Бабаларымыздың сан ғасырларға созылған күресінің ұлы жемісі – Тәуелсіздік. Биыл – Тәуелсіздігімізге 30 жыл! 30 жылда ұлт тарихын түгендеп, толықтырып, зерттеп-зерделей алдық па? Жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жанды ма? «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Елбасы: «Ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады» деп жазады. Бұл – тарихқа дұрыс көзқарас. Қазақ тарихының да тамырына терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туды. Бұл мүмкіндікті тарихшылар қалай пайдаланып жүр? Біз бұл сауалымызды белгілі тарихшы Бүркітбай Аяғанға қойған едік.
– Елбасы «Бабаларымыздың сан ғасырларға созылған күресінің ұлы жемісі ретінде Алла Тағала бізге тәуелсіздігімізді нәсіп етті. Бар тарихымызды түгендеп, оны жастарымыздың санасына сіңіре білгенде ғана іргесі мығым, мақсат-мүддесі айқын, қуатты елге айналамыз» деді. Қуатты, іргелі елге айналу жолында атқарылған істер қандай? – Әлемде жүздеген ұлттар мен ұлыстар бар, бірақ олар осы күнге дейін тәуелсіздік дәмін татпаған, мысалы саны 40 миллионға жуық күрдтер. Аллаға мың рақмет, қазақ өз мемлекетін құрып, кезінде шекарасына дейін анықтаған халықтарға жатады. Қуатты, іргелі ел болу үшін бізге үш салада реформа жүргізіп, ел қатарына тез қосылуымыз керек еді. Біріншіден, баяғы Кеңес жүйесінен қалған ешкімге қарамайтын меншікті нарық меншігі, яғни оларға қожайын тауып беру керек болды. Халықаралық ұйымдар елімізді «Нарық талаптарына сәйкес» ел деп танығаны – инвестициялардың келуіне жол ашты. Екіншіден, саяси реформа жүргізу арқылы президенттік билік, парламенттік жүйе, көппартиялық жүйе, еркін баспасөз сияқты заманауи жаңалықтар іске қосылды. Оның жемісін көрдік. Мысалы, қысқа мерзімде шекарамыз айқындалып, астанамызды ауыстырдық. Көптеген халықаралық одақтарға мүше болдық. Үшіншіден, рухани саладағы істер. Мысалы, біз тілімізді қорғай білдік, тарихымызды түгендедік. «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына», «Халық тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты бағдарламалар іске асты. Шетелден қаншама жәдігер елге қайтты, елді мекендердің атауы өзгерді! Айта берсек, әлі де талай істерді тізбектеуге болар еді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді атам қазақ. Сондықтан баяғы Кеңес дәуірін сағынып, тіпті «коммунизмнен өтіп кетіппіз» ғой деп жылағандарды түсінбеймін. – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!». Жалпы, тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау үшін не қажет? – Өткенін білмеген адам ұлтының қадірін де, тәуелсіздіктің қасиетін де білмейді. Қазақ тәуелсіздік жолында қандай жайды бастан кешірді, бүгінгі мемлекеттілікке қалай қол жетті? Мұның барлығы болашақ ұрпақтың жадында болса, сонда барып тәуелсіздік тағылымдылығы арта түседі. Тәуелсіздіктің қандай қиындықтармен келгенін түйсінген жастар сонда ғана өз елінің тәуелсіздігін қорғауға, сақтауға күш салады. Тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, одан қорытынды жасай алады деп ойлаймын Ең қажеті – бірлік-береке, отаншылдық ұғымы деп айтар едім. – «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында археология, тарих, этнология, мәдениет саласында көптеген іс-шара атқарылды. Қаншама құнды дүниелер таптық. Қазақ тарихын толық түгендей алдық па? – Тәуелсіздік алғаннан бері тарихты түгендеу барысында атқарған жұмыс аз болған жоқ. Мәселен, 2004-2007 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асып, ұмыт қалған және белгісіз болған деректер жарыққа шықты. Нақтырақ айтсақ, 537 кітап 1,5 миллионнан астам тиражбен шығарылды, олардың арасында тарихқа, археологияға, этнографияға, жаңа энциклопедиялық сөздіктерге байланысты қайталанбас