Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) көп көңілінен шықпай жүр. Ұстаз жиынтық бағалау кезінде ғана оқитын оқушыға, оқушы бағалау стандартына өкпелі. Ал ата-ана бала бойындағы оқуға деген ынта жоғала ма деп қорқады. «Үштік одақ» бұрынғы жүйеге БЖБ мен ТЖБ-ны кіріктіруді қалайды. Яғни, 50/50. Сонда «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеуге» болады деп топшылайды. Жаңа бағалау жөнінде «мұғалім-ата-ана-оқушы» бірлестігінен сұрап көрдік.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, QAZBILIM республикалық орталығының директоры:
– Жалпы, ешқандай бағалау оқушының үлгерімін, білімін 100 пайыз көрсетпейді. Бірақ бағалаудың жан-жақты болуы мүмкіндікті дамыта түседі. Бұрынғы жүйемен салыстырғанда, артықшылығы көп екені рас. Бірақ бәрі мұғалім ізденісіне келіп тірелетіні анық. Оқушы бүгінде интернетте не бар екенін біледі, тоқсан соңында интернеттен жүктелген дайын нұсқаны ала салса, бұл оқушының ізденісін жоғалтады. Себебі оқушы тоқсандық жұмысты мұғалімнен бұрын көріп алуы мүмкін. Жауабын да білуі әбден мүмкін.
Ал біздегі критериалды бағалауда да, бұрынғы бағалауда да тәуелсіз бақылау жоқ. Тәуелсіз бақылаудың жоқтығынан білім сапасы, оқушы бағасы тек мұғалім қолында болады. Бұл білім сапасының шынайы көрінісін ашып бермейді. Сондықтан тоқсан соңындағы қорытынды бақылау мектеп пен мұғалімге еш қатыссыз болуы керек. Сонда ғана бақылау формасының дәлдігі туралы әңгіме айтуға болады.
Света ЫСҚАҚОВА, Молда Мұса атындағы жалпы орта мектеп мұғалімі:
– Біржақты БЖБ мен ТЖБ-ға сүйеніп, оқушының тоқсандық бағасын шығаруға болмайды. Ол баланың тоқсандық үлгерім сапасын салыстырмалы түрде алу керек. Өздеріңіз білетіндей, мектепте оқушы саны көп. Бір сыныпта 25-30 оқушыдан бар. Ал енді 30 баладан БЖБ, ТЖБ алу – кері байланыс жасаудың тиімді құралы. Тек аталған бағалау жүйесінің оқушылардың білім деңгейіне қарай А,Б,С деңгейлеріне лайықталып, қайта өңделгені дұрыс. Одан кейін арасына эссе мен көркем жазу үлгісін толықтыру тиімді болар еді. Бұл бастауыш сынып оқушыларына қатысты. Өйткені қазір көркем жазудан БЖБ мен ТЖБ-ға өткелі бері баладан көркем жазу талап етілмейді. Бұл баланың ұқыпты әрі тиянақты болуына кері әсер етеді. Егер көркем жазу, тапсырмалармен толықтыру енгізсе, құба-құп болар еді. Сосын апталық жүктемеде жаңа бұйрық шықты. Бір сағаттық жүктемесі бар дүниетану мен жаратылыстанудағы БЖБ мен ТЖБ-ны жартыжылдықта бір рет алатын етіп қысқартты. Яғни, бірінші тоқсан мен үшінші тоқсанда БЖБ мен ТЖБ алынбайды. Сәйкесінше оқушы желтоқсан мен мамыр айында бағалаудан өтеді. Аталған пәндерді болашақта нағыз жаратылыстану пәндеріне кіретін бастауыш білім негізі деп алсақ, олардың БЖБ мен ТЖБ-сын жартыжылдыққа қысқарту тиімсіз. Өйткені бастауыштағы баланың қабылдау деңгейі әлі жас болғандықтан, бірінші тоқсандағыны ұмытып қалады. Кейін бұрын өткенін қазіргісімен қосып, тест тапсырғанда қиналады. Меніңше, аптасына бір рет болатын пәндердің БЖБ мен ТЖБ-сын уақытылы алып, тоқсан сайын кері байланыс жасап отыру керек.
