Нағыз актер туралы аңыз...
Нағыз актер туралы аңыз...
548
оқылды

Жұмахан Әбдіқадыров – актер... Театр және кино әртісі. Қазіргі көрермен Жұ­ма­ханды «Сұрапыл Сүржекей» мен «Ба­тыр Баяннан» біледі. Ал театрдағы рөлдері өкі­ніш­ке қарай, ұмытылған. Жұмаханды сахнада көр­ген көрермен де бүгінде санаулы шығар.

Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» кітабында Кеңес Одағының Батыры Алексей Мересьев туралы жазған. Онда ұшқыш Алексей өзінің кезекті тапсырмасында жау ордасын бом­былап жүріп, ұшағы құлап, өзі жау тылында қалады. Екі аяғы жаралы, әзер шығады қоршаудан. Дәрі­гер­лер амалсыздан оның екі аяғын кесіп тастайды. Алайда өзіне деген сенім мен дос-жаранның көмегі оны штурвалға қайта отырғызады. Екі аяғына протез салған ұшқыш кейін сау кезінен де артық ерлік көрсетеді. Бұл – соғыс кезіндегі батыр­­­лардың ерлігі. Неткен жанкештілік! Неткен өз-өзіне деген сенім. Мұн­дай ерлік тек соғыс кезінде ғана емес. Бейбіт кезде де болып жатыр. Көпшілік оның біреуін білсе, бі­реуін білмейді. Ұйқысы ояу еді. Бір сәт ұйық­тап кеткен. Түсінде шешесі Мөр­жан болу керек. Жұмаханды маң­дайынан сүйіп жатыр. Аймалап жатыр. – Сіз кімсіз? – дейді Жұмахан ұялып. – Мен бе? Мен сенің анаңмын. –  Менің шешем басқа кісі ғой. Ділдәкүл... – Жоқ, балам... Мен нағыз шешең Мөржанмын... «А-а а, шынында да мына кісі менің өз анам ғой. Түрі қандай мейірімді еді. Апа... Апа...Мен сізді танымай қалдым... Ке­­шіріңізші. Сіз көкке ұшып, біз же­тім қалғанда мен 4-те ғана болғам. Түріңізді де ұмыта бастаған екем.... Апа... Апа... Осы кезде құлағына тарс еткен дыбыстан шошып оянған. Алды­мен санасы оянған. Қатты бір соққыдан басы мен белі үзіліп кетердей ауырған. Сосын мойны жұлынардай болған. Ары қарай қап-қара дүние. Сосын жарқ еткен күннің сәулесіндей жарықтан екі көзі көрмей қалған. Жо-жоқ...ұйықтап кеткен екен ғой. Жұмахан есінен танып қапты. Таңғы сағат 6-ларда Павло­дар­дан шыққан «Қазақфильмнің» уа­зигі Целиноград, Қарағанды, Се­мей, Үшаралды артқа тастап, Талды­­­қорғанға асыққан. Кешке қа­лада «Батыр Баян» фильмінің тұсаукесері. Жұмаханның қасында фильмнің режиссері Сламбек Тауе­­­кел болған. Түнгі жауған кірбік қар, шаршаған шофер, қатты келе жатқан машинаның тежегіші ұс­­­тамай аударылған және Андреев­каның осы жерлерінде сай көп. Машина екі-үш аударылып барып төңкерілген. Қатты соққыдан Жұ­махан есінен танып қалды. Тіпті, оны машинадан қалай шы­ғарып алғаны, оны Сарқанд­тағы ауру­ха­­наға қалай апарғаны да есінде еміс-еміс қалған. Бұл өнер айды­нында жалауын жаңа көтерген кемедей Жұмаханның да жұлдызды сәтін жаңа бастаған кезі еді.. Ол осыдан бастап «мәңгі мүгедек болып, бал­даққа сүйенем-ау, ар­баға байланып қор болам» деп ойла­маған болатын. Кененбай бүгінгі спектакльді ерекше ойнады. «Біздің Ғанида» ол Ғаниды ойнайды. Актер Ке­ненбай Қожабеков «Шабандоз Қыздағы» Айдар, Марк Донской­дың «Алитет уходит в горы» филь­мін­дегі Айедан соң актердің шын мәнінде бағы жанған. Жас актер ТЮЗ-дің ком­сомол комите­тінің басшысы, театрдағы басты рөл­дерде де