Педагог мәртебесі туралы заң мұғалімдердің көңілінен шықты ма?

Педагог мәртебесі туралы заң мұғалімдердің көңілінен шықты ма?

Білім министрі белсенді ұстаздармен кезекті кез­десу өткізді. Жиында «Білім-ғылымды дамытудың 2020-2025 жылға арналған бағдарламасы» мен «Педагог мәртебесі» заңы жайы сөз болды. Кездесудің жай-жапсарын жиынға барғандар Facebook-те жазып, ой бөлісті. Көпшілігі заңның бекітілгеніне риза бол­ғанымен, кем тұстарын алға тартқандар да бар.

«Педагог мәртебесі» заңы – білім жүйесіндегі бет­бұрыс. 21 баптан тұратын құжат ұстаздың қоғамдағы келбеті жарқын, әле­уеті жоғары бол­ғанын қалайды. Бұған заңдағы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен 5 трлн 3 млрд теңге бөлінгені дәлел. Жалақысы кө­терілгенін естіген ұстаздың жүзі күлімдеп, еңбегі еленетінін білген жас маман жігерленді. 

Жиынға қа­тысқан белсенді мұғалімдердің бірі Аятжан Ахметжанұлы атал­ған заңдағы ұстаздың құқықтары мен міндеттерін жетілдіру ке­регін айтты. Әрі білім саласын­да қызмет ететін кез келген тұл­ғаға құқықты сауатты болуын сұрады.

– Заңды әлі де толықтырып, кемелдендіру керек. Болашақта өзгерістер енгізіледі деп ой­лаймын. Заңда мұғалімді тол­ғандыратын мәселелер қарас­тырылғанымен, мұғалімнің құ­қығы мен міндеті, әкімшілік құ­рылымның құқығы мен мін­деті, ата-ананың құқығы мен міндеті кем­шіндеу. Ең алдымен, мұғалімнің құқықтық міндетін айқын­дайтын нормалар көбірек болу керек. «Педагог мәртебесі ту­ралы» заңның қабылдануының өзі – белсенді мұғалімдердің же­тістігі. Оның орындалуы мен іске асуы жергілікті әкімшілікке, министрлікке, бәріне қатысты. Себебі Ата заңның өзін бұрып әкететін қоғам «Мұғалім мәр­тебесі туралы» заңды ойнатып, кез келген жаққа бұрып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан мұға­лімдердің, кез келген білім саласы қызметкерінің құқықтық сауатты болуын сұраймын, – дейді ол.

Осы мәселеге қатысты заң шыққан бетте Асхат Аймағам­бетов парақшасында ілеспе заңда ата-ананың жауапкерші­лігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбастылық, заң­сыз тексерістер үшін нақты санк­циялар, яғни айыппұлдар қарастырылатынын жазды.

Ал салалық Білім кәсіподағы заң жобасын әзірлеу барысында ұстаздар қауымынан көптеген ұсыныс жинаған. Оның басым бөлігі заңға енгізіліпті. Алайда келіп түскен ұсыныстың ішіндегі педагогтерді 30 және одан да жоғары педагогикалық өтілмен зейнет жасына ерте шығару туралы ұсыныс қолдау таппаған. Қазір әлеуметтік желіде заңда осы мәселенің қарастырылмай қалғанын «заңның кемшін тұ­сы» деген пікірлер жазылып жатыр. Зейнет жасына қатысты ұсыныс заңға енбесе де, Салалық кә­сіпо­дақ педагогтің зейнет жа­сына байланысты мәселесін күн тәртібінен түсірмейтінін айтады. Оған қоса, мәселені шешу жо­лында жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастыратынын атады.

Осы тұрғыда Білім және ғы­лым министрлігі жеке-дара ше­шім шығара алмайтынын ес­кер­ген жөн. Өйткені бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге шешетін жүйе. Әрі зейнет жа­сына жетсе де мектепте жұмыс істегісі ке­летін ұстаздар барын ұмытпаған абзал. Бірақ бұл зей­нет жасын ұзар­ту керек деген сөз емес.

Министр «Педагог мәртебесі туралы» заңға қатысты БАҚ бетінде және әлеуметтік желіде жариялаған пікірлерді қадағалап отыр. Өйткені кез келген ми­нистр қарсы пікір айтқанды бір үстелге жинамайды. Бұл да бір – тактика. Сынап жүргендерді шақырып, сыйлап шығарып салғаны – байқап көрейін дегені болар. Айтпақшы, мұндай жиын осымен үшінші рет өтті.

Жалпы, мәртебені көтеру дегеніміз не? Бұл 3 фактор арқылы іске асады. Біріншіден, моральдық тұрғыдан тәуелсіз адамның ісінде береке болады. Екіншіден, мотивация беру міндетті. Үшіншіден, адамның өзіне байланысты. Жүріс-тұры­сына, әдебі мен білім-білігіне жіктеледі. Сонда ғана мәртебе жүйелі түрде қалыптасады. Өзін тыңдата алатын, білімін көрсете алатын ұстазға таңдана қарай­тынымыз заңдылық емес пе? Тәртіп пен жүйені қатаң сақтап, тапсырмасын жіктеп сұрайтын мұғалімді оқушы қалай сый­ла­масын? Қорыта келгенде, мәр­те­бені мақсат тұтқан таяқтың бір ұшы мұғалімге келіп тиеді.

Заңның қуатты күшке айна­луы үшін қоғам болып үлес қосу керек. Білім және ғылым ми­нистрі де заң талаптары орын­далуы барысында қоғамның белсенділігі қажет екенін алға тартты. Дегенмен қоғамның кү­шін жоғарыдағылар құрайды емес пе? Осы тұрғыда желі қол­данушылары «мұғалімге мәрте­бесін көтереміз деп тұрып, Ұлт­тық сенім кеңесі дейтін мәр­тебелі жиынға шақыр­мағанын» жазыпты. Ал ұстаздар болса болашақта мұғаліммен жоғары дәрежеде жұмыс істейтін қоғам қалыптасатынына сенеді.


   Айзат АЙДАРҚЫЗЫ