Жыл сайын экология ахуалы күрделеніп бара жатқанын көріп отырмыз. Оның ішінде ауаның ластануы тізгін бермей тұр. Бұл тұста Теміртау қаласын айтпай кетуге болмас. Бір ғана «АрселорМитталТеміртау» компаниясы бүтін қаланы зиянды қалдығы көп қою түтінге көміп жатыр. Өндіріс болғаны жөн-ақ, әйтсе де қазір қалдықты сүзгіден өткізіп, біраз мәселенің алдын алуға болатын мүмкіндік бар. Дегенмен алпауыт компания осы кезге дейін мұндай оңтайлы амалға көңіл бөлмеген тәрізді. Сөзімізді Экология министрлігі де растап отыр.
Кәсіпорын министрді менсінбей ме?
Жуырда ғана Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «АрселорМиттал» компаниясының вице-президенті Вижай Гоялмен кездесті. Жиын кезінде министр компания басшылығына экология мәселесіне қатысты бірнеше міндет жүктеген. Кәсіпорынға шектен шыққанын ескерткені құптарлық. Әйтсе де, алдымен біз көңіл аударған дүниемізді тілге тиек етсек. Кездесуге компания басшысының өзі емес, орынбасары келді. Осыған қарап, өндіріске қатысты басқосуларда жиі бой көрсетер басшысы экология мәселесіне келгенде кездесуге құлықсыз ба деп болжадық. 2019 жылы да кәсіпорын ауаны ластап отырғаны үшін осындай бір ескерту алды. Одан нәтиже шығарған компанияны көрмедік. Зиянды қалдық көлемін 60 мың тоннаға азайтуы тиіс еді, өзгеріссіз қалды. Салғырттық па? Салғырттық. Қош, енді министрдің баса назар аударған мәселелеріне қайта оралсақ. Ведомство басшысының айтуы бойынша, «АрселорМиттал» металлургия кешені атмосфераға жылына 230 мың тоннадан (2020 жылы 250 мың тонна) астам зиянды заттар шығарады. Қаланың әр тұрғыны шамамен 11 тонна зауыт қалдығын «жұтады» екен. «Кәсіпорында тек қағаз жүзінде көзбояушылық үшін жұмыс істейтін тиімділігі аз табиғат қорғау шаралары енгізілген», – дейді министр. Ақыры жиын соңында Мырзағалиев «АрселорМиттал» басшылығына алдағы 4 жыл ішінде зиянды қалдық көлемін кемі 30 пайызға азайтып, өндірісті жүйелеуді тапсырды. Дегенмен бұл тапсырмалар орындала қоя ма, ол жағы беймәлім, уақыт еншісінде. Негізі, Қазақстан бойынша жыл сайын атмосфераға түрлі стационарлық көздерден 2,5 млн тонна улы газ бен заттар таралады. Соның 10 пайызын, 250 мың тоннасын «АрселорМиттал»-дың бір өзі шығарып отыр. Бұдан кейін «ауа ластайтын алпауыт» демей көріңіз. Компания экология үшін не істеді? Соңғы 5 жылдың ішінде кәсіпорын табиғатты қорғау бағытына 28 млрд теңге жұмсаған. Сондағы жетістігі – зиянды қалдық көлемін бар болғаны 0,08 пайызға ғана азайтыпты. Экология министрлігі 3 жыл бойы мониторинг жүргізген. 19 рет тексеріп, 50 мәрте жазбаша ескерту беріпті. Тіпті, компаниядан 5 млрд теңгеден астам айыппұл да өндірген. Экологияға мән беретін әлем елдерінде кәсіпорындар қалдықты өңдеп, технологияларын жаңартып отыруға міндетті. Жалпы, «АрселорМиттал»-да зиянды түтінді тазалайтын арнайы құрылғылар жоқ емес. Соған қарамастан құрылғы бұзылған уақытта кәсіпорын оны қалпына келтірмей қойған. Оның үстіне, әлі күнге дейін ескірген құрал-жабдықтарды пайдаланған. Осы жайттарды ескерген Экология министрлігі жақында «АрселорМиттал»-ға тағы 1,8 млрд теңгеге экологиялық залал келтіргені туралы шағым айтқан болатын. Бірақ компания мұны да дауға айналдырды. Барлық өңірде экология мәселесі күрделі. Әр өңірдің экологиялық ерекшеліктері бар. Теміртауда ауа тым лас. Егер жөндеп зер салып, жүйелі іс атқарылса, бір-ақ жылдың ішінде мәселені шешуге болар еді. Жаңа Экология кодексі қабылданғанын білеміз. Бірақ механизмдерді жетілдіруге тәжірибеміз жеткіліксіз. Ауа мәселесіне келгенде кәсіпорындар дұрыс жұмыс істемейді, болмаса ескі технологияларды қолданады. Кәсіпорындар стратегиялық бағытын қайта қарау керек. Халық алдында ашық болғаны жөн. Сол арқылы ауа құрамындағы улы газды азайту үшін міндеттеме алып отыруы қажет, - дейді эколог Елдос Абақанов. Жалпы, ауа мәселесі Теміртаудан бөлек, кез келген аймақта оңып тұрған жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының 2018 жылы жасаған мониторингіне сенсек, халқымыздың 30 пайызы, яғни 5 млн-ға жуық қазақстандық атмосфералық ауа ластанған жерде өмір сүріп жатыр. Оның үстіне, 2 млн қазақстандық ауасы шамадан тыс ластанған аймақтардың аранында тұр. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, орташа есеппен елімізде ауа жыл сайын 0,28 градусқа жылынып барады. Бұл да сол өндіріс нысандарының әсерінен. Ал Қазгидромет деректері мұны растап отыр. 2018 жылы Қазақстанның 13 өңірінде ауаның өте лас екені анықталған. Қазақстанның осыдан бірнеше жыл бұрын «Париж» халықаралық келісіміне қол қойғанын білеміз. Енді еліміз 2030 жылға дейін ауаға бөлінетін улы газдың мөлшерін 1990 жылдағыдай азайтуы тиіс. Яғни, парниктік газдар, соның ішінде көмірқышқыл газын мүмкіндігінше шектеп, ауадағы мөлшерін кем дегенде 55 пайызға дейін түсіруі тиіс. Бірақ жоғарыдағы Қазгидрометтің қорытындысына қарап бұл міндеттің орындалуы неғайбіл деген ойға қаласыз.Мадияр ТӨЛЕУ