Елде бұрынғы ПИК-тер (КСК) мен жаңа МИБ-тер (ОСИ) арасында арпалыс, бақталастық пен тура мағынасында төбелес жүруде. Бұл – жайдан-жай емес: заң бойынша пәтер иелері кооперативтерінің орнын басуға тиісті меншік иелері бірлестігіне тұрғын үйдің жертөлесін, коммерциялық алаңдарын, тіпті төбесін әртүрлі ұйымдарға жалға беруге, заңнамамен тыйым салынбаған басқа да жолдармен табыс табуға рұқсат етілген.
Мысалы, МИБ-тер үй төбесін және қабырғаларын ұялы байланыс операторларына, жарнама агенттіктеріне және басқа да мақсаттарда жалға беріп, мол табыс таба алады. Бұл тұрғыдан алғанда, осы бірлестіктер әрбір көпқабатты үйді бизнес нысанына айналдыруына мүмкіндік мол.«ПИК» «МИБ»-ті соққыға жыққан
Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа көшесінде орналасқан «Кенесары» тұрғын үй кешенінің тұрғындары 2020 жылдың 29 маусымында бас біріктіріп, ортақ келісімге келіп, «Бірлік пен Бақыт» атты меншік иелері бірлестігін құрады. Заң бойынша осыдан кейін пәтер иелері кооперативі өз бетінше жойылуы тиіс болатын. «Тұрғындар шешімінен кейін «Кенесары 2019» ПИК төрағасы Б. бүкіл мүлікті тапсыру-қабылдап алу актісіне қол қойып, тұрғын үйді жаңа «қожайынға» табыстауы керек еді. Алайда белгіленген мерзімде, яғни, былтырғы 20 шілдеге дейін ол мүлікті тапсырған жоқ. Онымен қоймай, 21 шілдеде төбелес жасап, маған және МИБ басқармасының мүшесі Хабдуллиннің денесіне жеңіл зақым келтірді. Бұл дерек бойынша Сарыарқа ауданының полиция бөліміне шағым түсірілді», – дейді «Бірлік пен Бақыт» МИБ төрағасы Арман Жандосов. 2007-2013 жылдар аралығында салынып, іске қосылған «Кенесары» ТК ескі нысан болмағанымен, ондағы 5 жылу торабының техникалық жай-күйі нашар жағдайға жеткені анықталады. Оны жертөлеге түскен тұрғындардың бірі видеоға түсіріп алады. Ал ПИК оны жөндеуге және ішінара алмастыруға деп әр баспанадан орташа есеппен 40 мың теңгеден нысаналы төлем жинаған. Бұл тұрғын үй кешенінде 480 пәтер бар. Ендеше, ол миллиондардың қайда кеткені беймәлім. Тұрғындардың айтуынша, жөндеу жүргізілмеген. «Жалпы, бұл қаражаттың ізім-ғайым жоғалуының жалғыз оқиғасы емес. Мысалы, 2020 жылғы қаңтарда «Кенесары» тұрғын үйінің ревизиялық комиссиясы 2019 жылғы сәуір мен қыркүйек аралығындағы ПИК қызметін зерделей келе 3,5 миллион теңгенің жетіспейтінін әшкерелеген. 16 қаңтардағы жалпы жиынға Б. мас болып келіп, қатысушы 80 адамды боқтап, шетінен сыбайды. Келесі күні ыстық су беретін 2 сорғыны сөндіріп тастайды. Салдарынан бірден 4 подъез ыстық сусыз қалған. Тек тұрғындар «Сарыарқа» әкімдігіне шулап барған соң ғана су қайта берілді. Бұл жағдайды учаскелік инспектор Бейсенов төсіндегі бейнетіркеуішке түсірді», – дейді МИБ төрағасы. Пәтер иелері «ПИК қаржысын ұрлады және бас пайдасына жұмсады» деп айыптап, Б.-ның үстінен қылмыстық іс қозғау туралы полицияға өтінішпен жүгінеді. Неге екені белгісіз, полиция тиісті тексеру жүргізбей-ақ, өтінішті қараусыз қалдырыпты. Тәртіп сақшылары әрекетсіз қалған соң Б. жауапқа тартылмайтынын сезініп, бассыз істерін жалғастырады. Содан МИБ басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа шағымданады. Осы түрткі болса керек, «Сарыарқа» Полиция басқармасы Жандосов пен Хабдуллиннің «денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру» оқиғасы бойынша Б.-ның үстінен әкімшілік іс қозғады. Әкімшілік кодекстің осы 73-1-бабы 15 АЕК айыппұл салуды не 15 күнге қамауды қарастырады. Жиналған материалдар Нұр-Сұлтан мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді.Бір қазанда – қос қошқардың басы
Бұл салада басқа да қызық-шыжықтар болуда. Мысалы, елордадағы ең қымбат тұрғын үйдің бірі «Пирамидаға» іргелес бой көтерген «Хайвил» тұрғын үй кешенінде бір емес, екі МИБ құрылып отыр. Екеуін де құзырлы орган тіркепті. Енді тараптар бір-бірін күндеп, салтанатты тұрғын үйге сыймай, оны басыбайлы иемденуге ұмтылып жатыр.Тұрғындар нені білуі керек?
