Студент үшін жатақхана мәселесі бірінші кезекте тұр. Атап айтсақ, республика бойынша 80 мыңнан астам студентке жатақхана жетіспейді. Жақында ғана Алматы әкімдігі Абай атындағы ҚазҰПУ-ға Орталық демалыс паркімен шекаралас жатқан аумаққа жатақхана салуға рұқсат бермеді. Себебі қала тұрғындары «тыныштығымыз бұзылады» деп шағымданды. Назар салып қарасаңыз, қазір сол 11 сотық жерді қураған ағаш басып жатыр. Ал университеттегі 3 мыңнан астам студент жатақханаға зәру. Бұған қарсы тараптың уәжі бар.
Жатақхана керек бәріне
Иә, 24 ақпанда Алматы әкімдігі орталық демалыс паркінің аумағында салынатын студенттер жатақханасының құрылысын тоқтату туралы шешім шығарды. Студенттер үйінің құрылысына басқа аумақтан жер беріледі. Ал университет өкілдерінің лажы болса күткісі жоқ. Егер аталған парктің жанынан жатақхана тұрғызуға рұқсат берсе, құрылыс жұмыстары сәуір айында басталады. Осылайша, 2022 жылы ҚазҰПУ студенттері жаңа жатақханаға орналасуы қажет еді. Жауапты мекемелер «бұл шешімі шыққан мәселе» деп жылы жауып қоюы мүмкін. Бірақ дерекке мән берсеңіз, еліміздегі 127 ЖОО мен 795 кәсіптік білім беру мекемесінде 1,1 млн-ға жуық студент білім алып жатыр. Олардың 175 мыңы (16%-ы) ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Соның ішінде ҚазҰПУ-де 5 жатақхана бар. Алайда алғашқысы 1934 жылы, кейінгісі 1988 жылы салынған. Заман талабы күн сайын өзгеріп жатқан шақта Ұлттық университетте оқитындар тозығы жеткен жатақханада тұрғысы келмесі анық. Университеттің проректоры Ғабит Дулатовтың айтуынша, әкімдікке жатақхана құрылысына жер беруін бір ғана ҚазҰПУ емес, UIB, Каспий университеті мен Алматы технология университеті де сұраған. Жалпы, жатақхана мәселесін шешу турасында 2018 жылы наурызда Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі жарияланған-ды. Бағдарлама бойынша БҒМ-ға 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орынды 184 жаңа жатақхана салу жүктелген. Бұған бюджет есебінен 118 млрд теңге қаржы қарастырылған. Ал «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының ақпараты бойынша, кейінгі 2 жылда ел аумағында 20 266 орынды 75 жатақхана пайдалануға берілген. Бұл – жалпы көрсеткіштің тек 27%-ы.Инвестор табудың жыры көп
ҚазҰПУ-дың проректоры құрылысқа қатысты мәселені осылай бастады. Оның айтуынша, инвесторлардың арасында «жатақхана салып береміз, бірақ 20 жылдан соң жатақхананы тұрған орнымен бізге бересіздер» дейтіндер бар екен. Одан бөлек, студенттер үйін салғаннан соң бірінші қабатында сауда дүкендерін ашып, бизнесін дөңгелеткісі келетіндер жетерлік. Сондықтан талабы орынды инвестор табу біраз уақыт алған. Нәтижесінде, 327 орынды, 6 қабаттан тұратын жатақхананы «Әл Мансұр» ЖШС салып береді. Жатақхана құрылысына 1 млрд 300 млн теңге жұмсалады деп жоспарланған. Бірақ әкімдік құрылысқа басқа орын беретіндіктен, инвестор ойынан айнымай ма? Сол себепті «Қаржы орталығы» инвестормен келісіп, уағдаласқан мерзімді 2023 жылға дейін ұзартқан. Сарапшылар болса, құрылыс орнын ауыстырудың жөні жоқ деп отыр. Мәселен, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбай бұл жерде түсіндіру жұмыстарының әлсіз екенін атап өтті. Экологияға келетін зиянды да нақты есептеу қажетін қосты. Мәселенің күрделі екенін әрі мұны қоғамдық тыңдалымда талқыға салу керегін жеткізген. Бірақ Алматы әкімдігі әуелден 1 наурызға белгілеген тыңдалымның болмайтынын айтты. Оның орнына әкімдік аппараты 24 ақпан күні ректорлармен кездесу өткізген. «Абай атындағы ҚазҰПУ-де оқитын студенттердің 10 мыңнан астамы шет жақтан келеді. Яки, олардың әрқайсысына жатақханадан орын керек. Бұл жерде мәселені 20 ағаштың төңірегінде талқылаудың қажеті жоқ. Меніңше, урбанистиканың дамыған заманында, экологиялық қауіпсіздікті сақтай отырып жатақхана салуға мүмкіндік бар. Берілген орын парктің ортасы емес, іші емес, шет жағы. Әрі заңды түрде Педагогикалық университеттің территориясы. Сол себепті ол жерде тұратын студенттер ертең мыңдаған ағаш отырғызады. Сонымен қатар Алматы қалалық әкімдігі басқа жерді қарастырамыз деп отыр. Ол қашан қарастырылады, әлі белгісіз. Жақын арада, пандемия аяқталса, 13 мың студент келеді. Олар қайда тұрады? Жатақханада 1,5 мың студентке ғана орын бар. 10%-ын ғана қамтып отыр. Әлемдік стандартқа сай, жатақханамен қамту 25% болу керек», – деді Елнұр Бейсенбай. Депутат сөзінің жаны бар. Өйткені университет – 11 сотық жердің заңды иесі. Проректордың сөзінше, жер оқу орнына 1997 жылы берілген. 2011 жылы әкімдіктен жатақхана құрылысына рұқсат алған.Жер – өзіміздікі
«Біріншіден, жер – өзіміздікі. Жер учаскесінде стадион, университеттің оқу корпустары мен әскери кафедрасы бар. Сәуір айының басында жатақхана құрылысын бастаймыз деп жоспарладық. Құрылыс 1,5 жылға созылатын еді. Жобасын, инфрақұрылымдық, инженерлік жұмысын дайындадық. Құжаттарды рәсімдеуге 1 жыл уақыт жұмсадық. Екіншіден, құрылысқа қатысты учаскені қашан бекітетіні белгісіз. Үшіншіден, белсенділер ағаш кесу мәселесі мен студенттердің саябақты ластайтынын айтты. Иә, заң бойынша 1 ағаш кессе, 10 ағаш егу керек. Студенттер сенбілікке міндетті түрде шығатыны тағы бар. Төртіншіден, ҚазҰПУ-дың негізгі ғимараты 70 жылдан бері Панфилов паркімен көрші тұр. Қайта студенттер саябақты таза ұстап, бос уақытында сонда серуендейді», – дейді проректор Ғалым Сәбитұлы. Демек, студенттер үйінің қолданысқа берілуі кем дегенде 2023 жылға қалды. Себебі проректордың сөзіне сүйенсек, бір ғана құжат рәсімдеуге 1 жылға жуық уақыт кетеді. Оның үстіне, университет бұрынғы жер телімін экспертизаға өткізген екен. Яғни, экспертиза нәтижесі құрылысты бастауға болатын-болмайтынын көрсетеді. Мұның өзіне 2-3 ай уақыт кетеді. Ал сіз бен біз басты мәселенің бірін естен шығарыппыз. Ол – жер мәселесі. Алматы – еліміздегі ең үлкен мегаполис. Ректорлармен кездесуде қала әкімінің орынбасары кейінгі 5 жылда шаһарда мектеп пен аурухана салынбағанын айтқан. Сонда әкімдік университетке қандай жерді бөліп бермек? Сондай-ақ Алматыда «Nur Otan» партиясының бастамасымен 40 жатақхана құрылысы басталуы қажет. Мұндайда белгіленген құрылыс орнын өзгертудің реті бар ма, жоқ па? ҚазҰПУ-ге 10 мың студент басқа облыстан келеді. Жалпы, оқу орнында 13,5 мың студент оқиды. Оның 1 500-інде жатақханада тұруға мүмкіндік бар. Оған қоса, 1 500 докторант пен магистрант «Жас ғалымдар үйі» деген терминнен мақұрым. Бәрін қосқанда, 15 мыңға жуық контингент әкімдіктің аузына қарап отыр. Пандемия аяқталса, студенттер қайта пәтерақы іздеп кетері анық. Ал алып шаһарда пәтерақы бағасы қымбат екені тағы бар. Осы тұста құрылыс жұмысына басқа орын іздеу орынды ма?..Айзат АЙДАРҚЫЗЫ