Жастар Zhas Project қаржысын жымқырды ма?

Жастар Zhas Project қаржысын жымқырды ма?

2017 жылы елімізде Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасы жанданғанын жұрт  жақсы біледі.  Жобаның негізгі мақсаты – жастардың қоғамдағы орнын табуына көмектесу, белсенділігін арттыру, жұмыссыздардың санын азайту. Сол үшін осынау жобаға мил­лиондаған қаржы бөлінген еді.  Жамбыл облысы да жобадан тыс қалмады. Алайда бөлінген қаржының орынды  жұмсалғанына қатысты көңілге күдік ұялайтын тұстар бар.

Гранттық бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар қатысуға мүм­кіндік алса,  бір әлеуметтік жобаны кемі 3 адам бірігіп, дайындау талап  етілді.  Үш кезеңнен тұратын іріктеуден сүрінбей өт­кен­дер 1 миллион теңгеге ие болып,  алты ай ішінде өз  жобаларын жүзеге асыру мін­дет­телді. Сондай-ақ оларға 40-60 мың теңге аралығында  шәкіртақы төленді. Есесіне, жоба жеңімпаздары  халыққа жарты жыл тегін қызмет көрсетуі қажет бол­ды. Жастар кәсіпкерлігін жандандыруға бағытталған осындай бастаманың шара­патын жастардың дені көрді. Алайда атал­ған грант иегерлерінің барлығы бірдей жобаларын жүзеге асыра алды ма? Олар қазір қайда және қандай кәсіппен айна­лысуда? Биыл бұл бағытқа қаржы қарала ма?

Қанша жобаға қаржы қаралды?

Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2018 жылы өңір  жастары 555  жоба ұсынып, оның 222-і қол­дау тапқан екен. – Zhas Project өз кәсібін ашамын деген та­лай жасқа жол ашты. Қолдау тапқан жо­ба­лардың 56-ы  ауыл шаруашылығы сала­сына бағытталса, 47-і білім, 37-і халыққа қызмет көрсету, 8-і ғылым және техника, 17-і  саламатты өмір салтын қалыптастыру, 14-і мәдениет, 5-і туризм және 22-сі түрлі бағытқа бағытталды.  Нәтижесінде, өңірге 435 миллион  теңге көлемінде инвестиция тар­тылды. Жалпы, жоба аясында өңірдің 762 жас азаматы жұмыспен қамтылса, оның 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

Жас кәсіпкерді аудан әкімі неге қолдамайды?

222  жоба қолдау тауып, жастар 435 миллион теңгеге қол жеткізуі, әрине  үлкен олжа. Осы ретте бойына жан біткен жоба иелері қазір қандай бизнеспен айналысып жатқанын өздерінен білген едік. – 2018 жылы Zhas Project жобасына қыш құмыралар шығаратын жобамды ұсынып, грант иегері атандым. Құмыра жасайтын бір құрылғыны сол кезде 485 мың теңгеге сатып алдым. 3 қыз бірігіп, 6 ай мектеп оқушыларына құмыра жасау бойынша тегін дәріс бердік. Осы мерзім ішінде 40 мың теңге көлемінде шәкіртақы  төленді. Алайда алты айдан кейін тауа­рымыз­ға сұраныс аз болғандықтан, кәсі­бімізді жабуға тура келді. Бір құрыл­ғыны қолөнер  шеберіне сатсам, екіншісі үйде тұр. Қасымдағы қыздардың бірі бала күтімі­мен демалысқа кетсе, екіншісі қоғам­дық жұмысқа бет бұрды. Содан жалғыз қа­лып, қазір қыш құмыра жасайтын шебермен келісімшартқа отырып, дайын бұйымдарды дү­кендерге жеткізіп беру­демін. Меркі ауданында қыш бұйымдарға сұраныс жо­ғары болмағандықтан, 2019 жылы «Бизнес Бастау» жобасымен қосым­ша 505 мың тең­ге грант алдым. Сол сәттен бастап был­ғары әмияндарға тапсырыс беріп, сыртына Меркі ауданының лого­типін жапсырып сатудамын. Бұл тауарыма да сұраныс жо­ғары дей алмаймын. Егер жергілікті билік қолдау білдіріп, тауарымды жарнамалауға көмектессе, тығырыққа тірелмес едік. Алайда бизнес бастағаныма екі жылдан асса, да аудан әкімі бір шақы­рып жағ­дайы­мызды білген  емес. Осы жағы қынжылта- ды, – дейді жоба жеңімпазы Ажар Жү­ніс­ова. Міне, грант иегері кәсіпті ашқанымен, оны жүргізу қиынға соғып жатқанын айтып отыр. Сондай-ақ жас Меркі ауда­нының әкімі Мейірхан Өмірбековтен қолдау күтуде. Алайда жергілікті билік екі жылдың ішінде жас кәсіпкердің жағдайын сұрап, кәсібін көзбен көрмегені ойға қалдырады.