Ке­ненбай. Болашақта Гамлетпен Пер-Гюнтті, Хлеста­ковты ойнай­мын дейтін. Қар аспаннан бүгін бір ерекше жауып тұр. Бұл қаңтар айының ортасы болатын. Кешке болашақ спектакльдің прогоны. Бас­­та­луына да уақыт аз қалған. Ке­ненбай көңі­лі көтеріңкі, мына әлемді құшақ­тап, аймалап, бауы­рына басқысы келгендей күй кешкен. Ойда жоқта қарсы ал­дарынан бір топ ішіп алған жі­гіттер шықты. Қасындағы екі до­сынан алдымен темекі сұ­рады. Оларды боқтап, былапыттап, әжуалай бастады. Екі досы да театрда, киноға түсе бастаған жас актерлер болатын. Ма­­зақ­­та­­­ған­дары аздай, әлгі бұ­за­қы­лар енді оларға қол жұмсап, сабай бастаған. Ке­ненбай бәріне төзсе де, мұндай қор­лыққа шы­­дамады. Ол өмірде де, өнерде де әділет­­­сіздікті сүй­мейтін. Оның үстіне досын ұрғанда қарап тұр­сын ба? Кененбай да біреуін бір ұрған. Екіншісін теуіп үлгерді. Қып-қы­зыл төбелес. Тағы бір до­сы бар-тын. Бір сәт арт жағынан бі­реу кеп қылғын­дыр­ғандай бол­ды. Басқа ештеңе біл­мейді. Ке­нен­байдың жұлы­нынан өткір біз қа­далған бо­латын. Аппақ қар жау­­­­­­­­ған кө­ше­де жаралы Кенен­байдың қанша жатқаны белгісіз... Жұмахан Әбдіқадыров Оған дәрігерлер отаны 5 сағат жасады. Тіпті, аяғына тұрып кетуі де екіталай болатынын ашық айтты. Бірақ Кененбай жұлынына сұғылған бізге де, тағдырдың тау­қыметіне де қарсы тұра білді. Оны көп жұрт орнынан тұра алмас де­ген. Бірақ Кененбай осы жерде Пятигорскіде биік баспалдақпен жоғары шығуды қайта үйренді. Таяғына бірде сүйеніп, бірде сүйен­бей, баспалдақпен шығып жүрді. Кененбай өзін-өзі қинады. Бал­дағын тастап, қайтадан киноға түссем, тағы да сахнаға шықсам деді. Әрине, оған досы Сұлтан Хо­жықов та күш берді. «Кәне, Ке­нен, еріккенді қой. Мен сенің орныңа басқа актер іздемеймін. Өзің бас­таған фильмді өзің бітір, Пяти­горскіден балдақсыз орал» деген сөзі үлкен күш берді. Сол үшін де Кененбай барын салған. Жұмахан – батыр жігіт. Екі иығына екі кісі мінердей апай­төс азамат. Ол жас кезінен ұш­қыш болуды армандаған. Бірақ әскери комиссия оның көзінен ақау тапты. Жалпы, әскерге, не танк, не ар­­тиллерияға барғысы келмеді. Оның үстіне, орысшаға шорқақ. Сөйтіп жүріп бір жылы бекер кетті. Ол кезде оқуға түсе алмау жігіт үшін үлкен сын-ды. Осылай жүр­генде ауылдасы Махмуд Ибраев кездесе кеткен. Махмуд сөзшең. Жал­быраған шашы, кең балақ клещ шалбары, гүлді галстугі, оның бо­лашақ нағыз әртіс екені «мен­мұндалап» тұрады. Оның үстіне, Махмудтың айтқанына сенсе, артист деген нағыз тап­тыр­мас ма­мандық көрінеді. Тек киноға түсіп, теледидарға шығып, ел ара­лап жүріп, құрметке бөле­нетін жұмыс екен. Әне Аса­дағы Тұң­ғышбай Жаманқұлов теледи­дар­дан анда-санда көрінеді. Ал Асанәлі Әшімов біресе Бекежан, біресе қызыл комиссарды ойнап, «Дутовты өлтіріп» жүр. Қысқасы, Жұмахан да мына сөзге еліктей берді. Тұң­ғышбай жөн сілтеп, болашақ мұғалімі Асқар Тоқпа­­новпен кез­дескен. Сол жылы Жұ­махан Құр­­манғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның театр факуль­тетіне оқуға түсті. Бала кезінен спортқа қатысып, күрестен аудан, облыстық жарыс­тарда жүлделі орындар иеленген жігітке би, плас­тика, вокал сабақ­тары оңай болған жоқ. Ол кезде театр факультетінің студенттерінің барлығы дерлік жатақханада тұ­рады. Маңайдағы тентек жігіттер қала берді Жұбанов мектебін бі­тірген «қалалықтар» театр факуль­тетіне маза бермейтін. Осын­дай кезеңдердің бірінде 4 жігіт кеп Жұмаханды дүкенге жұм­­­саған. Бірақ бес минуттан соң әлгі «кру­той» төрт жігіт Жұмахан­ның алдында тізерлеп отырып кешірім сұраған. Алайда ішінде біреуі кек сақтап қалыпты. Ал­матының күзгі кешінің бірінде бір топ бандит жігіттер келіп, Жұ­маханды «тәр­бие­­легісі» келген. Олар Жұмаханды көшеге ша­қырған. 15-20 жігітке ол жалғыз қарсы шықты. Абай кө­шесінің алды үлкен аллея... Бақ. Бұл жерде жарық та шамалы. Жұ­махан қал­тасындағы пышақты суырып алып, өз білегін, өзі кесіп жібергенде қып-қызыл шапшыған қанды көрген жігіттердің есі шық­қан. «Қане, кім бар, маған шыға­тын? Келіңдер қане, қазір бәріңді қы­райын!» дегенде 20 жігіт бет-бе­тімен тұра қашқан. Бұл – Жұ­махан жайлы аңыздың басы. Ол студент кезінде-ақ киноға түсті. Режиссер Шәріп Бейсем­баевтың «Кәусәр» фильмінде басты рөлді ойнады. Жылқышы Абылай адал да, батыр жігіт. Мед­бике Әйгерім де оның осы қасиетін ба­ғалаған. Сондықтан да пысық Боранбайға емес, сұлудың жүрегі Абылайға бұрған. Жұмахан бұрын атын ғана естіген, болмаса кино­дан, не сахнадан ғана көрген әртіс­терімен серіктес болды. Әкесін Кәукен Кенжетаев, шеше­сін Әми­на Өмірзақова, партнері болып Мұхтар Бақтыгереев, Дос­қан Жол­жақсынов және жас актриса Гүл­нәр Ералиева түскен. Жұмахан эк­ранда керемет көрінді. Батыр денелі жігіттің атқа отырғаны ерек­ше-тін. Дәл бір ескерткіш іспетті. Қою қара өткір көздерінде батыр­лықтан басқа нәзіктік, жылулық, қорғансыздық, оның үлкен жүрегі адамды сүю, адамды құрметтеуден тұратын, табиғи талант екенін бірден дәлелдеген. Премьера «Кино үйінде» болды. Зал кө­рерменге лық толы. Ол кезде қазір­гідей емес, ел-жұрт қуанышты бөлісуге асығатын кез. Біздер сту­денттер кино үйінің басқышына отырып бақытты боп жататын шақ болатын. Қараңғы залдағы экран­нан бір сәт Жұмахан жарқ ете қал­ғанда, ішімізде екі-үш ұдай ой пайда болды. Біріншісі – таңғалу. Екіншісі – «Жұмаханның орнында мен неге болмадым екен?!» деген қиял... Үшіншісі –Жұмахан Әбді­­­­қадыровпен бірге оқимын деген тәубешілік. Біз Жұмаханды сол кеште қайта тауып, қайта таныс­қандай болдық. Әсіресе, қыздар... Әншейіндегі театр факультетінің жігіттеріне мұрнын шүйіріп қа­райтын музыкант қыздар да, жо­ғары курстың арулары да Жұма­ханды кездессе, құр жібере сал­мауға тырысқан. Алайда біртоға, қызға қыры жоқ, олармен оңаша қалудан қашатын Жүкең қыз көрсе құтылуға асық болатын. Жұма­ханның әкесі Әбдіқадыр өмір бойы наубайханада істеді. Баяғы ФЗУ-да біреулер электрик, біреулер шо­фер, комбайншы болып оқып жатқанда, Әбдіқадырды мұғалім наубайшының оқуына жіберген. Жұмахан сондықтан да керемет аспаз. Оның жуан саусақтарын көрген адам одан мұны күтпеуі мүмкін. Жұмахан етік те жамайды, жыртылған допты да өзі тігіп, бұ­зылған