Өз кезегінде билік Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауындағы тапсырмасы орындалғанын қуана жариялады: елімізде 1 735 тұрғын үй кешенінде жаңа басқару нысаны құрылыпты. – Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Үкіметке және әкімдерге меншік иелері бірлестіктері институтын енгізу жөніндегі реформаны іске асыру тапсырылды. Бұл реформа «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» принципі бойынша МИБ коммерциялық емес ұйымының жаңа нысанын құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеуге бағытталған. Реформаны жүйелі түрде іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарда әр көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа нысандарына өтуі бойынша Жол карталар әзірленді. Ол біздің министрліктің тұрақты бақылауында тұр, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Е.Дауылбаев. Заң бойынша ПИК-тер не МИБ-ке, не жай серіктестікке (ЖС) айналуы керек. Нәтижесінде, әділет органдарында тіркелген 1 735 жаңа басқару нысанының ішінде әзірге тек 695-і – МИБ, қалған 1 040-ы – ЖС. Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында. Бірақ сарапшылар басқарудың жаңа нысандарын құру бәрібір шабан жүріп жатқанын сынайды: бүкіл елге 2 мың деген тым аз. Үкімет мүшелерінің ақталуынша, бұған пандемия мен карантин кінәлі: жиналыстар өткізуге шектеу бар. Атап өтер жайт, келесі жылы ПИК-тер дәуірі түпкілікті аяқталады. Еркебұлан Дауылбаевтың мәліметінше, 2022 жылғы 1 шілдеден бастап басқармалардың бұрынғы нысандары жойылады. МИБ-тің артықшылықтары бар: ол тек тұрғын үй тұрғындарынан тұрады, бейтаныс адамдар жоқ. ПИК-терді сырттан келген адамдар басқара беретін. Ал МИБ төрағасы пәтерлер не жылжымайтын мүлік иелері қатарынан сайланады. Кемшілігі де жетіп- артылады. Еркебұлан Дауылбаев көпқабатты үйлердің тұнып тұрған бизнес екеніне келісті. «Мысалы, үйдің қасбеті мен лифтілеріндегі жарнамадан, интернет-провайдерлердің, байланыс операторларының жабдығы үшін шатыр учаскелерін немесе техникалық үй-жайларды жалға беруден, шаштараз, сауда дүкендері және басқалары орналасқан жертөлелерді жалға беруден және басқасынан мол кіріс табады. Тұрғындар ол туралы біле бермейді. Қосымша кірістер кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқаруға және күтіп-ұстауға бағытталуы, сондай-ақ, әрбір тұрғынға берілетін ай сайынғы есепте көрсетілуі тиіс. Басқарудың жаңа нысандарын енгізу әрбір көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер иелерінің, тұрғын емес үй-жайлардың мүдделерін қорғауға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау сапасының деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл жалпы тұрғын үй қорының сақталуын қамтамасыз етеді», – деді министрлік басшылығының өкілі Е.Дауылбаев. Бұл саладағы айқастар алда қыза түсетінге ұқсайды.Елдос СЕНБАЙ