Ұмыт болған қазақ тағамдары

Ұмыт болған қазақ тағамдары

Бүгінге дейін қазақтың 200-ге жуық ұлттық тағамы анықталған.

Соның 50 түрі "Қазақы ас: Дәстүр мен дәм" атты кітапта анықталып жазылған. Тіпті, олардың әзірлену технологиясы, биологиялық құндылығы жайында білуге болады. Олардың кейбірі бүгінде ұмыт болған. 

Қызығы, сол тағамдардың әрқайсысына қатысты қысқаша ақпарат оқып қана қоймай, оның қалай дайындап, қалай тамақтану керегі айтылған. 

Атап айтсақ: сырбаз қуырдақ, ұн қуырдақ, асқабақ қуырдақ, қарын бөртпе, сүбе орама, жөргем, жаубүйрек, қимай, мипалау, мишұжық, өкпесүт, қансоқта, қымыз қабырға, қарын көмбе, бал бауыр, өрме төс бар. Сонымен қатар, мұнда ақ тағам, үлпершек, бел көтерер, ұлтабар, ұйқыашар сияқты тағамға қатысы бар жөн-жоралғылар сипатталады.


Бұл кітаптың авторы, этнограф, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының материалдық емес мұраларының жетекшісі - Әйгерім Мұсағажинова. 


"Қазақтың ұлттық тағамы алуан түрлі. Ұмыт болған тағамдардың арқасында біз өз тарихымыз бен мәдениетінімізді тірілтеміз. Сондықтан да ұмытылған тағамдарды жаңғыртқым келді" дейді кітаптың авторы Әйгерім Мұсағажинова.

Бауырсақ

Автордың айтуынша, ол осы кітапты жазу үшін бір жарым жыл бойы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, көнекөз қариялардан жазып, жинақтаған екен.

Қымыз
"Әдетте халық арасында "солтүстік өңірдің тұрғындары орысшыл" деген пікір қалыптасып қалған.  Бірақ экспедиция барысында пайдалы ақпараттың көбін осы өңірден жинадым. Ол жақта етті қақтау, ыстау әдістері жақсы сақталған. Сондай-ақ, осы өңірде біз өкпесүт деген ерекше тағаммен таныстық" деді ол.


Кітаптың жарық көруіне септігін тигізіп, экспедициялық жұмыстарды өткізуге  ықпал еткен - «Integra construction Kz», «ERG Комек», Рашид Күзембаев, Диас Сүлейменов, Болат Смағұлов, Жарас Ізгулов, Жарқынбек Бекбауов, Абай Жүнісовтер.

Сурет: Советбек Мағзұмов