Билік көркі – байыптылық
Билік көркі – байыптылық
135
оқылды

Еліміз тәуелсіздік алғалы мемлекеттің аппаратына қа­тысты 500-ден аса өзгеріс пен реформа жүріпті. Бұл ой­дан шығарылған сан емес, «2025 жылға дейін ҚР мем­лекеттік басқаруын дамыту тұжырымда­ма­сының» жаңа жобасында келтірілген нақты дерек. Күні кеше «Айқын» әкімдердің өз командасымен көшіп жүретінін де жазды. Мұның бәрі мемлекеттік қызмет жүйесінде дағдарыстың, шешілмеген түйткілдердің бар екенін паш етеді.

Жарық дүниедегі жалғыз «әлеу­­меттік лифті» ретінде мем­лекетті ғана таңдаған топ бар. Бұл, әрине шенеуніктер. ЭЫДҰ тә­жірибесі бойынша осы қатарға бюджетке күні қараған барлық сала қыз­мет­керлері де жатқы­зы­лады. Олардың бәрін өсіретін де, өшіретін де – Үкімет. Оларға жұ­мыс, тұрақты табыс, бастарына баспана, бала­ларына балабақша бере отырып, мемлекет өз кезе­гін­де елді дамы­туда соларға сү­йен­гісі, ісіне шын берілгенін көр­гісі келеді.

Дегенмен зерттеушілер шет­сіз-шексіз реформа осы топты әбден сужүрек ететінін айтады: олар да­му­дан гөрі жан бағуға бейім тұрады.

«Кез келген елдегі азаматтық және технократиялық элитаның міндеті – біріншіден, билік жү­йесін күрт төңкеріліп қалудан қор­ғап, орнықты, тұрақты жағ­дайда сақтау, екіншіден, мемле­кеттік саясат пен шешімдердің ұдайы сабақтастығын қамтамасыз ету, үшіншіден, жо­ғарыда байып­талған жаңғыру шараларын тө­менгі деңгейлерде лайықты жүр­гізу болуы тиіс. Ал тұрақсыздық жағдайында олар елді модерни­зациялауға жұмыс істе­мей­ді, тек ел басшылығы мен халыққа көз қы­лып алдамшы қарекеттерге бой ұрады. Оқиғалардың өрбу ба­ры­сына еш ықпал ете алмай­тынын түсінген олар ахуалды жақ­сартуға тырыспайды, кері­сінше, кері кету, стагнация жағ­дайында жұмыс істеуге бейім­деледі», – дейді ре­сейлік әлеумет­танушы, «Левада-Центр» дирек­торының орын­ба­сары Денис Волков.

 

Ел адасса не болады?

Азаттыққа қол жеткен кезең­нен бері Қазақстанда мемлекеттік аппарат қаншама рет кең ау­қым­ды әрі түбегейлі өзгерістерге ұшы­рады. Соның ішінде, әсіресе үш ірі әкімшілік реформаны бөліп алуға болады. Бұлар – 1997, 2007 және 2013-2014 жылдардағы рефор­ма­лар. 1997-2001 жылдары мемлекет әкімшілік-бюджеттік жаң­ғыруды жүзеге асырды. 2007 жылы мемле­кеттік жоспарлау тә­сілдерін қайта қарауға, мемле­кет­тік басқару құрылымын жетіл­ді­руге талпынды.

Ал бертінде, 2013-2014 жыл­дары – мемлекеттік басқару дең­гейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажыратты, соның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару инс­титутын нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесінің жекелеген ба­ғыттарын жетілдірудің тұжы­рым­дамалық тәсілдерді енгізуге күш салды.

Кейін, яғни 2017 жылы мем­лекеттік құрылым ірі конститу­ция­лық реформаны да бастан кешті: оның аясында Мемлекет басшы­сының біраз құзыры алы­нып, Пар­ламент пен Үкімет ара­сында қайта бөлінді. Бұл биліктің барлық тар­мақ­тарының ел тағ­дыры үшін жа­уапкершілігін арт­тыру мақсатында жасалды. Әри­не, осы жаңғыру ке­зеңдерінің әрқайсысы – өз зама­нының сын-тегеурініне жауап.

Алайда бітіп болмас өзгерістер халықты да шатастырып бітті. Оны мысалы, меморгандарда ті­гісі сө­гілетін қап-қап шағым хат­тан бай­қауға болады. Айтқандай, би­ліктегі ең танымал сырғытпа жауап – «сіз көтеріп отырған мә­селе біздің ми­нистрліктің (әкім­діктің, агент­тік­тің, ведомствоның, комитеттің) құзырына кірмейді».

Ауруханада дәрігердің дөре­кілігіне душар болғаны, емдеу са­пасының төмендігі, емхана­ларда жабдықтардың жетіспейтіні жа­йында арыз айтып, қазақ­стан­дықтар Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртановқа хат жолдайды. Қайырған жауабында ол аталған мәселенің барлығы жергілікті әкімдік құрамындағы денсаулық сақтау басқармасының өкілеттігіне жататынын нұсқай­ды, соған жүгінуге кеңес береді.

Мектепте мұғалім тұрақта­май­тыны, салдарынан оқушылар біліміне және оқыту процесінің сабақтастығына нұқсан келетіні, тіпті астаналық мектептердің те­резесі аңғал-саңғал болуы кесі­рінен балалардың жиі ауыратыны туралы ата-аналар Білім және ғы­лым министрі Асхат Аймағам­бетовке мұңын шағады. Министр болса, әр өңірдегі мектептер және ондағы оқу процесі БҒМ-ның емес, әкімдік жанындағы білім басқар­масы не бөлімінің «бас ауруы» екенін айтады.

