Былтыр жыл басында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бала күтіміне байланысты 1 жасқа дейін берілетін жәрдемақы мерзімін ұзарту туралы жап-жақсы ұсыныс айтқан. Сол кездегі министр Нұрымбетовтің аузынан шыққан сөз әзірге іс жүзінде орындала ма, жоқ па белгісіз. Әйтсе де, демографиялық дүмпуді қаласақ, бұл мәселеге бейжай қарамай, реформа жасаған да жөн болар. Сарапшылардың бұған қатысты пікірі мен ұсыныстарын да білдік.
Алдымен қазіргі жай-күй жайлы бірауыз айта кетсек. Бүгінде бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы көлемі әйелдің жұмыс істейтіні не жұмыссыз екеніне қарай белгіленеді. Яғни, егер декретке шыққанға дейін әйелдің тиісті төлемдер түсіп тұрған тұрақты жұмысы болса, жүктіліктің 30-аптасында еңбекке жарамсыз болғанына байланысты демалысқа шығады. Босанғанға дейін берілетін бірреттік жәрдемақы мөлшері әркімде табысына қарай әртүрлі. Былайша айтқанда, жолақы көлеміне қарай анықталады. Бұл – жұмысы бар әйелдерге ғана берілетін жәрдемақы. Ал енді жұмыссыз әйелдер бұдан үміттенбесе де болады. Өйткені ол салық төлеп, зейнетақы жинағына ай сайын ақша салып тұрған жоқ-мыс. Аналарға берілетін жәрдемақының ендігі түрі – бала өмірге келгенінде төленетіні. Ол бәріне бірдей көлемде, нақты айтқанда 2021 жылы бірінші, екінші, үшінші балаға – 110 846 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 183 771 мың теңге. Әлбетте, егіз, үшем не төртем өмірге келген жағдайда әр балаға жеке төленеді. Жөргекпұлдың бұл түрі жұмыссыз, жұмысы бар әйел екеніне қарамастан беріледі. Үшінші жәрдемақы – бала күтіміне байланысты, 1 жасқа дейінгі берілетіні. Мұнда да жұмыс істейтіні не істемейтіні есепке алынады. Егер жұмыссыз болса, баланың жасы бірге жеткенше бірінші балаға – 16 802 теңге, екінші балаға – 19 865 теңге, үшінші балаға – 22 889 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 25 962 теңге көлемінде бекітілген. Ал декретке шыққанға дейін жұмыс істеген әйелдердің соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысы 24 айға бөлініп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіледі. Одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы алынады. Былай қарасаңыз, жүйе әділ секілді. Яғни, еңбек етіп, табыс тапсаңыз, экономикалық белсенді азамат болсаңыз, сәйкесінше жәрдемақы да жоғары болады. Дегенмен Қазақстанның демографиялық ахуалды түзетіп, халық санын көбейткісі келетін дамушы ел екенін ескерсек, тіпті жұмыссыз әйелдердің өзіне бала тууға құлшыныс қажет-ақ. Сонымен бірге жұмыс істеген әйелдердің келесі баланы босанардан бұрын кемі бір жыл жұмыс істеп, қор ретінде ақша жинап барып жүктілікті жоспарлауына тура келетіні тағы бар. Яғни, босанғанына байланысты декретке шыққан жұмысы бар әйел декретте отырған сәтте тағы бір бала туатын болса, ендігісіне ол жұмыссыз әйел есебінде шығады. Тиісінше, минимал сомадағы жәрдемақы иеленеді. Болмаса баласы бірге толғаннан кейін қайтадан жұмысқа шығуға мәжбүр болады. Ал мемлекеттік балабақшалардағы орын жетіспеушілігін айтпағанда, үш жастан кейін ғана қабылдайтыны тағы бір мәселе. Бүгінде бір жастан асқан балаларды қабылдайтын тоддлер топтары бар жеке балабақшалардың айлық ақысы бас қалада орта есеппен 100 мың теңге шамасында. Ал бала күтушісінің айлығы да жұмыс іздеуге арналған ресурстарда ең аз дегенде 120-150 мың теңге шамасында. Мұны екінің бірінің қалтасы көтеруі екіталай. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова өзге елдермен салыстыра келе бізде жәрдемақы көлемінің жеткіліксіз екенін айтып отыр. «Көп елдерде бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы әйелдің жалақысына байланысты беріледі. Мысалы, Норвегия, Латвия, Швецияда айлығының 70-80 пайызы төленеді. Немесе төлеу мерзімі ұзақ елдер де бар. Айталық, Ресейде 3 жасқа дейін беріледі екен. Бір жарым жасқа дейін көбірек, кейін азайтылады. Ұлыбританияда он жасқа дейін төленеді. Әрине, көлемі көп емес. Дегенмен кішігірім қолдау мақсатында берілсе керек. Өз басым, әйел бала күтімімен үш жасқа дейін отыратын болса, сол мерзім бойы төленуі қажет деп есептеймін. Кезең-кезеңімен жалақысына байланысты берсе болады. Бұл дегеніміз, бір жасқа дейін айлығының 100 пайызын, екі жасқа дейін – 80 пайызын, үш жасқа дейін 60 пайызын бергені жөн. Жұмыс істемейтін әйелдерге де жәрдемақыны баланың үш жасына дейін төлеу керек. Байқасақ, туу көрсеткіші бойынша бізде ауылдық жерлерде статистика жоғары. Оның себебі – қазіргі бала санына берілетін жәрдемақының стимул болып отырғаны. Қазақстан үшін демография – стратегиялық маңызы бар мәселе. Оны жан-жақты қолдау қажет. Әр баланың өмірге келуі ол отбасындағы әлеуметтік жағдайды, мәселен баспана мәселесін шешетін болса, бізде көпбалалы болуға ұмтылатындар көбейеді. Жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесінде негізгі құндылықтың үштігінде отбасы, бала және денсаулық тұр. Сонымен бірге бізге Ресейдегідей ана капиталын енгізіп, әр балаға 1 млн теңге көлемінде қаражат бөлінсе демографиялық дүмпу болады деп ойлаймын», – дейді сарапшы. Осыдан 9 жыл бұрын, 2012 жылы сол кездегі сенатор Ғани Қасымов осы мәселені көтерген. Қазақстанда бэби-бум болуы үшін ана капиталы қажет деген болатын. Кем дегенде 2 млн теңге көлемінде қаражат берілсін деген депутат азық-түлік бағасының шарықтауы, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмек бағасының қымбат екенін алға тартқан. Дегенмен Қасымовтың бұл ұсынысы елеусіз қалған. Сол жылдары Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы болған Гүлшара Әбдіқалықова бұдан айтарлықтай нәтиже болмауы мүмкін деген еді. Былтыр бала күтіміне байланысты жәрдемақы мерзімін ұзарту мәселесі көтерілгенімен, әзірге бұған қатысты алға жылжу байқалмайды. Сала министрлігіне жолдаған сауалымызға «елдегі экономикалық ахуалға байланысты қосымша қарастырылуы мүмкін. Өйткені қаражат талап етеді» деп жауап берді. Күні кеше, 20 ақпан күні Жамбыл облысы Талас ауданындағы Үшарал ауылында Әбдімәліковтер отбасы кәмелетке толмаған бес баласын жерлеген еді. Сарысу ауданы Жаңатас кентіндегі пәтерде шыққан өрт салдарынан бес бүлдіршіннің ғұмыры үзілген. Мұндай жағдай бізде бірінші болып тұрған жоқ. Ситер отбасы туралы да жарыса жаздық. Бәрінің астарында әлеуметтік жағдай жатыр. Яғни, бала-шағасын асыраудың қамын істеген ата-ана ақыры сан соғып қалды. Егер әр анаға баласын адам қатарына қосқанша жанында еш қамсыз отыруға мүмкіндік жасалса, мұндай қайғылы жағдайдың саны азайып, бала саны әлдеқайда артар ма еді?!Жадыра АҚҚАЙЫР