Грант иегерлерінің арасында алаяқтар да болған

Негізі, жоба жеңімпаздарына жергілікті билік тарапынан тиісті деңгейде қолдау болмай  жатқанын аңғару қиын емес. Оған дәлел бүгінге дейін 12 грант иегері жобаларын жалғастырудан бас тартқан. Оның 6-ы Тараз қаласынан болса, Шу ауданынан – 3 және Жамбыл, Жуалы, Сарысу аудандарынан бір-бір грант иегері жобасын тоқтатқан. Мұның себебін білмек мақсатта  Zhas Project жобасының өңірлік үйлестірушілеріне хабарластық. – 12 жоба жүзеге аспай қалғаны рас. Оның дені топтағы адамдардың тарап кетуі немесе қаржылық сауаттарының бол­мауы­нан. Тіпті, 8 жобаның жеңім­пазы алаяқ болып шықты. Ондай азаматтар Тараз қаласы мен Байзақ ауданынан тір­кел­ді. Сол себепті біз қаржының екінші бөлігін аударуды тоқтаттық. Алайда атал­ған азаматтар алып қойған қаржының бір бөлігі мен 3 ай төленген шәкіртақыларын осы күнге дейін қайтармай келеді. Десе де, 2 жобаның жеңімпаздары гранттан бірден бас тартып, олармен мәселе түйткілсіз шешілді. Бір жобаны жеңімпаз емес, оның ағасы жүргізгендіктен, онымен де келісім­шартты бұздық. Бір сөзбен айтқанда, грант иегерлерінің басым бөлігі NЕЕТ жастардың  қатарынан болғандықтан, қарапайым компьютерді білмейтіндер көп. Сондықтан көптеген жоба тоқтап қалды. Жергілікті билік өкілдерінен қолдау мен қадағалау болмағандықтан, грант ақшасын өзінің бас пайдасына пайдаланған жастар да кезікті. Тағы бір мәселе – жоба талабы бойынша үш адамнан құралған топта міндетті түрде мүм­кіндігі шектеулі азамат болуы керек еді. Алайда 222 жоба тек 33 мүгедек аза­матты жұмыспен қамтыды.  Міне, осындай келеңсіздіктен кейін пилоттық жоба Жам­был жерінде жалғасын таппады, – дейді  Zhas Project жастар корпусын дамыту орта­лығының гранттық менеджері Еркін Қайыр­бекұлы.

435 миллион теңгенің қайтарымы қайда?

Жауапты маман осылай бүкпесіз бар шындықты жайып салды. Демек, қаржылай қолдау тапқан  222 жоба жеңімпаздарын шындап тағы бір тексерсе, талай былықтың беті ашылатын секілді. Оған дәлел меркілік  Ажар Жүнісованың өзі қыш құмыраларын жасайтын құрылғысын сатып жіберіп отыр. Орталық менеджері Еркін Қайыр­бек­ұлы­ның айтуынша, 6 айдан кейін жастар алған қондырғыларын сатуға  құқы­лы екен. Тек 5 жыл бойы тауарды сатып алған чектерін сақтаса болғаны. Осы сәтте Zhas Project жобасы жастар кәсіпкерлігін дамытуды емес, балға бармақ батыруды көздеген бастама деген ой келеді. Олай дейтініміз, грант жеңімпаздары 6 айдан кейін кәсібін  жауып, ал қондырғыларын қайта сатып жіберуге құқылы болса, сонда өңірге бөлінген  435 миллион теңгенің қайтарымы қайда? Жастарға арналған жобаның көздеген мақсаты осы ма еді? Қалай алып қарасақ та, Zhas Project жобасы  жастардың уақытын текке  өткізіп, көзбояушылық үшін  жанданған бастама емес. Сондықтан әрбір жобаға жанашыр­лықпен қараған жөн. Тағы бір қызықты жайт, жоба жеңімпаздарының арасында ұсынған кәсібінен мүлде хабарсыз азамат­тар да бар болып шыққан.  Мәселен,  шаш­тараз бизнесін ашуға ниет білдірген топ мүшелерінің бірде-біреуі шаш ала алмай­тыны анықталған. Сондықтан олар шаш алуға қосымша адам жалдаған. Осылайша, грант иегерлері  6 айлық шәкіртақысын шаш алатын шеберге төлеп, тұрғындарға тегін қызмет көрсеткендей болған.  Ал кейбір жоба жеңімпаздары  бизнесіне алын­ған қондырғыларды сатып, топ мүше­лері ақшасын өзара бөліп алған. Бұған енді не деуге болады? P.S.

Осылайша, басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сылдыр суға, ал кейбір жоба жеңімпаздары қуға айналып отыр. Сон­дықтан Zhas Project жобасының жеңімпаз­дарын тағы бір мәрте сүзгіден өткізу қажет-ау. Өйткені  «біз жастарды жұмыспен қамтып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп жатырмыз» деп сүйіншілеп жатқанда, ертең барлық былықтың беті ашылып, бармақ тістеуіміз  бек мүмкін. Ал ең сорақысы – біз жастарды қолдаймыз деп оларды қаржы жымқыруға үйретіп жатқанымызды аңғар­май отырған секілдіміз..

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы