Мемлекет басшысы төрағалық еткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов адамзаттың данасы атанған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуге барлығы 20 миллиард теңге жұмсау жоспарланғанын жариялады. Былтыр Үкімет торқалы тойға 3 млрд теңге қарастырылғанын айтқан. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімге 20 млрд соманы қысқартуды тапсырды.
Бізде екі-ақ даңғылымыз бар, бірі – Шәкәрімнің, екіншісі – Мұхтар Әуезовтің атында. Сол даңғылдарымыз жыл сайын кішірейе, қысыла келе, бүгінде тар көшеге айналып барады. Бұған да назар аударылса деймін. Тарихи орталық мәртебесіне қол жеткізгеннен кейін шаһар облыстың шектеулі бюджетіне тәуелді бола бермей, республикалық бюджеттен де лайықты қаржыландырылуы керек.
Басқаны айтпағанда, орыстар осы жерде XVII ғасырда қалмақтардың 7 будда храмының болуына байланысты бекінісін «Семипалатинск» атаған. Кейін қалмақты қазақ батырлары ығыстырды. Жоңғарлардан бұрын осы жерді түркітілдес тайпалар мекендеген. Қимақ мемлекеті де дәуірлеген. Тарихтың бұл қатпарларын ашып, сырына қанығу үшін археологиялық және басқа да ғылыми зерттеулер қажет. Қаланы тарихи орталық деп атайды екенбіз, ендеше саяхатшыларға нақты мәлімет беруі үшін бұл мәселеге нүкте қоятын кез жетті. – Мерейтой жобалары идеологиялық, рухани және ағартушылық міндеттермен бірге облыстың экономикалық, инфрақұрылымдық, туристік әлеуетін ары қарай дамытатыны мәлімделді. Ел Президентінің тапсырмасымен әзірленген Семейді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 7 бағытты қамтитын, жалпы сомасы 260 миллиард теңге тұратын 56 жоба іске асырылмақ. Сіз Семей тұрғыны ретінде қалада қандай өзекті мәселелер шешілуі тиіс деп санайсыз? – Көкейтесті проблемалар жетерлік. Шұрық тесік жолдар, қараңғы көшелер, тұрғындардың төмен тұрмыс сапасы. Семей – облыс орталығы саналмайтын Қазақстандағы ең ірі қала. Облыс орталығы мәртебесінен айырылып қалғанына да 23 жыл өтті. Содан бері жұртшылық «көрген күнің құрысын» дейтін жағдайда. Тіршілік дүниесі, соның ішінде сумен, жылумен жабдықтау жүйелері күйреп жатыр. Тұрғындар арасын жұмыссыздық жайлаған. Қала бұрын тіпті жеңіл өнеркәсіптің бір астанасы болған. Бұл өнеркәсіптің сау-тамтығы қалмады. Бірде-бір нысаны сақталмады. Бұрынғы тарихи деген ғимараттардың көбі қиратылып, орнын сауда-саттық, ойын-сауық нысандары басты. Семейде жердің бәрі сатылып кеткен. Салдарынан қала ортасында шағын мемлекеттік балабақша тұрғызуға бір сүйем жер қалмады. Даниал Ахметовке және қала әкіміне рақмет, жаңа ықшамаудан бой көтерді. Бірақ орталықта жер қалмағандықтан, оның барлығы тек қаладан тысқары жерге өркен жаюға мәжбүр. Қалалықтардың денсаулығын, сау-саламаттығын қамтамасыз ететін үлкен аурухана мен емханамыз да соның жолын құшты, яғни қала шетіне кетті. Бізде екі-ақ даңғылымыз бар, бірі – Шәкәрімнің, екіншісі – Мұхтар Әуезовтің атында. Сол даңғылдарымыз жыл сайын кішірейе, қысыла келе, бүгінде тар көшеге айналып барады. Бұған да назар аударылса деймін. Тарихи орталық мәртебесіне қол жеткізгеннен кейін шаһар облыстың шектеулі бюджетіне тәуелді бола бермей, республикалық бюджеттен де лайықты қаржыландырылуы керек. Көңіл бөлінсе, Семейді жәннаттай қалаға айналдыруға болады. – Абай мерейтойы аясында ұлы ақынымызға қатысты қандай шаралар қолға алынуы тиіс? Абайды әлемге танытудың жаңа тәсілдері неге қолданылмайды? – Әр жерде Абай орталықтары жұмыс істейді. Бірақ олар Абайды тану және әлемге таныту үшін нендей еңбек сіңіріп жатыр? Әрқайсысы ұлы ақынымызды әрқилы түсіндіреді, бұлай болмайды. Мысалы, әлем жұртшылығы біле бермейтін «хәкім» деген мәртебе бар. Алғаш рет Мағжан Жұмабаев «Абай хәкім» деп атап, дәйектеген. Бертінде отандық зерттеушілер хәкімдік қырын ашу жолында еңбектенді. Шет тілдеріне ақынымыздың бұл мәртебесі аударылмайды. Бірақ Абай одан да жоғары көтеріле алған тұлға екені айқындалуда. Ал хәкімдіктің ар жағында пайғамбарлық тұр. Біз әлемге танытар болсақ, қазақ арасынан да пайғамбарларға теңесе алар тұлға шыққанын дәлелдеуге тиіспіз. Ол үшін терең әрі халықаралық деңгейдегі ғылыми зерттеулер жүргізілуі қажет. Бұл асыра айтқандық емес. Өзім ширек ғасыр бойы Абай мен оның ізбасары Шәкәрім мұрасына қанығып, зерделеп жүрмін. Сонда көзім жеткен соң айтып отырмын. Жалпы, Абай Құнанбайұлына қатысты жаңа деректер заманауи қалыпта, қызықты түрде ұсынылуы керек. Абай – толық зерттелмей жатқан тұтас ілім. Абай болашаққа қарап, бізге не айтты және не айтпақшы болды? Біз алда Абайды жаңа қырынан танып білеміз деген ойдамын. «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі», – дейді Абай. Осындағы «жүректің көзі» деген не, оны ашу деген нені білдіреді? Ұлы ақынымызды тыңдай түссек, адамда екі көзден басқа да көздер бар. Абайды тану адамзат жаратылысын танумен астасып жатыр. Тереңдігін осыдан түсінеміз. Бізге оның ылғи жұмбақ болып тұратыны да сондықтан. Айхан ШӘРІП