бұл да бір – тактика. Сынап жүргендерді шақырып, сыйлап шығарып салғаны – байқап көрейін дегені болар. Айтпақшы, мұндай жиын осымен үшінші рет өтті.
Жалпы, мәртебені көтеру дегеніміз не? Бұл 3 фактор арқылы іске асады. Біріншіден, моральдық тұрғыдан тәуелсіз адамның ісінде береке болады. Екіншіден, мотивация беру міндетті. Үшіншіден, адамның өзіне байланысты. Жүріс-тұрысына, әдебі мен білім-білігіне жіктеледі. Сонда ғана мәртебе жүйелі түрде қалыптасады. Өзін тыңдата алатын, білімін көрсете алатын ұстазға таңдана қарайтынымыз заңдылық емес пе? Тәртіп пен жүйені қатаң сақтап, тапсырмасын жіктеп сұрайтын мұғалімді оқушы қалай сыйламасын? Қорыта келгенде, мәртебені мақсат тұтқан таяқтың бір ұшы мұғалімге келіп тиеді.
Заңның қуатты күшке айналуы үшін қоғам болып үлес қосу керек. Білім және ғылым министрі де заң талаптары орындалуы барысында қоғамның белсенділігі қажет екенін алға тартты. Дегенмен қоғамның күшін жоғарыдағылар құрайды емес пе? Осы тұрғыда желі қолданушылары «мұғалімге мәртебесін көтереміз деп тұрып, Ұлттық сенім кеңесі дейтін мәртебелі жиынға шақырмағанын» жазыпты. Ал ұстаздар болса болашақта мұғаліммен жоғары дәрежеде жұмыс істейтін қоғам қалыптасатынына сенеді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