Алтын Орданың 750 жылдығына 3,5 млрд теңге бөлінбек
Алтын Орданың 750 жылдығына  3,5 млрд теңге бөлінбек
279
оқылды

Совет дәуірінде көңілден көмескі тартқаны болмаса, Алтын Орда кезеңіндегі даңқты тарихымыз халық сана­сында айқын таңбаланған. Ұлық Ұлыстың негізін қала­ған Бату ханды қазақтар «Садағын сағымға іл­дір­ген Са­йын хан» деп әспеттеген. Яғни, қазіргі тә­уелсіз Қазақ­стан Алтын Орданың тікелей мұрагері деген атқа әбден лайық.

Күні кеше Үкімет қаулы­сы­мен Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Жоспарға 40 түрлі іс-шара ен­ген. Оның ішінде Сарайшық қаласын қалпына келтіру бо­йынша археологиялық жұмыстар жүргізуге 2020 жылға – 29,7 млн теңге, 2021 жылға – 21,1 млн теңге, 2022 жылға 19,2 млн теңге бөлінуі мүмкін. Ал «Жошы хан» кесенесінің жанында туристік кешен салуға 800 млн теңге қажет. Қазақстан Ұлттық му­зейінде «Алтын Орда және Қазақ хандығы залдары» экспози­циясын құруға – 175,1 млн теңге, «Ұлытау» ұлттық мұражай-қо­рығын жаңғыртуға – 330 млн теңге, Ұлытау ауылы маңында туристерді қабылдайтын этно­ауыл құруға 350 млн теңге жұм­салмақ. Сондай-ақ мерейтой шеңберінде Алтын Орда, Жошы хан, Алаша хан сынды тарихи тақырыптарға деректі фильмдер циклі түсіріледі.

Жалпы, «Ұлық Ұлысты» той­лауға қажет іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға 3,5 млрд теңге қарастырылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында: «Ал­тын Орданың 750 жылдығы ту­рис­тердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің та­биғатына аудару тұрғысынан той­лануы керек» деген еді. Рас, гео­графиядан аз-маз хабары бар шетел­діктер Қазақстанды ба­йырғы көшпелілер елі деп қарас­тырады. Біз осы ерекшелікті тиім­ді пайдаланып, өзімізді ежел­де дүниені дүбірлеткен қаға­наттардың қара шаңырағы ретінде көрсетуіміз керек.

Ұлттық экономика минис­трлігі Статистика комитетінің мә­ліметіне сүйенсек, былтыр Қа­­зақстанға келіп кеткен турис­тердің 23,1 пайызы елімізді қо­нақ­жай халқымен, 18,1 пайызы – тамаша табиғатымен, 16,2 пайы­зы – саяхатшыларға қауіпсіз­ді­гімен, 8,2 пайызы – дәмді асха­насымен, 7,1 пайызы «Ұлы Дала» ұғымымен байланыстырған екен. Алтын Орданың 750 жыл­дығын абыроймен атқарып шық­сақ, соңғы тармақты 70 пайызға да жеткізетін күн туар.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