кез келген велосипед бол­сын, сағат болсын жөндей береді. Және сол үшін ешқашан ешкімнен бір тиын алмайды. Әсіресе, бая­ғыда Жұмаханды «мүгедек» деп театрдан шығарып жібергенде, ол жабырқаған жоқ. Сол маңайдағы автотұрақта күзетші болып істеді. Ел аяғы басылып, оңаша қалғанда көзмайы таусылып сағат жөн­дейтін. Бұл өзі қызық жұмыс. Әр­түрлі тетік. Бірімен-бірі жалғасқан, бірін-бірі көтерген, итерген ұсақ дүниелер. Жұмахан ұзақ түндер ешкімге көрсетпейтін көз жасын, ешкім жоқта осылай төгетін. Жа­рымжан, мүгедек болып өмір сүру­дің мұншалықты азап екенін, мұншалықты қорлық екенін ол ешкімге айтқан жоқ. Иә, иә ол талай рет өзіне-өзі қол жұмсасам деген. Бірақ кішкентай екі қызы мен жары Гүлшатты қалай тас­тамақ? «Жо-жоқ...» деген Жүкең. «Кеудемдегі жүрегім соғып тұр­ғанда өлмеймін» деген. Иә... Бұл да Жүкең жайлы аңыздардың бір тармағы.

Жұмахан – батыр жігіт. Екі иығына екі кісі мі­нер­дей апай­төс азамат. Ол жас кезінен ұш­қыш болу­ды армандаған. Бірақ әскери комиссия оның көзінен ақау тапты. Жалпы, әскерге, не танк, не ар­­тил­лерияға барғысы келмеді. Оның үстіне, орысшаға шор­қақ. Сөйтіп жүріп бір жылы бекер кетті.

Кененбай 32 жасында мүгедек болып қалды. Алматыдағы кино­актерлердің мектеп-сту­­дия­сын өте жақсы тәмамдаған ол Марк Дон­скойдың «Алитет ухо­дит в горы» фильміндегі басты рөлдің бірінде Айені ойнады. Бұл – Қы­зыл Ар­мияның Чукоткіге келуі, ондағы большевизияның орнауы жайлы. Бұл фильмде ол атақты Георгий Жженов, Юрий Леонидов және қырғыздың дарынды әртісі Мұрат­­­бек Рысқұловтармен әріп­тес-серіктес болды. Жас актер үшін бұл әрі бақыт, әрі абырой еді. Бұл оның тек кино, театр ғана емес, қазақ өнерінің есігін еркін ашқан да­рынды жас екенінің дәлелі бо­латын. Кейде пенде бол­ған соң әттеген-ай дейсің ғой. Шіркін... Кенағамыз... Қадірлі Кененбай Қожабеков сау болғанда, экран мен сахнада қаншама об­­раздар жасар еді деп ойлайсың. Әт­тең... Бірақ шүкір дейсің... Ке­ненбай мүгедек болып жүріп те талай-талай образ­дар жасады. Әсіресе, «Қыз Жібек­тегі» Жібектің әкесі Сырлыбай хан, «Құлагердегі» Батырашты және Болат Жам­шиевтің «Қасқырлар апанындағы» басты рөл Мұса Шә­рі­повтың образы қазақ кино­сының алтын қорында қалды. Жұмахан аз уақыттың ішінде Д.Манабайдың «Сұрапыл Сүрже­кейінде» Сүржекейді, Т.Өмір­­зақовтың «Әмина» фильмінде Әми­­­наның әкесін, Қ.Қасым­бековтың «Жамбылдың жастық шағы» фильмдеріне түсіп үлгерді. Бірақ ел ішінде оны «Батыр Баяндағы» Баян деп біледі. Фильм Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының желісі бойын­­ша, Смағұл Елубаевтың сцена­рийімен түсірілген. Бұл тек кине­матография үшін емес, жалпы еліміз үшін де өте бір қиын да, мұқтаж кезеңдер болатын. Ре­жиссер Сламбек Тәуекел фильмді Көкшетауда түсірді. Осы фильмде Батыр Баянның туған інісі Ноян­ның жоңғар қызы Лағдаға ғашық болып, екеуінің қашатын сахнасы бар. Оны жас актер Кеңес Нұр­ланов пен актриса Амина Мах­метова ойнайды. Батыр Баян туған інісі Ноянды да, оның сүйген қызы Лағданы да садақпен атып өлтіреді. Өлтірмеске амал жоқ. Туған