Қазақ телевидениесінде Ләйлә Сұлтанқызының өз қолтаңбасы бар. Оның эфирге шығып жүргеніне 20 жылдан асты. Түрлі бағдарламалардың тізгінін ұстады. Көрерменмен «Жарқын жүздесу» арқылы қауышып жүрген тележүргізушінің әлі де ұсынар сыйы көп. Мереке қарсаңында Ләйләмен тілдесудің сәті түсті.
– Ләйлә, мерекеңмен! Бір адамның басында бірнеше қасиетті топтастырып ұстау – оңай емес. Журналист болу – бір басқа, жақсы жар, үлгілі ана болу – бір басқа. Кейде шығармашылық пен отбасын үйлестіре алмайтын кездер болады. Қиындықты қалай жеңесің? – Аса көп қиындық көрдім деп айта алмаймын. Әйел затына жанындағы жолдасы қамқорлық көрсетсе, әсіресе шығармашылық адамы болғаннан кейін сені қолдап отырса, түсіністікпен қараса, отбасында көп қиындық бола бермейді. Өзім де шектен тыс түсірілімдерге қатысып, бұрынғыдай 15-16 сағат жұмыс істемеймін. Өйткені уақыт өте келе денсаулықтың қажет екенін, көп уақытты өзіңе жұмсау керегін түсіне бастайсың. Әрі уақыттың көбін балаларыммен өткізуге тырысамын. Ал егер осыдан 10 жыл бұрын дәл осылай сұрақ қойсаң, онда менің әңгімем 10 томға жетіп қалар еді. Бірқалыпты, біртоға тірлік кешіп жатырмын десем, қателеспес едім. Уақыт өте келе көзқарастар өзгереді екен. Қазір мен үшін ең бірінші кезекте отбасым, балаларым тұрады. – Телевидение алғаш тарала бастаған кезде «газеттердің күні бітеді» деген пікір болған. Қазір екінің бірі YouТube желісінен өз каналын аша алады. Телевидениені бір күні әлеуметтік желі алмастыруы мүмкін бе? – Телевидениені әлеуметтік желі алмастыруы мүмкін емес. Өйткені мұндай кезеңді алпауыт мемлекеттер де бастан кешірген. Бірақ дамыған мемлекеттің бәрі әлеуметтік желіге БАҚ саласын айырбастап кеткен жоқ. АҚШ, Жапония, Қытай және тағы басқа дамыған мемлекеттерде осыдан 20-30 жыл бұрын бұл сұрақ маңызды болған шығар. Меніңше, бұған ешқандай негіз жоқ. Себебі телевидениенің өзінің алатын орны бар. Ол да қарқынды даму үстінде. Бүкіл көрермен әлеуметтік желіге ауысып кетті деп те айтуға болмайды. Әр телеарнаның, тіпті әр бағдарламаның өз көрермені бар. Кез келген ауылға барып қараңызшы: YouТube көріп отыр ма, әлде Ұлттық арнаның тұрақты көрермені ме, бірден байқайсыз. Олар көбіне отандық телеарналарға көбірек көңіл бөледі, ден қояды. Егер әлеуметтік желі қарқынды дамып кетсе, онда ол телевидениеге бәсекелес болуы мүмкін. – Интернет портал арқылы өзің де хабар жүргізіп көрдің. Телеарнадан айырмасы қандай? – Телеарнада кадр сыртында 30-40 адам жүретін болса, YouТube арнаға екі-үш адамның күші жеткілікті. Адам ресурстары жағынан өте тиімді. Тіпті, бір адам өзі видео түсіріп, өзі монтаждай алады. Қазір екінің бірі жүргізуші, блогер болуға мүмкіндік туған заман ғой. Сондықтан екеуін қатар қойып, YouТube мықты не телеарна мықты деп айта алмаймын. Дегенмен әрқайсысының орны бар. Интернетте, яғни YouТube-те хабар жүргізудің бір ерекшелігі – шығын аз. Екіншіден, онда көбіне еркіндік бар, шынайы. Алдын ала түсірілімге түсудің қажеті жоқ. Ал