Мал экспортының нарықтағы ет бағасына қатысы жоқ – А.Мамытбеков
Мал экспортының нарықтағы ет бағасына қатысы жоқ – А.Мамытбеков
238
оқылды

«Қазақстанның ет одағы» бірлестігінің басшысы Асылжан Мамытбеков елордада өткен брифингте тірі малды экспорттауға қойылған шектеуге қатысты пікір білдірді.

«Малды тірідей экспорттауға шектеу қоюдың бір себебі – ішкі нарықта еттің бағасын төмендету тапсырмасын орындау. Алайда бұл жағдай ішкі нарық деңгейіне ешқандай ықпал етпейді. Егер осы құжат жүзеге асып, малды тірідей экспорттауға шектеу қойылса, баға төмендемейді, тек делдалдардың табысы арта түседі», – деді А.Мамытбеков.

Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстаннан 160 мың бас ірі қара шығарылған.

«Ет нарығы заңдастырылмаған. Көп нәрсе, оның ішінде мал бордақылау орындары көлеңкеде қалып отыр. Мал иесінен тұтынушыға дейін зерттесеңіз, етті сатып алып, қайта сататындар көп. Салықтық жүйе жетілдірілмеген. Көлеңкеде сауда жасаудың ыңғайлырақ болатыны сондықтан. Министрлік экспортты шектеп тастамай, осы бағыттағы мәселелердің бәрін ретке келтіру керек. Малдың тірідей сатылып кетуі – оның бағасына оң әсерін тигізіп отыр. Алайда бұл жағдай дүкендегі немесе базардағы ет өнімдері бағасына ешқандай әсер етпейді», – деді «Қазақстанның ет одағы» бірлестігінің басшысы.

Сонымен қатар, ол импортқа қатысты пікірін білдірді.

«Импорт туралы сөз қозғағанда АҚШ, Канада секілді мемлекеттер өнімді экспорттаған деңгейден кем импорттамайды. Ол жақта импортталған ет қайта өңделеді. Ал өзінің қымбат өнімін ол елдер экспорттауды жолға қойған», – деді А.Мамытбеков.

Айта кетейік, жақында ғана ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тірі малдың экспортына тыйым салу мәселесін қарастырып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.