ел, туған жер үшін, жау табанында тапталмас еркіндік үшін Баян бәріне баруы тиіс. Халқының болашағы үшін ол бәрін де құрбан етуге дайын. Олар­дың бар кінәсі бірін-бірі шексіз сүй­гендігінде ғана. Таза, адал, ма­хаббаттың құрбаны болған қос ғашық. «Батыр – аңғал» деген. Баян ызамен, лықсып келген ашуы­мен істерін істеп, жасарын жасап болған соң адами қалпына келеді. Батыр иен далада жалғыз өзі заң еңіреп жүр... Батыр Баян – Жұмахан бұл сахнаны керемет көрсете білді. Оның жан дүниесіне мына дүлей табиғатта тыныш тұра алмады. Төбеден нөсер құйылған. Жұмаханның інісі Бабахан да ер мінезді, ешкімнен тайсалмайтын қорықпайтын жігіт боп өсті. Әлі есінде Жұмахан інісі екеуі әкесіне наубайханаға барып кеш шыққан. Ол кезде Аса аудан орталығы бол­ғанмен, көшелерінде шам жоқ. Қойындарында әкесі үйге беріп жіберген екі-үш бөлке ыстық нан бар. Осы кезде бұрыштан бір топ балалар шығып, бұлардың нан­­дарын тартып алды. Бабахан өте намысшыл... Әлгі жасы үлкен жі­гіт­тердің көптігіне қарамай, төбе­лесті бастап кетті. .... Екеуін бір топ жігіттер әбден тепкіледі. Жұмахан сол сәтте өзі таяқ жеп жатса да, Бабаханды аяған. Оны іштен теуіп, әлгі бандиттер ұрғанда өзі үшін емес, інісі үшін жылаған. Батыр Баян да інісі Ноянды өлтірген сахнасы дәл соны еске түсіргендей. Оның үстіне інісі Бабаханның өмірден өткеніне көп уақыт болған жоқ-ты. Жұмахан бұл қиын сахнаға 1-ақ дубльмен түсті. Әншейінде актерлер камерада жылай алмаса, олардың көзіне глицерин тамы­зады. Болмаса басқа тамшылар құяды. Ал Жұмахан оған барған жоқ. Өзі жылады. Еңірегенде екі иығы дірілдеп тоқтай алмаған. Түсіру тобы да, оператор, режис­сердан бастап жарық берушілер де Жұмаханмен қоса көз жасына ерік берді. Сол күні табиғатта ерекше бір тебіренгендей аспанды қара бұлт жаулап, күздің нөсері қоса құйылған. Жұмахан бұл сахнада тек Қазақфильмнің көгінде емес, әлемдік жұлдыздардың ғарышына көтерілді. Оның тек батырды ғана көрсетпей, білегіне сенген Баянды ғана баяндамай, адами жүрегі нәзік, бауырмал, өткеніне өкіне білетін жаны жаралы, жүрегі қарс айырылған, баһадүр батыр емес, бауырын жоғалтқан Баян болатын. Бұл да Жұмахан жайлы аңыздың бір тармағы. актер Белгілі жазушы, сценарист Смағұл Елубаев: «Егер Жұмахан мына жағдайға тап болмағанда, батырлар галлереясын сомдайтын актер еді» дейді өкінішпен. Өте дұрыс айтылған сөз. Шіркін-ай дерсің... Жұмахан экрандағы Ма­хамбетті де, Әбілхайырды да, Абы­лайды да, Қабанбайды да, яғни кез келген батырларды ойнайтын актер еді. Кененбайға ең қиын тигені қыздай қосылған жары Риманың үйден кетуі болды. Ұлы Ильяс пен қызы Алена қолында қалған. Ал сүйген жары кете барды. Келін­шегінің мүгедек адамның қасында ұзақ отыруға шыдамы жетпеді. Жо-жоқ... Қайта кеткені де дұрыс шығар. Беу дүние-ай... Шабандоз рөліне түскен жап-жас, қараса көз тоятын артистке көз тастамайтын қыз болмайтын. Бірақ Кенен­байдың көңілі осы көк көз Римаға түсті. Әкесі Молдан іштей ұлының осы Римаға, өзге елдің қызына үйленемін дегеніне қарсы болға­нымен, ештеңе деген жоқ еді. Қай­ран әкесі іштей сезген екен-ау. Алайда... алайда әттең дүние... Гүлшат Қазақстанның халық әртісі Шолпан Жандарбекованың курсын тәмамдап келгенде 20-дан жаңа асқан болатын. Жалпы, Гүл­шат – Алматы облысының тумасы. Сондықтан да ол оқу бітірісімен алысқа емес, Таразға келді. Қыл­дырықтай қыпша бел, ұзын бойлы, бидай өңді қыз келе сала театрдың «героинасы» болды. Ол келе сала М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Еңлікті, У.