2010 жылдары Ақпарат және байланыс министрлігі, жуырда Ақпарат және коммуникация­лар министрлігі аталғанын және со­лардың заңды мұрагері екенін ес­те ұстаған жұртшылық ауылда ин­тернеттің жоқтығы, ХХІ ға­сыр­да ұялы байланысқа зәру ­еке­нін Ақпарат және даму ми­нистр­лігіне хабарлайды. Бірақ қазіргі «құзыр­бөліске» сай бұл енді Цифр­­лық даму, инно­ва­циялар және аэро­ғарыш өнер­кәсібінің ісі.

Өзен-көлдердің нашар жағда­йы, ауыл тұрғындарының іргедегі су қоймасынан балық аулап, нә­пақасын айыруы секілді мәсе­ле­лер бойынша азаматтар Ауыл ша­руа­шылығы министрлігіне шағымда­нады. АШМ болса, бұл мәселелерді Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігі шешетінін ескертіп, кері қайтарады.

Бұл құбылыс барлық ведом­стволарға тән. Қорыта айтқанда, мемаппарат жүйесіндегі қайта құ­рылымдаулар халықты әбден адас­тырды. Нақты мәселесін ше­шу орнына мемлекеттік орган­дардың ашынған жұртты бір-біріне қарай допша қуалауы елдің наразылығын күшейтіп, билікке деген сенімге одан ары қарай сына қағады.

Еңбекке жарамды әрбір 5-қазақстандық – мемқызметші

Тәуелсіздік жылдарында Қа­зақстанда мемлекеттік аппарат­тың ұйымдастырушылық құры­лымы 500 реттен көп өзгерген. Ре­фор­малар барысында министр­ліктер мен ведомстволар саны, атауы және құзыры сан құбылды. Ұлттық экономика министр­лігі­нің дере­гін­ше, орталық мемор­гандар қата­ры 26 мен 43 саны ара­сында бірде азайып, бірде кө­бейіп отырған. Ал шенеуніктер сапы 67 562-ден 104 152-ге дейін өзгерді. Мы­салы, 2011 жылы мемлекеттік аппа­рат саны бірден 15%-ға қыс­қар­тыл­ды және 90 730 бірлікті құ­рады. Әйтсе де, іле-шала мемап­па­рат қайта «қампайып» шыға келді.

Мемлекеттік қызмет істері агент­­тігінің мәліметінше, бүгінде шенеуніктердің штат саны 98 726 бірлікті құрайды. Соның ішін­де сая­си мемқызметшілердің, яғни бі­рінші басшылардың штат саны – 453 бірлік. Ал әкімшілік мем­қыз­метшілердің, яғни техно­крат­тар­дың қатары – 98 273 бірлік, оның 285 бірлігі – «А» кор­пусына, 97 988 бірлігі – «Б» корпусына жатады.

Алайда бұл тек штаттық бірлік қана. Білікті кадр табылмауы, немесе басшының ол қызметті бел­гілі бір адам үшін сақтауы се­кілді факторлар нәтижесінде 7 794 жұмыс орны бос тұр.

Осылайша, қазіргі кезде мем­лекеттік қызметкерлердің нақты саны – 90 932 адам, бұл барлық штат санының 92,1%-ына тең. Тарата айтсақ, саяси мемле­кеттік қызметшілер – 443 (штат санының 2,2%-ы бос). «А» кор­пу­сындағы мемқызметшілер саны – 271 (5%-дайы бос). «Б» кор­пу­сын­да 90 218 шенеунік бар, онда лауазымдар­дың шама­мен 8 пайы­зына адам алынбаған. Дәл осы корпустағы 7,7 мыңдай бос орынға конкурс жарияламай, оларды жою жос­парлануда: бұл мемаппаратты 2020-2023 жыл­дары кезең-ке­зеңмен 25%-ға қыс­қарту аясында жүзеге асыры­латын көрінеді.

Қазіргі кезде барлық шендінің 47 852-і – орталық мемор­ган­дарда, ал 43 80 адам – жер­гілікті ат­қарушы органдарда жұ­мыс іс­тей­ді. 20 мыңнан астам жас мем­лекеттік қызметші болу ман­сабын таңда­ған. Әйелдер са­ны – 50 331, мем­қыз­мет­ші­лерінің нақ­ты са­нын­да­ғы үлесі – 55,4%. Оның ішін­де бас­шы­лық лауа­зым­дағысы – 39,8% (24 433 бас­шының 9 727-і – әйел).

Шетел тәжірибесіне жүгінсек, ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерде бюджеттен жалақы алатын дә­рі­герлер, мұғалімдер, полицейлер және әскери қызметшілер де ­мем­лекеттік қызметшілер сана­тына жатқызылады. Қазақстанда ­бюд­жет қаржысына күн көретін аза­маттық қызметшілер саны – 1,4 миллион, құқық қорғау және ар­найы органдар қызметкерле­рі – 300 мың адам. Бұған әс­ке­рилерді қос­қанда, қазақстан­дық еңбекке қабі­летті азаматтар­дың 20% мем­қыз­метші болып шығады.

Бұл озық елдердегіден көп: Батыс мемлекеттерінде аталған көрсеткіш экономикалық бел­сен­ді халықтың 18%-ын, Азия өңі­рінде – 6-8%-ын, Жапонияда – 6%, Оң­түс­тік Корея 7,6%-ын ғана құрайды.


Айхан.JPG  Айхан ШӘРІП