Атыраулық экологтерге «Теңізшевройл» компаниясына профилактикалық және жоспардан тыс тексеру жүргізу барысында анықтаған заңсыздықтар үшін алпауыт компаниядан айыппұлды өндірту оңай соқпады. Компанияны айтқанға көндіру – қиын іс.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің қоршаған ортаға келтірген залалдары дәлелді болғанына қарамастан, айыппұл төлемеуге барын салғаны сонша, компания сотқа апелляциялық шағым берген. Алайда Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы «Теңізшевройл» ЖШС-нің апелляциялық шағымдарын қанағаттандырудан бас тартты. Экологтер профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша «Теңізшевройл» ЖШС қоршаған ортаны ластағанын, соның ішінде алау қондырғыларында газ жағу салдарынан нормативтен тыс эмиссиялар бөлінгенін анықтады. Экология талаптарын бұзған «Теңізшевройл» ЖШС-іне еліміздің экологиялық заңнамасын бұзу нәтижесінде келтірілген залалдарды өтеу үшін 726 451 860 теңге көлемінде айыппұл төлеуге нұсқамалар берілген еді. Дегенмен «Теңізшевройл» ЖШС бұл нұсқамаларды ерікті түрде орындамады. Сол себепті Экология департаменті Нұр-Сұлтан қаласының сотына «Теңізшевройл» ЖШС-нен мемлекет пайдасына залалдарды өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінген еді. Атырау облысы бойынша Экология департаментінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісұлының айтуынша, Нұр-сұлтан қаласы сотының 2020 жылғы 21 қазанындағы және 2 қарашасындағы шешімдерімен департаменттің «Теңізшевройл» ЖШС-іне қатысты талап арыздары қанағаттандырылды. Бірақ мұндай үкіммен келіспеген компания біз сөз еткен нұсқамалар мен сот шешімдерінің күшін жою, талап арыздарды қанағаттандырудан бас тарту және жаңа шешімдерді қабылдау туралы апелляциялық шағым берді. Абырой болғанда, Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы «Теңізшевройл» ЖШС-нің апелляциялық шағымдарын қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімдері заңды күшіне енді. Осылайша, облыстық Экология департаменті компаниядан сөз басында айтылған соманы өндіріп алды. Алайда компания бұдан кейін қоршаған ортаға залалын келтірмейді дегенге сенім жоқ. Өйткені бұл сома компанияның экологиялық талаптарды бұзғаны үшін төлеген алғашқы айыппұлы емес.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы