Түркістандық ардагерлер пленум өткізді
Түркістандық ардагерлер пленум өткізді
165
оқылды

Түркістан облысының ардагерлері кезекті IV пленумын өт­кізіп, бірқатар мәселені талқылап, жағымды жаңа­лық­та­рымен бөлісті. Солардың бірі «Ұлы Жеңіске – 75 жыл» та­рихи-таным­дық кітабы жарық көрді. 11 тараудан тұра­тын бұл кітапта тың де­ректер қамтылған. Сонымен қатар  Пре­­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» атты мақала­сы талқыланған жиында Тәуел­сіз­­­діктің 30 жылдығына қатысты, жастар тәрбиесі, өңірдегі түйт­­­­­кілді мәселелердің шешу жолдары және облыстағы қариялардың жайы туралы айтылды. 

Онлайн режимде ұйым­дастырылған пленум жұмысын облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов жүргізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқа­манов, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, бірқатар басқарма басшылары, сонымен бірге аудан, қалалардан бейнебайланыс арқылы бастауыш ардагерлік ұйымдардың өкілдері, Әжелер алқасының төрайымдары, зиялы қауым өкілдері сынды ұзын саны 250-ге жуық адам қатысты. Жиында «Ұлы Жеңістің 75 жылдығы» кітабының тұсауы кесілді. Облыс басшылығының қолдауымен жарық көрген кітапта облыс ардагерлері туралы соңғы деректер толық қамтылған. «Біз, келер ұрпақтың тәуелсіздікке құрметпен қара­уын қаншалықты қалайтын болсақ, соншалықты оның қадірін түсіндіре білуіміз керек. Ол, әрине өздеріңіздің көмектеріңізбен жүзеге асады. Осы орайда баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясындағы маңызды шара­ларға атсалысып, жастардың санасына оның қадір-қа­сиетін сіңіруге бір кісідей атсалысуға шақырамын», – деді отырыста сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов. Пленум барысында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы қоғамда қызу талқыланып,  азаматтарды тол­ған­дырып жүрген бірқатар сауалға жауап табуға ғана емес, көңілдегі кейбір «күпті ойларды» сейілтуге және әрбір оқып танысқан адамның өз елінің өткеніне деген мақтанышын, ертеңгі жарқын келешегіне деген сенімін оятатындай әсері барын жеткізді. Президент мақаласына орай аудан-қалалық Арда­герлер кеңесінің төрағалары баяндама оқыды. Басқосуда ақсақалдар облыс әкімі Өмірзақ  Шөкеев­тің 2020 жылы облыста әлеуметтік-экономикалық даму бағытын атқарған жұмыстары туралы мәселеге тоқталды. «Облыс деңгейінде әлі шешуін күтіп жатқан күрмеу­лі, күрделі мәселелер бар екені де айтылды. Оларды шешудің жолдары да облыс әкімінің есебінде айқын көрсетілген. Әсіресе, Түркістан қаласының сан салалы, өзекті мәселелерінің бірінші кезекте  шешілуіне үлкен мән беріп отырған бағдарлар өте құнды» деген Жеңісбек Мәуленқұлов ақсақал кеңестің өткен жылдардағы атқарған жұмыстарын атап өтті. Түркістан Облыс басшысының тапсырмасымен өткен жылы  өңірде қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық кикілжіңдер мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, құқық қорғау және салаға жауапты орган­дарының басшылары, аудан, қала әкімдіктерінің қыз­мет­керлері және жергілікті жерлердегі беделді, белсенді азаматтар енгізіле отырып, арнайы жұмысшы тобы құрылды. Пандемия жағдайына қарамастан жұмысшы топ онлайн форматта және карантин талаптарын сақтай отырып, көптеген кездесу өткізді. Бұл шаралар биыл да жүйелі түрде жалғасуда. «Елдегі діни қақтығыстардың алдын ала отырып, жастарды тура жолға салу, тәрбиелеу алдыңғы буынның басты міндеті деп білемін. Елімізде, соның ішінде облыс көлеміндегі діни ахуал тұрақты. Десек те, бүгінгідей ақпараттар ағыны шектен тыс таралып жатқан уақытта ар­қаны кеңге салып тоқмейілсуге әсте болмайды. Сон­дай-ақ әлемде, елімізде орын алған пандемияға байла­нысты жақындарымыздан көз жазып қалған оқиғалар аз емес. Кей жерлерде жаназа күндері адамның көп шо­­ғырлануымен қатар, ас-судың ысырапқа ұшырап жатқанына қоғам куә. Сондықтан алдағы уақытта облыстық Ардагерлер кеңесі, зиялы қауым өкілдері мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі­мен бірлесе отырып, осы мәселені реттеудің тиімді тәсілі ретінде жер-жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деді облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов. Кеңес төрағасының айтуынша, облыс ақсақалдары жастар арасындағы түрлі жат қылықтың алдын алу, ұлттық әдет-ғұрыптарды сақтау мақсатында Ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Әкелер мектебі арқылы тиісті шараларды қолға алу көзделуде. Облыстық ардагерлер кеңесінің IV пленумында облыстық Ардагерлер кеңесі­нің 2020 жылғы атқарылған жұмыстары мен 2021 жылға жос­парлаған негізгі іс-шараларды жүзеге асыру міндет­тері де айтылды. Облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының бастығы Рахымбек мырзаның көмегімен облыстық Ардагерлер кеңесі ұрпақ тәрбиесіне арналған «Ұрпақ. Ұждан. Тағылым» атты кітап жарық көрді. Сондай-ақ жиында кеңес мүшелері жеке-жеке баян­дама жасап, өз ойларын ортаға салды. Айта кету керек, бүгінде облыс бойынша 173 300 зейнеткер бар болса, өңірде 16 ардагерлер кеңесі мен 444 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істеп тұр. Үйлерінде тым-тырыс жатпай, өңірдің тіршілігіне үлес қосуды мақсат тұтқан қарияларымыз түрлі бағытта жұмыстарын жүргізуде. Атап айтсақ, 10 662 қария­мыздың қатысуымен 2020 жылы облыс бойынша  ардагерлер кеңесінде 18 пленум, 54 төралқа мәжілісі, 204 ардагерлер жиналысы, 11 семинар өткізіліпті. Онда­ғы мақсат – жастар тәрбиесі, ұрпақ, сабақтастығы, са­ла­матты өмір салты, ізгі дәстүрлерді қалыптастыру және елдің ынтымақтастығы мен бірлігі, ардагерлердің әлеу­меттік жай-күйі, тағы басқа мәселелерге атсалысу.

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы