Бейресми деректер бойынша, Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жылдық табысы шамамен 600 миллиард теңгеге дейін жетеді. Ал Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы бұл нарық бюджетке 16,5 миллиард теңге салық түсірген. Одан кейін де бұл сандар көбеймесе, азайған жоқ.
Бұл Қазақстанда бәс тігушілердің қатары жыл сайын артып келе жатқанын айғақтайды. Өйткені жер-жерде букмекерлік орталықтардың жарнамасы менмұндалап тұрады. Бәс тігемін десең де букмекер көп. Жарнамасы жер жаратын – 1XBET, тұрақты тұтынушылары бойынша көш басында тұрған – OLIMPBET, бонусы көп – Фонбет. Бұдан өзге де букмекерлік «беттер» біршама. Олардың қарқын алғанын, дамып кеткенін тұтынушыларын сайттарына телміртіп қойғанынан білуге болады. Яғни, мұндай орталықтар үйден шықпай-ақ интернет арқылы бәс тігуге мүмкіндік жасап қойған. Құмарлыққа салынған кей студенттердің ұялы телефонын, ноутбугін, одан өзге де бағалы заттарын ломбардқа кепілдікке өткізіп, соның ақшасына бәс тігетіндерін талай мәрте естідік. Үйін, көлігін, өзге де дүние-мүлкін сатып, бәс тігіп, барынан айырылғандарды да көзкөргендер бар. Оның бәрі үлкен ақшаға құмарлықтан болған дүниелер десе болады. Спорт сарапшыларының сөзінше, әлемдегі ірі букмекерлік орталықтар ойынның нәтижесіне әсер етіп, миллиондаған жанкүйерді сазға отырғызып кететін көрінеді. Яғни, спортшылардың, спорттық командалардың бір ойынын сатып алады. Мұндай жағдай ресми түрде анықталмаса да ел арасында көп айтылады. Мәселен, жеңісіне күмән келтірмейтін ең мықты теннисші белгісіз біреуден ұтылып қалуы мүмкін. Ал оның жеңісі үшін сан мыңдаған жанкүйердің тіккен ақшасы букмекерлік орталықтардың қамбасына құйылады. Мұндай жағдай спортта бір емес, бірнеше рет кездеседі. Алайда осы бәс тігу арқылы пайда көріп отырған адамдар да жоқ емес. Тіпті, жағдайын жақсартып, етек-жеңін бүтіндеп алғандары бар екен. Бұл туралы блогер Аршат Ораздың пікірін білдік. Ол бәс тігуден кәнігі спорт аналитиктері, сапаршылары пайда көріп отырғанын айтты. – Бәс тігу – басқа құмар ойындарына қарағанда сәл өзгеше нәрсе. Басқаларында ұтыс сәттілікке ғана негізделген болса, бәс тігуде сараптамалық интеллектуал жұмыс бар. Яғни, спорттық оқиғаларды сараптай отырып, болжамды нәтижеге инвестиция жасауға ұқсайды. Белгілі бір стратегия ұстанып, қаржыны дұрыс қолдана білсе, бәс тігу ұзақмерзімді дистанцияда жақсы нәтиже әкеледі. Кәсіпқой түрде ойнайтындар бар. Әлбетте, оларда да минус болады, болжаған нәрсе әрқашан келе бермейді. Бірақ 70% плюс болған кезде, тұрақты табыс көзі бола алады. Бәс тігуден пайда табу үшін адам нақты бір спорт түрінен хабардар болуы, ережелерін жақсы түсінуі, соңғы жаңалықтарын бақылауда ұстауы керек. Бұл интеллектуал еңбек. Лудомания – құмар ойындарына тәуелділік. Мұндай адамдар жиі қарыз сұрайды, несие алады, бағалы заттарды сатады және түрлі қылмысқа барады. Өкінішке қарай, қазір кәсіпқой ойыншыларға қарағанда лудомандар саны көбірек. Букмекерлер де осындай ойыншылардың арқасында табыс табады. Сондықтан бұл салада кәсіпқой боламын, ұзақ мерзімде табыс табамын дей алмайтын адам бәс тігуге жоламағаны дұрыс, – дейді