телеарнаның да өз артықшылығы бар. Оны телевидениенің «күлімен кіріп, отымен шығып жүргендер» жақсы біледі. Бір хабарды түсірудің өз қызығы мен шыжығы болады. – Біздің қоғамда белгілі бір уақыттан кейін эфирден ысырылып қалатын кездер болады. Шетелде керісінше 60-70 жасқа дейін экраннан қол үзбеген журналистер бар. Телеэкранда көрінудің мерзімі қандай? – Расында, бұған біздің қоғамда басқаша түсінік қалыптасқан. Мәселен, Ларри Кингті алайықшы. Көзі жұмылғанша эфирден түскен жоқ. Болмаса, Познерді қараңыз. Малышева да әлі эфирден түскен жоқ. Тіпті, олар сол «тележұлдыздар» арқылы табыс тауып отыр. Ал бізде, керісінше жастарға көбірек көңіл бөледі. Жаңа есімдерді шығаруға тырысады. Ұлттық арна басшылары бұл түсінікті жоққа шығарып, ескі кадрларды қайта жинақтай бастады. Салмақты, есімі белгілі тележүргізушілерге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жастарға сенбеу керек деген сөз емес. Дегенмен шетелдік телеарналарға қарағанда, қазақстандық арналарды жүргізетін жүргізушілердің көбі жастардан құралған. Уақыт өте келе бұл тенденция өзгеретін болар. Жастар да керек, сонымен бірге тәжірибелі, білікті кадрлардан да бас тартпауымыз қажет. – «Менің екінші кітабым». Былай қарасаңыз, жай ғана күнделік секілді. Бұл кітаптан қазақ әйелдері өзіне қажет кеңесті таба алды ма? – Бұл кітап – қыздарға мотивация беретін, әрі өз басымнан өткен қызықты оқиғаларды баяндайтын, автобиографиялық еңбек. Ол әр адамға тайм-менеджментті үйрету, өз-өзін дамыту, дұрыс жоспар құра білу, уақытты тиімді өткізу сияқты кеңес беретін алғашқы кітаптың бірі. Қазір мұндай мотивациялық кітаптар өте көп. Интернетте күнделіктерді де көп табуға болады. «Менің екінші кітабым» шыққан кезде мұндай дүниелер жоқтың қасы еді. Тіпті, кітап үш-төрт рет қайта басылды. Мүмкін бәсекелестік аз болғаннан шығар. Кітапты оқыған оқырманның жазбаларына қарап отырсаңыз, әрқайсысы өзіне қажетті кеңесті түртіп алып отырған. Демек, мұның зиянынан пайдасы көп болған секілді. – Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасына қатысты көпшіліктің пікірі екіге жарылды. Жалпы, отбасында зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қазақ әйелдері аз емес. Әйел құқын қорғау дегенді қалай түсінесің? Балаға «тәйт» деп айту артық деп ойлайсың ба? – Балаға «тәйт» деп айту керек. Баланы еркін жіберудің де өз «шегі» болады. Оның қиялы шексіз. Баланың фантазиясына ерік бере берсек, біз көп нәрседен ұтылуымыз мүмкін. Бірақ «тәйт» деп қалай айтып жүрміз? Шектеу деген не? Біздің аналарымыздың бізге берген тәрбиесі, таным-түсінігі ескірген шығар. Мүмкін ол маңызын жоғалтып алған шығар. Себебі қазіргі балалар он жасынан бастап, «менің құқығым бар» деген сөйлейтін болған. Миллениум балалардың таным-түсінігі мүлдем басқа. Менің ұлдарым қазір өтпелі кезеңде. Әрі балаға тоғыз жасына дейін анасы көбірек қажет болса, одан кейін оның өмірінде әкенің атқаратын рөлі жоғары. Менің ұлдарым әкесін қорыққанынан