Шекспирдің «Отел­лосында» Дездемонаны сомдады. У.Шекспирдің «Гам­летінде» Офелияны, Ш.Айт­матовтың «Ана-Жер-Ана­сында» Жер-Ананы т.б. Гүлшат жарының қиын-қыстау кезеңінде қасында сүйеу бола жүріп, театрда да 60-тан аса рөлде ойнады. Жатақханада көріп жү­ретін қара қызбен Жұмахан Таразда көп сөйлесетін. Екеуі де бірін-бірі ұнатқан... Көп ұзамай үйлі-жа­ранды болды. Үйелмелі-сүйел­мелі Әсел мен Әнель өмірге келді. Тұп-тура Ке­ненбайдың тағ­дырындай, Жұ­махан да көп қи­налды. Көп ойланды. Бірде түн ортасы ауғанда сол қорқынышын әйелі Гүлшатқа айтқан. Ал Гүлшат тек басын шай­қап жылай берді, жылай берді. «Не болса да, мен сенің мәңгі қа­сың­дамын» деген. Кейде мен Жұ­маханның бүгінде тірі жүруі де осы Гүл­шаттың арқасы болар деп ой­лаймын. Бұл сәт, бұл түн Жұмаханды өмірге қайта әкелген. Сол түннен бастап Жұмахан өмір сүрудің не екенін өзіне де, жары Гүлшатқа да, өзге жұртқа да көрсете білді. Иә, Жүкең жайлы бұл да бір аңыз. Жұмахан Әбдіқадыров бүгінде киноға да түспейді. Сахнаға да шықпайды. Омыртқасына бір емес, екі рет ота жасалды. Әсіресе, екінші рет ота жасауына Елбасы Н.Назарбаевтың да көмегі тиді. Елбасы Жұмахан жайлы газеттен оқып, Жамбылға келгенінде ар­найы шақырып, сөйлесіп, Герма­нияда жасалатын отаның ақшасын де шешкен. Өкінішке қарай, ол ота Жұмаханға көмектескен жоқ. Екі қызы бүгінде тұрмыста. Екеуі де Алматыда тұрады. Ал Тараздағы кішкене ғана екі бөлмеде Гүлшат екеуі қалды. Облыстық әкім­шілікке рақмет, осыдан 10 шақты жыл бұрын кішкене машина бер­ген. Бар тірегі тек сол. Ал атақ, орден-медаль жайлы сөз болса, Жүкең үнсіз. Баяғыда ойнаған рөлі үшін кім атаққа ұсынады дейсің?! Әттең дүние-ай... Бір бейнебаян не 2-3 ән айтқан пысықайлар «Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткерін» алып жатқанда, Жұма­ханды еске аламын. Ал Жүкең оған философиялық тұрғыдан қарайды. «Мейлі жастар алсын, бізді қой­шы» дейді ол. Батыр денелі баяғыдай ақкөңіл, таза да дархан Жұмахан Әбді­қадыров күнделік жазады, кітап оқиды, жаңалық көреді, жастарға тілек тілеп, дұға жасап отырады. «Тек еліміз, жұр­тымыз,халқымыз аман болсын!» дейді. Қазақстанның халық әртісі ұлы Кененбай Қожабековтің көрген қияметіндей, Жұмахан Әбді­қа­дыров та азапты күндерді артқа тастап, ертегінің батыр­ларындай ұлы өмір көшінде ілесіп келе жа­тыр. Осы сәтте менде: «Ей, Алла, осындай азаматтың өмірін ұзақ ете гөр, азабын азайта гөр. Бола­ша­ғының қуанышын көрсете гөр!» деп тілеймін. Оған пәтер де, атақ та, орден-медаль да емес, амандық бере гөр деймін!

Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның халық әртісі, режиссер