Алматыдағы Ұлттық кітапханада жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романының тұсаукесері өтті. Жазушы шығармасында социалистік режим құрбандарына айналған Семей өңірі тұрғындарының қасіреті айтылады. Рас, Семей полигоны жабылса да, оның қазақ халқына тигізген зардабын әлі тартып келеміз. Жазушы кейіпкері Аяулымның тағдыры арқылы осы қасіретті оқырманға жеткізе білді.
– Тақырыпты таңдаймыз, кейде қаламымыз тайғанақтап, шығара алмай жатамыз. Көркемдік әлемді игеру ақын, жазушы үшін ең бір қиын шаруа. Сәуленің жеткен жетістігі – тақырыпты таба білуімен қоса, сол әлемді игере алуында. Шығарманы оқып шықтым. Кейіпкерлердің тағдыры туралы бейжай оқу мүмкін емес. Шығармада типтік образдар жасалған. Оқиғаның бір-бірімен өріліп жатуы да әдебиеттің негізгі талаптарына, шарттарына сай келеді. Проза жазу әйел адамдарға қиын. Кейде әйел жазушылардың шығармаларын оқығанда асүйді көреміз. Сол төңіректе жазады. Сәуле өз шығармасында тарихқа терең бойлаған. Бұл кітаптағы оқиға кейіпкердің ғана емес, қазақтың қасіретін сезім арқылы жеткізе білген. Оқырманды тебіренте алады. Кітап алдағы уақытта өзге тілдерге аударылуы керек. Сондай-ақ бұл шығарманы Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну жағын қарастыру керек деп ойлаймын. Халықтың қасіретін көтерген, көркем жазылған дүниені сол деңгейде көрсете білуге тиіспіз, – деді жазушы Нұрдәулет Ақыш.
Полигон тақырыбына бару бұл – үлкен ерлік. Ол үшін ізденіс керек. Бұл кітапта осы кезге дейін көп айтыла қоймаған, құпия болып келген біраз шындықтың беті ашылады. Кітаптың ішінде талай тағдыр бар. Олардың қасіреті шынайы баяндалған.
– Сәуле Досжан алдымен ақындығымен танылды. Одан кейін «Үлкен үйдегі үрей» романы шықты. Ұзақ, 5 томдық романды қазір ешкім оқымайды. «Үлкен үйдегі үрей» шығармасында үреймен бір сөйлемді бастайды да, оқырманын үйіріп алып, оқиғаны басқа тұрғыда баяндайды. Жастарға түсінікті болсын деп осындай тәсілмен жазған. Бұл – заманның талабы. Осындай стильмен жазушылыққа келген Сәуле бірер жыл бұрын «Қасірет пен тағдыр» романы жазылып жатқанда өте бір қиналысты жағдайда жүрді. Сәуленің жары, елімізге ұзақ жылдар аянбай қызмет еткен Сәт Тоқпақбаев ағамыз осы тақырыпты алуға тікелей себепші болды. Қазақ жері, Абайдай ұлылардың мекенінде полигон болып, қаншама жыл қаншама ұрпақ зардап шегіп келеді. Дегенмен осы туралы көлемді, романға сай шығарма осы күнге дейін жазылмапты. Жазушы тақырыпты сәтті алып шықты. Романның жалғасы болады деген үміттеміз. Өйткені желтоқсан айында Семей жеріне барып кітаптың тұсаукесерін өткізгенде жергілікті тұрғындар қаншама қосымша мағлұматтар айтып жатты. Сәуле қазақ прозасына өз тақырыбымен, өз кейіпкерімен келді. «Қасірет пен тағдыр» нағыз оқылатын кітап деп ойлаймын, – деді филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова.
Сәуле Досжан бүгінде ең оқырманы көп жазушының бірі. Халқымыздың тағдыр талайын суреттеген бұл шығармасы да оқырман көңілінен шығады деген ойдамыз.