Аршат Ораз. Тағы бір пікір иесі спорт комментаторы Уәлихан Қосанбай бәс тігуге заңмен шектеу қойып, қоғамдық орындарда, телеарналарда жарнамалануына тыйым салынса деген ұсынысын жеткізді. Өйткені ол Қазақстанда бәс тігушілердің қатары кейінгі кездері тым көбейіп кеткенін айтады. – Бәс тігіп пайда табатындар бар. Бұл ТМД елдерінде, әсіресе Ресей, Украина, Өзбекстанда қатты дамыған. Өзім спорт саласында жүргеннен кейін таныстарымның көбі бәс тігеді. Олардың арасында кереметтей табысқа кенеліп жүргенін көргенім жоқ. Ұтқандарына қарағанда ұтылғандары көп. Бәс тігіп, қомақты ақшасынан, не дүние-мүлкінен айырылған таныстарым жоқ. Бірақ мұндай жағдайға тап болған адамдарды ара-тұра естіп қаламын. Жалпы, бәстен пайда табатындарды «капперлер» деп айтады. Олардың саны Қазақстанда арту үстінде. Бұл дүниені бизнеске айналдырып жіберген. Капперлер болжамдарын сатып біраз пайда табады. Жалпы, елімізде бәс тігетін адамдар көп. Көпшілікке байқалмайтын шығар, бірақ шамамен ер адамдардың 60-70 пайызы, әйелдердің 30 пайызға жуығы бәс тігеді. Олардың бәрі бірдей спортты жақсы білмейді. Сараптай алмайды. Сондықтан құр босқа букмекерлік орталықтарға ақшасын беріп отыр, – дейді Уәлихан Қосанбай. Бейресми ақпараттарға сенсек, букмекерлік орталықтарға бәс тігушілердің саны елімізде 500 мыңнан асады екен. Шындығында, олардың саны бұдан екі-үш есе көп болуы мүмкін. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2018 жылы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру комитетінің Ойын бизнесін үйлестіру және лотерея қызметі басқармасының басшысы Ермек Жусанов Қазақстанда лицензиясы бар бәс тігетін букмекерлік кеңселердің саны 47-ге жеткенін айтқан болатын. Ол ойынханалардың 19-ы белсенді жұмыс істеп жатқанын әңгімесіне арқау еткен. Осы аралықта бірқатар өзгерістер болды. Өткен жылдың басында OLIMP жабылып, көп өтпей OLIMPBET болып қайта ашылды. Онымен қоймай, OLIMPBET букмекер компаниясының футболдан ел біріншілігінің басты серіктесіне айналып, 2023 жылға дейін Қазақстан чемпионаты «OLIMPBET – футболдан Қазақстан чемпионаты» деп аталатын болды. Әр ойынында сол букмекердің жарнамасын футболшылар жейдесіне киіп шығады. Алаң жиегіндегі жарнама бағаналары да көрерменді әлсін-әлсін «ақша тігуге» шақырады. Ол ол ма, бүгінде еліміздегі телеарналардың бірқатары бәс тігетін букмекерлік орталықтарды жиі жарнамалайды. Әсіресе, спорттық шараларды көрсетер алдында бәс тігетін компанияның аты экранға жарқ ете қалады. Комментаторлар да матч кезінде олардың атын айтып, көрермендерді бәс тігіп, табысқа кенелуге шақырады. Жүргізушілерден сұрасақ басшылықтың талабы сондай дегенді алға тартады. Өйткені ірі букмекерлік орталықтар телеарналармен немесе рейтингі жоғары порталдармен серіктес атанып алған. Түптеп келгенде бәрі ақшаға келіп тіреледі. Неге екені белгісіз, әлі күнге дейін Үкімет тарапынан осыған тосқауыл қойылмай келеді. Онсыз да интернеттегі сайттарды жаулап алған букмекерлік орталықтар ақырындап телеарналарға көшуде. Қайткен күннің өзінде жарнама нарығында букмекерлік кеңселердің дәурені жүріп тұр. Бұған әзір тосқауыл қойылмайтын сыңайлы.Абылайхан ЖҰМАШ