Күнделікті сабақта оқу үлгерімі жақсы оқушы тест кезінде сасқалақтап қалуы мүмкін. Ал орташа оқитындардың жолы болып кетуі ғажап емес. Сондықтан қорытынды шығарар кезде БЖБ мен ТЖБ ғана емес, күнделікті оқу үлгерімі де негізге алынса екен. Айта кетерлігі, біз жаңартылған білім мазмұнына жылдам көштік. Материал базасы, оқу құралдары білім мазмұнына сай емес. Оқу құралдарында қателік көп. Сол себепті БЖБ, ТЖБ алу мұғалімге қиындық тудырады. Оқулықты ресурс деп алсақ, оның ішіндегі кемшілік түзетілуі тиіс. Мысалы, орыс тілі мен ағылшын тілінде сөз таптарын І жартыжылдықта өтеміз, ал қазақ тілінде аталған тақырыпқа ІІ жартыжылдықта келемін. Оқушыларым сөз таптарымен бірінші орыс тілінде, сосын ана тілінде танысады. Бұл кері кету емес пе? Осылайша орыс тілі мен ағылшын тіліне басымдық беріп тұрмыз.
Нұргүл ҚАДЫРБАЕВА, ата-ана:
– Жалпы, БЖБ мен ТЖБ-ның пайдасы болғанымен, оқушыға кері әсер ететін тұсы бар. Бала қанша жақсы оқыса да, тест кезінде қобалжуы, абдырап қалуы мүмкін. Өткен аптада осы мәселе төңірегінде ата-аналар жиналысы өтті. Мысалы, жиналыс барысында оқушылардың оқу үлгерімін хабарлады. Сонда үздік оқитындар БЖБ мен ТЖБ салдарынан тоқсанға 3-ке шыққан. Басқа пәннің бәрі 5, тек бір пәннен төмен баға алған. Қарасаңыз, оқушыға жасалған қиянат тәрізді. Осы күнге дейін күнделікті сабаққа қатысып, бар білгенін айтып жүріп, БЖБ мен ТЖБ кезінде мүлт кететіндер бар. Салдарынан оқушының құлқы мен оқуға жігері мұқалады. Бұл жүйеде тоқсандық қорытынды шығару дұрыс емес. Бұрынғыдай сабаққа араласуын, белсенділігі мен тәртібін тең деңгейде бағалаған жөн. Бұл балаға да, мұғалімге де тиімді деп ойлаймын. Өйткені баланың мотивациясын жоғалтып алмау керек. Жігер мен талап бәрін жеңетінін есте ұстаған дұрыс. БЖБ мен ТЖБ оқушы білімін толық көрсетпейді. Мәселен, математика пәнінен республикалық олимпиадада 1-орын алған оқушы ТЖБ-дан 3 алып, қорытындыда 3-ке шыққан. Сонда ол нашар оқитын бала болса, қалайша олимпиада жүлдегері атанады? Бағалау жүйесіндегі осындай олқылықты түзеу керек.
Оқушы не дейді?
Жүрсін АЙДАРХАН, оқушы:
– Негізі, ТЖБ мен БЖБ тапсыру жүйесі НЗМ жаңа бағдарламасы бойынша жасалған. Бұл қарапайым мектеп оқушысына қиындау. Өйткені үйреншікті тест деуге келмейді. Бұрыннан осы жүйеде сынақ тапсырып келсем, маған жеңіл болар еді. БЖБ мен ТЖБ-ны 10-сыныптан бастап тапсырып жүрмін. Бастапқыда қиын көрінетін, қазір ақырындап үйренісіп келемін. Логика түрінде салыстыра отырып, жауабын табасың. Әрине, мұғалім мен оқушы кері байланысы жаңа деңгейге көтерілгенін айтпасқа болмас. Бұрын мұғалім бар оқушыдан сабақ сұрап үлгермейтін. Қазір бәріміз БЖБ мен ТЖБ арқылы ұпайымызды түгендейміз. Бірақ арамызда жауапты интернеттен көшіретіндер бар. Күнделікке баға қоймағандықтан, қатарластарымның оқуға құлқы жоқ. Біразы БЖБ мен ТЖБ уақыты жақындағанда «бес қаруын» сайлайды. Мысалы, «Вконтактеден» керегіңді табуға болады. Сондықтан БЖБ мен ТЖБ оқушы білімін толық көрсетпейді. Қорытынды шығаратын кезде критериалды бағалау жүйесін қатыстырып, бірақ бұрынғыдай күнделікті оқу үлгерімімізді ескерсе деймін.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