Солтүстікте қазақ мектебі аз
Солтүстікте қазақ мектебі аз

Кез келген мемлекет діңгегінің берік болуы сол елдегі білім сапасына тікелей байланысты болса керек. Ал білім беру өз кезегінде идеологиялық жағын да қамтамасыз етуі тиіс. Елімізде қазақ тілді мектептердің ахуалы әртүрлі ақсап тұрған тұстар жетерлік. Мемлекеттік тілдің мәселелеріне бұл кері әсер ететін тәрізді. Әр ата-ана баласын қай мектепке оқытса да өз құқы, әйткенмен бізді солтүстік аймақтарда қазақ тілінде білім беретін мек­тептердің аз болуы алаңдатады. 

Солтүстік оң жамбасымызға келмей ме?

Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов жуырдағы бір сұхбатында «Қазақ­стандағы барлық оқушы мемлекеттік тілде білім алуы қажет екенін» айтып қалды. Осыдан кейін министр барлық ата-ананы осы мақсатта жұмылуға шақырып, қазақ­ мектептердің жақсы көрсеткішін алға тартқан. Жалпы, республика бойынша қазақ мектептерінің үлесі  – 65 пайыз . (2019 жылы 66 пайыз). Дегенмен шекараға жақын өңірлерде, әсіресе елдің солтүстігінде мемлекеттік тілде білім беретін білім ордалары көп емес, шын­дығында жетіс­пейтін секілді. Сөзіміз жалған болмасын, бірнеше облысты мысал­ға алып көрсек. Жағ­дайы мәз емес өңірлер басында Қос­танай облысы тұрғандай. Мұнда мемле­кеттігі бар, жекеменшігі бар 494 мектеп бар. Оның 118-і ғана қазақ мектебі, тағы 114-і аралас. 110 мыңнан аса оқушының 32 мыңы қазақ тілінде білім алады. Яғни, облыста қазақ мектептерінің үлесі 25 пайыз, қазақша оқып жатқан оқушылар үлесі 29 пайыздың айналасында. Үштен бір бөлігін де толтыра алмай тұр. Қостанайдағы халықтың 40 пайызы – қазақтар. Бірақ не мектеп, не мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар үлесі неге 40 пайызға толмай отыр. Демек, қазақ мектеп­терінде баласын оқытуға құлықсыз ата-аналардың бары анық. Ал өңірдегі Білім бас­қармасының басшысы Зәуре Әнуарбек­қызы болса, мұның бәрі тек «бұқараның сұранысына, ниетіне, әлеумет­тік санасына тәуелді дүние» екенін айтады. Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысында да мектептер жайы көңіл көншітпейді. 259 орыс мектебі, 95 аралас, 114 қазақ мектебі бар. Қазақ мектептерінде оқитын 12 мың баладан, орысша білім алатын балалар 3 есе көп, 36 мыңнан асады. Ал 95 аралас мек­тептің жайы беймәлім.

Аралас мектептер араны

Бұлай айдар тағып, аралас мектептерді де түйткілдің біріне балауға негізіміз бар. Аты айтып тұрғандай, бұл мектептер бір тілде ғана білім беруді бағытқа алмайды. Алайда аралас мектептердің өзі орыс тілінде білім беруді алға шығаратын әдеті бұрыннан бар. Елде мұндай мектеп 2 мыңнан асып жығылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді «үш тілдің негізгісі, басты­сы» деп атағаны белгілі. Ал аралас мектептер араны қазақ балаларын жұтып жатқандай. Былтырғы деректі негізге алсақ, Көкшетау қаласында 21 аралас мектеп бар, қазақ мектептерінің саны төртеу ғана. Жағдайды қалай бағаласаңыз да еркіңізде, тек оңып тұрған ештеңе жоғын көресіз. Жаңағы айтқан 21 аралас мектепте қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Қазақ сыныптары аз. Мәселен, қаладағы №1 мектеп-гимназия­сында 67 сыныптың 20-сы қазақша оқы­тады. Қалған 47-сі орыс тілінде білім береді. Жалпы, оқушының 74 пайызы жаңағы 47 сыныптың еншісінде. Көкшетау қаласында осылай «бірде-бір орыс мектебі жоқ» дегені­міз­бен, мәселенің мән-жайын аңғарғандай болармыз. Демек, аралас мектептің басым бөлігі сол жоқ орыс мектептерінің орнын толтырған. – Еліміздің келешегі қазақ тілінде білім алғандардың ығына жығылады. Нақты себеп бар. Бірінші, демография. Сыртқа орыстілділер көп көшіп жатыр. Қазақ саны өсіп отыр. Екінші, орыс тілінің әлемдік аясы тарылды. Кеңес тұсында 400 миллион адам күнделікті орыс тілін қолданса, қазір 200 миллионға жетпейді. Бұл сан азая берері сөзсіз. Үшінші себеп, қазақ мектептерінде білім сапасы артты. ҰБТ нәтижелерін қарай беріңіз, орыс мектептің түлегі емес, қазақша оқығандар көп жинап тұр. Ол аз десеңіз әлемдік пәндік олимпиадада оза шапқандар қазақ тілінде оқыған. Қазір орыстілді ма­ман­дар елге тұрақтамайды. Сондықтан елі­мізде орыстілді мамандар тапшы. Қазақ­тілді мамандарға сұраныс артады. Қорыта айтқанда, орыс мектептеріне балалар оқи береді, бірақ оның осы елдегі келешегі байланып жатқанын түсінбейді. Немесе сол баяғы солтүстік көршімізге аңсары ауады, – дейді білім саласының маманы Аяжан Ахметжан.    Қорыта айтар болсақ, білім сапасын тілге тиек етпеген күннің өзінде, мектептерге келгенде жағдай аса жақсы емес. Біздің ойымызша, республикадағы қазақ мектеп­тері­нің үлесі 65 пайыз болуы аз көрсеткіш. Егер жіктеп отырар болсақ, аралас мектеп­тердің өзі орыс мектептерінің қатарына қосылуы мүмкін-ақ. Қанша жерден сұраныс деп, баласын орыс мектебіне берген ата-аналарды жазғырсақ та, бұл келешек үшін тиімсіз. Сондықтан қазақ мектептерін көбейтуді ойлап, бір амалын қарастырған абзал болар.

Мадияр ТӨЛЕУ