сыйламайды. Әкесінің қас-қабағына қарап-ақ, көп нәрсені түсіне береді. Әке мен шешенің арасындағы махаббатты бала да сезініп өсуі керек. Егер біз өзіміз баланы дұрыс тәрбиелей алмасақ, бала біздің айнамыз іспеттес, ертең тура сол нәрсені өзі де қайталауы мүмкін. Баланың еркіндігі деген не? Ол өз ойын қорықпай, ашық айта алғаны. Ата-ана баламен санаса білгені дұрыс. Бала болса да, кейде оның ойы дұрыс шығады. Қазір Tik-tok заманы деп жатырмыз. Бірақ баланың тым Tik-tok-пен әуестенгенін қаламаймын. Шектеу дегеніміз – осы. – Қазір әлеуметтік желі кез келгенді «жұлдыз» ете алады. Бәрі де алақандағыдай Instagram-да сайрап тұр. Әлеуметтік желіге тым әуессің бе? – Әлеуметтік желі адамның уақытын, энергиясын ұрлайды. Әлеуметтік желі де айна секілді. Оған кез келген нәрсені жазып, кез келген нәрсені салуға болмайды. Оған да жауапкершілікпен қарау керек. Tik-tok-тың не болмаса Instagram, Facebook контентін қарасаңыз, қайсысы көп деп ойлайсыз? Белгілі бір статистика жасау қиын. Әр желінің өз тұрақты қолданушылары бар. Әлеуметтік желі арқылы тез «жұлдыз» болса, солай тез сөніп қалуы мүмкін. Өйткені желідегі танымалдық бір күнмен өлшенбейді, ал күн сайын, тіпті сағат сайын контент жасау мүмкін емес. Әлеуметтік желінің өзін «әуестік» деп емес, жұмыс және жауапкершілік деп қараймын. – Қоғамдық пікірмен санасың ба? Әлеуметтік желінің өзінде кейде сын артып, кейде ақтап алып жатады. Жүрекке ауыр қабылдайтын кезің бола ма? – БАҚ саласында жүргеніме 20 жылдан асып кетті. Талай сын естіген де кезім болды. Қазір мен біреуге «жағу» деген түсінікпен өмір сүрмеймін. Тіпті, «ақталу», «ақтарылу» дегеннен де аулақпын. Жас кезде бәрі жарасымды. Кезінде тіпті «батырлықпен» орынсыз сөйлеп қойған да кездер болған шығар. Оның бәрі артта қалды. Қазір көп жағдайда түсіністікпен қарауға тырысамын. Орынсыз сын айтып жатса, жылы жымиып қоя саламын. Мақтап жатса, оған да асып-тасып кетпеймін. Өйткені әлеуметтік желі менің өмірімнің мәні деп айта алмаймын. Соған тәуелді болып қалған да жоқпын. Кейде өзім де сын айтамын. Бірақ кейбір адамдардың сені танып-білмесе де, күстаналап жататынына таңғаламын. Сондай кезде аздап қарным ашады. Рас, қазіргі түсінігім мен осыдан 10 жыл бұрынғы көзқарасым ұқсамауы мүмкін. Қазір күш-жігерімді отбасыма, балаларыма арнағым келеді. Жақсы дүниелер болса, әлі де үйрене бергім келеді. Оқитын да дүнием көп. Тіпті, мүлдем таныс емес мамандықтарды меңгергім келетін кез болады. Мәселен, аспаз болсам деймін. Ол кәсіп өзім үшін керек. Кейде біреулер «кешігіп қалдым» деп жатады. Кез келген кәсіпті меңгеремін десең, оған әлі үлгересің. Илон Масктың анасы Мэй Маск әлі күнге модель болып, подиумнан түскен жоқ. Сондықтан адам елуінде де көп нәрсені бастауға болады. Оның бәрі әйелдің ішкі жан дүниесінің, жүрегінің тыныштығына байланысты. Барша аруларды мерекемен құттықтағым келеді. Барлық ана-жүрек тыныш болсын, уайым-қайғы болмасын! – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС