Өткен жылдың соңында Индиана университетінің баспасынан жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы жарық көрді. Америкалық баспагерді махаббат хикаясы емес, детектив әңгіме емес, неге өмірбаяндық, деректі шығарма қызықтырып отыр?
Әрі бұл шығарма америкалық оқырмандарды да бейжай қалдырмағаны анық. Жазушының жары, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева «америкалық баспа үйі әуелі шығарманы бес жүз данамен басатынын, егер оқырманды қызықтырса, баспа әлгі шығарманы қайта басып шығаратынын» айтады. Демек, Әсемқұловтың «Талтүсі» америкалық оқырманға да ұнады деген сөз. Өйткені қаңтар айының 15-і күні романның тұсаукесері ерекше жерде, яғни Silk Road House-де өтті. Бұл – Берклидің қақ ортасындағы әйгілі мәдени орталық. Тұсаукесерді ұйымдастырған белгілі ғалымдар – Алма Құрманбаева мен Изалий Земцовский.
«Романды ағылшын тіліне аударған Шелли Фэйрвегер Вега ханымға оңай тимеген секілді. Ауылдардың географиялық атауын, күйге қатысты әртүрлі аңызды, музыкалық терминді ағылшынға аудару жеңіл емес. Кез келген шығарма өзге тілге аударылғанда мағынасы бұзылмай, қазақы қалпын сақтауы тиіс» дейді Зира апай. Осы тұрғыдан келгенде, Шелли ханым романды шебер аударған.
«Таңдау неге «Талтүс» романына түсті?» деген сауалымызға, «Талтүсті» ұсынған елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Аударған – Шелли ханым. Қазір америкалық баспа тарапынан «Талтүс» романына қатысты жақсы пікір айтылып жатыр. Оқырмандар тарапынан сұраныс болса, таралымын арттырып отырады. Шелли ханым өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осы кітапқа қатысты айтылған пікірлерді жариялап отырады. «Ең жақсы көретін қазақ романы» деп жазылған бір пікірді салды. Онда Таласбектің «Талтүс» романының мұқабасы қоса салынған екен. Тіпті, арасында Шыңғыс Айтматовтың шығармаларымен салыстырғандар да бар. Димаш Құдайбергеннің фан клубтарының бірінде бір америкалық оқырман «Бұл – қиын әрі күрделі роман. Оқуға татитын, Димаштың жанкүйерлері оқуы тиіс шығарма» деп жазыпты» дейді.
Қазір Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсі» заманауи америкалық әдебиеттің қатарына қосылды. Одан бөлек, роман БҰҰ-ның бес тіліне аударылып, әлемді шарлайтын болады. Қазақ жазушысының көркем туындысын әлем оқырмандары танып-біліп жатса, бұл да әдебиеттің жаңа бір белеске көтерілгенінің белгісі.