Жұмыссыз жастар қай өңірде көп?

Жұмыссыз жастар қай өңірде көп?

2020 жылдың IV тоқ­­са­нында елде 15 пен 28 жас аралығындағы 76,6 мың жұ­­мыссыз жас тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғыға қараған­да 5,5 пайызға аз. Олардың ішінде 32,5 мың ер адам және 44,1 мың әйел адам бар. Оның 48 мыңы қа­ла­ларда, 28,6 мыңы ауылдық жер­лерде тұрады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,6 пайыз болған. Әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейі – 4,4 пайыз, ерлерде 2,9 пайызды құрайды. Өңірлер бойынша жұмыссыз жас­­тардың басым бөлігі Алматыда тұрады. Қазақстан бойынша халықтың 18,9 пайызы немесе 14,5 мың адам жұмыссыз. Бұл бір жыл бұ­­рынғы көрсеткішке қарағанда 12,5 пайызға аз. Одан кейін Алматы (9,7 мың адам) және Түркістан (6,7 мың адам) облысы тұр. Жұмыссыздар саны өскен облыстар қатарында Солтүстік Қазақстан (жылына 34,3 пайызға) және Павлодар (33,9 пайызға) облыстары бар. Әр өңірде көрсеткіш 2,1 мың адамға дейін өскен. Сондай-ақ Ақмола облысында жұмыссыздар саны айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, 2,4 мың адам­ға дейін артқан. Яғни, жылдық өсім – 22,8 пайыз. Сол сияқты көрсеткіштің тө­­мендеуі байқалған өңірлер де назардан тыс қалмады. Нақтырақ айтқанда, жұмыссыздық көрсеткішінің азаю фактісі Ақтөбе облысында тіркелген. Облыста бар болғаны 1,2 мың жұмыссыз бар екен. Жұмыссыздар ішінде 21,1 мың адам (бір жыл бұ­рынғыға қарағанда 21 пайызға көп) үш айдан алты айға дейін жұмыс іздейді. Тағы 21 мың адам бір айдан үш айға дейін жұмыс табуға тырысады (жылына минус 22 пайыз) екен. 14,5 мың жас алты айдан бір жылға дейін жұмыс іздейді, 13,9 мыңы бір айдан аз уақытта жұмыс табады. 102 адам жұмысты немесе бизнесті бастау туралы келісім алған.

Айша ЕРСҰЛТАН