Тегін тамақ берілмейді
Тегін тамақ берілмейді
266
оқылды

Қарағанды қаласында 2 000-нан астам оқушыға мек­тепте берілетін тегін та­мақ тоқтатылды. 2020 жыл­дың 1 қаңтарында еліміз­де атаулы әлеуметтік көмектің жаңа фор­маты енгізілгені белгілі. Осыған орай, бұрын тағайын­дал­ған атаулы көмек күшін жойды, сәйкесінше аз қам­тыл­ған отбасылардың бала­ла­ры енді мектепте тегін ыс­тық тамақпен қамтамасыз етіл­мей отыр.

Тұңғышбаева Диана – бес балалы ана. Қарағанды қаласы Сұрыптау ауданында жатақхана жалдап тұрады. Мектепке үш баласы барады. Қысқы кани­кул­дан кейін Диананың балаларына мек­тепте тегін тамақ берілмейтін болыпты.

«Атаулы әлеуметтік көмек 2019 жылдың сәуір айынан 2020 жылдың сәуір айына де­йін беріледі» деп жұмыспен қамту орталығымен бір жылға ке­лі­­сімшартқа отырған едік. Аяқас­тынан қаңтар айының 1-нен бастап тоқтатты. Үкімет келі­сімшартты біржақты бұз­ды. Халықтан сұраған жоқ. Жал­ғыз мен емес, Қарағанды облы­сын­дағы 6 мыңға жуық адамның атау­­лы әлеуметтік көмегі осылай аяқ астынан тоқтатылды. Жақсы, заң қабылданып қойды. Енді оған мектептен берілетін тегін та­­мақтың қатысы қанша? Жыл­­­да тегін тамаққа құжатты қыр­­­күйекте тапсыратынбыз, сосын ол мамыр айына дейін үзбей берілетін. Қыс ортасында қаңтарда тоқтатып тастады. «Атаулы әлеуметтік кө­мек та­ға­йындалғаны туралы анық­тама әкеліңдер» дейді. Оған қайта құжат тапсырдым, енді комиссия келу керек, оны тағы он шақты күн қарайды, Үкімет бекітеді. Сөйтіп жүргенде қаңтар бітеді. Ал менде 3 оқушы бар. Үшеуіне күнде тамаққа ақша беру отбасы қаражатына әжептәуір салмақ салады. Менің бір жастағы балам бар. Құжат жинайын десем, ба­лам­ды қалдыратын адам керек. Бұл туралы мектеп каникулы кезін­де ескертсе, мұндай әуре-сарсаң болмайтын еді. Балалар сабаққа шыққан кезде бір-ақ білдік. «Бастауыш сыныптың бар­лығына тегін тамақ беріледі» деге­ні қайда?» дейді көпбалалы ана.

Қалалық білім бөлімі­нің басшысы Гүлсім Қожахметова­ның айтуынша, барлығы заң аясында. Мектепте берілетін тегін ыстық тамақ бірнеше кате­­гориядағы отба­сылардың бала­ла­рына бе­рі­леді. Оларға АӘК алатын отбасылар, асыраушысыз қалғандар мен жетім балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар жатады. Бұл жолы АәК алып отырған отбасылардың оқушыларына ғана тегін тамақ тоқтаған. Қалған категория бойынша тамақ беріліп жатыр.

– Нормативтік құжаттардағы өзгерістерге сәйкес, 2019 жылы қолданылған атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жөніндегі барлық шарттар 2019 жылдың 31 желтоқсанынан бастап кү­шін жойды. 2020 жылдың қаң­тар айынан бастап атаулы әлеу­меттік көмек тағайындау ере­жесі және заңына (ҚР 26.12.2019 ж. №287-VI Заңына) сәй­кес жаңа форматта атаулы әлеу­меттік көмек енгізілген. Атал­ған жаңа форматтағы атаулы кө­­мек тағайындау барысында кепіл­­дендірілген әлеуметтік па­кет қарастырылған. Қазіргі уа­қытта білім ұйымдарында атау­лы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың және көпбалалы отба­сылардың балаларына әлеу­­меттік көмек көрсету және тегін тамақтандырумен қам­та­ма­сыз ету үшін қажетті құжат­тар­ды жа­ңарту жұмыстары жүр­гі­зі­лу­де. Сондықтан бүгінгі күні те­­гін ыстық тамақпен қа­жет­ті құ­жаттарын жаңартып тап­сыр­ған отба­сылардың бала­лары қам­тыл­ған. Осыған байланысты көпбалалы отбасыларға және атаулы көмек алатын отбасыларға құжаттарын жаңартуды ұсына­мыз, – дейді білім бөлімінің бас­шысы.

Қарағанды қаласында тегін тамақ ішіп жүрген 5 мыңнан аса оқушының 2 мыңға жуығына тамақ беру уақытша тоқтатылды. Бұл оқушылардың ата-аналары жалақылары күнкөріс шегінен төмен екенін дәлелдейтін құ­жат­тар тапсыруы қажет. Яғни, жалақы, жәрдемақы, алимент, т.б. кірістерді есептегенде, отбасы табысы әр жанға шаққанда 29 мыңнан аз болса тегін тамаққа ілігеді.

Қарағанды облысында 2019-2020 оқу жылында тұрмысы төмен отбасылардың оқушыларына тегін тамақ, киім-кешек, кеңсе тауарларына, лагерьге жіберу мақсатында 1,4 млрд теңге бөлін­ді. Қарағанды облысында 2019 жылы бұл мақсатқа бөлінген қаржының 556,8 млн теңгесі 20 297 оқушының ыстық тамағын ұйымдастыруға жұмсалды.

Жаңа форматты атаулы әлеу­мет­тік көмек мектепте тегін тамақ ішетін оқушыларды ғана әуре-сарсаңға салған жоқ, жеңілдікпен ипотека алғандарға да әсер етуде.

Көпбалалы ана Назгүл Ра­шева­ның баласы да мектептегі те­гін тамақтан қағылды. Өзі жас баламен үйде, жолдасы жұ­мыс істейді. Биыл бұл отбасы «Ба­қыт­­ты отбасы» бағдарламасы бо­йынша 2 пайызбен ипотекаға пә­тер алды. Бірнеше жыл үй кезе­гін­де тұрған жас отбасы үшін бұл – үлкен қуаныш. Несиеге кепіл болған адамның зейнет жасы жақын болғандықтан, ипотека аз жылға берілді. Айына 100 мың­нан төлеу керек. Өңір үшін де, жас отбасы үшін де бұл аз ақша емес. Бала өсіп, жұмысқа шық­қанша, атаулы әлеуметтік көмек ипотека төлеуге себеп бо­лар деп ойлаған. Үміті су сеп­кен­­дей басылды. Ипотеканың ал­ғашқы жарнасы үшін қала әкім­дігі берген 1 млн теңгелік сер­тификат АӘК тағайындар кезде табыс болып есептеледі. «Былай тартса өгіз өледі, былай тарт­са арба сынадының» кері. Аз қамтылған отбасыларға берілген ипотеканың АӘК алуға кедергі болуы жас отбасын таңғалдырып отыр.

 

Lassat.JPG       Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
                             Қарағанды облысы