сериялар кездеседі. «Архив – 2025» бағдарламасы тарихты түгендеуге зор мүмкіндік туғызып отыр. Бағдарламаның ең басты міндеті – архив саласы жұмысын оңтайландыру және жетілдіру. Әрбір құжат тарихтың ақтандық беттерін ашады. Алайда біздің архивтердегі мәліметтер қазақ халқының болмысын ашуға жеткіліксіз. Тың деректердің көбін шетелдік архивтерден табамыз. Соңғы екі жылда құрамында тарихшы ғалымдар мен архив қызметкерлері бар ғылыми экспедициялар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербор, Омбы, Орынбор, Астрахан қалалары мен Түркия, Иран, Венгрияға барып қайтты. Өзім АҚШ архивінде, кейін Нидерланд корольдік архивінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша жұмыс атқарып келдім. 2019 жылдың қыркүйек айында біршама ғалымдар Отан тарихы бойынша белгісіз архив құжаттарын анықтау мақсатында Қазан архивінде жұмыс істеп келді. Татарстанның мемлекеттік архивінен қазақ тарихына қатысты белгісіз құжаттар табылып, оның көшірмесі алынды. Мысалы, оның ішінде Алтын Орда ханы Махмудтың Осман империясының сұлтаны Фатих Мехмедке жазған хаты бар. Онда ол хан тағына отырғанын хабарлап және керуен саудасын ретке келтіріп, тату көршілік қатынасты жалғастыруды ұсынады. Табылған құжаттардың маңызы Алтын Орда хандарының беймәлім, әлі күнге құпия болып отырған тұстарын одан әрі байыта түсетінінде деп білеміз. Ғалымдардың ендігі міндеті – әкелген құжат көшірмелерін ғылыми өңдеуден өткізіп, ғылыми айналымға енгізу. Болашақта мемлекеттік және ұлттық архивтерден кез келген зерттеуші ешқайда шықпай-ақ, тарихи құжаттарды тауып пайдалана алады. Тарихымыз солай түгендене береді. – «Әуесқой тарихшыларға үрке қарамау керек» дейсіз. Тарихи бірізділік болмай, тарихымызды түгендей алмайтынымыз тағы бар. Жалпы, тарихты кім жазуы керек? – Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», – деді. Қазақтың тәуелсіздік тариxы да жаңаша зерделенуі тиіс. Сондықтан да қазіргі заманауи қазақстандық қоғамда өз еліміздің өткеніне, тарихына, жекелеген тұлғаларға немқұрайды қарамауымыз керек. Біз мықты елміз, шаңырағымыз биік десек, ең алдымен тарихымызды түзеуіміз керек. «Халықсыз – тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ» деген нақыл бекерге айтылмаса керек. Қазір «кәсіби тарихшылар» мен «сырттан қосылған тарихшыларды» бөлу бар екенін жақсы түсінемін. Бірақ мынаны ескеруіміз керек. Мәселен, Шоқан Уәлиханов тек кадет корпусын ғана бітірген азамат қой. Ал бар әлем оның тарих ғылымына қосқан үлесін керемет деп санайды. Сондай-ақ жазушы Ілияс Есенберлин соғыстан кейін политехникалық институтты бітірген. Ал оның «Ұлұқ Ұлыс Алтын Орда», «Қазақ хандығы туралы» еңбектеріндей кітапты ешкім жаза алған жоқ. Қорғағаны бар, атағы бар кейбір оқығандар сол ізденуші деңгейінде қалғанын тағы көріп жүрміз. Сондықтан тарих ғылымын дамыту үшін өз үлесін қосамын деген адамды кеудесінен итермеу керек. Қайта ондайларды қостап отыру қажет деп ойлаймын. Мысалы, біздің ортамызда Ғизат Табулдин деген азамат бар. Оның мамандығы тарихшы емес. Бірақ ол Марат Нәбиев деген кәсіпкер екеуі талай карталарды Ресейден өз ақшасына сатып алып, елге қайтарды. Карталарда Кеңес үкіметі орнағандарға дейінгі жер-су атаулары сайрап тұр. Бұл тарих ғылымы үшін таптырмайтын зат. Айтпақшы, ол да тәуелсіздігіміздің жемісі ғой! Сондықтан ұлт тарихына қосылған дүниенің аз-көбі болмайды. Аз ғана үлес қоссаңыз да, оның орны өлшеусіз! Тарих тек зерттеу-зерделеуден тұрады. Қазақ тарихы әлі де толыға түседі деген ойдамын. Оған тәуелсіздіктің қосқан үлесі зор. Тәуелсіз ел болмасақ, тарихымызды түгендеп, бүтін ұлт ретінде әлемге таныла алмас едік. Сол себепті, Президентіміз айтқандай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС