«Журналист» полковник

«Журналист» полковник

Әскери саланың ерлерге тән екені анық. Өйткені онда ең бірінші кезекте түздегі жағдайға төзімділік пен физи­калық дене дайындығы талап етіледі. Әйтсе де, мұнда әйелдер қауымының да қызмет ететіні үйреншікті жағдайға айналды. Ер азаматтармен иық тірестіре бір сапта тұрған олардың еңбегі жоғары бағаға лайық. Ішкі істер саласы әскери күштік құрылымның бір бөлшегі десек, бүгінде мұнда қызмет ететін 10 мыңнан астам әйел бар. Солардың бірі – ІІМ Кри­миналдық полиция департаменті Ұйым­дастырушылық, аналитикалық және қам­тамасыз ету басқармасының  аса ма­ңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция полковнигі Гүлнәр Мұс­тафина.

Погон таққан 24 жыл

Гүлнәр әу баста ішкі істер саласында қызмет етемін деп әсте ойламаса керек. Оның әуелгі арманы журналист болу еді. Балалық шағы Алматы облысы Балқаш ауданында өтті. Батпақты ауылында мектеп бітірген ол арман қуып, Алматыға аттанады. ҚазМУ-дің жур­налистика факультетіне оқуға түседі. Оқып жүріп, тұрмысқа шығады. 1994 жылы журналист дипломын алып, Қарағанды облысы Теңіз ауданы (қазіргі Нұра ауданы) Баршын ауылына келіп, аудандық Ішкі саясат басқармасында еңбек жолын бастайды. Алғырлығының арқасында көп ұзамай басшылық қызметке тағайындалады. Ауданның тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан қызмет жолы 1997 жылы аудан­дық «паспорт үстелінде» жалғасады. Бұл Ішкі істер саласындағы қазіргі көші-қон қызметінің бір құрылымы болатын. Осында басқарма бастығы болған Гүлнәрдың полиция формасын киіп, погон таққан еңбек жолы басталады. Содан бері 24 жыл өте шығыпты. «Менің ішкі істер саласына келуіме марқұм жолдасымның көп ықпалы болды. Ол кісі де ұзақ   жылдар осында қызмет етіп, зейнеткер­лік­ке шыққан болатын. Тағдырдың жазуына амал бар ма? Үш жыл бұрын ауырып қайтыс болды. Сол кісіден полиция жұмысының қыр-сырына да, тәртіпке бағынуды да, қиындыққа мойымауды да үйрендім. Ішкі істер орган­дарында қызмет ете отырып, заңгер мамандығы бойынша  жоғары білім алып, біліктілігімді жетілдірдім. Практика мен теорияны ұштас­тырып, құқық қорғау органының қыр-сырын бұрынғыдан да терең игере түстім. Осы жылдар ішінде журналистикадан да қол үзген жоқпын десем болады. Өйткені қай құрылымға ауыссам да, ақпарат өкілдерімен байланысты міндетті түрде маған жүктеп қоятын. Қазір де сол. Сондықтан да қара шаңырақтан алған білімім, негізгі жұмысыммен қатар өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Менің курстастарымның ішінде Бибігүл Жексенбай, Амангелді Сейітхан сияқты белгілі журналистер бар. Солармен хабарласып тұрамыз», – дейді Гүлнәр Сайлау­қызы. Ішкі істер министрлігіне қызметке 2003 жылы келіпті. Осы жылы Теңіз ауданы жабы­лып, Нұра ауданының орталығы болып Киевка ауылы белгіленгенде  «паспорт үстелі» аудандық статусынан айырылып, бөлімше болып қалған. Бұл алыс ауылдағы қос маманның көптен бергі Астанаға көшсек деген арманына серпін береді. Осылайша, ІІМ Орталық аппаратына қызмет ауыстырған Гүлнәр Қамауда ұстау орындарының қызметін ұйымдастыру департаментіне жедел уәкіл болып жұмысқа тұрады. Одан соңғы Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы, Арнайы мекемелер басқармасы, Көші-қон полициясы қызметі және тағы басқалар қызмет жолының белестері еді.

Мереке деп еркінсу жоқ

«Полицияда ер адамға да, әйел адамға да жүктелер жауапкершілік бірдей. Оның үстіне, полиция қызметкерінен жинақылық, дене­шынықтыру дайындығы, атыс қаруын қолдана білу, қоян-қолтық ұрысты меңгеру талап етіледі. Полициядағы әйел адамның бойында ер адамға тән қасиеттер де жетерлік. Сондықтан қылмысқа қарсы күресте, қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын күзетуде ер азамат­тармен қатар жүріп, қызметті абыроймен атқа­рып, қиындықтарды бірге жеңіп келеміз. Мұн­да мереке, демалыс күндеріне қарамастан, қыз­­мет­те жүресің. Бүгін демалыс, мереке екен деп еркінси алмайсың. Кез келген уақытта жұ­мысқа шақырып қалады. Оған өзіміз де, от­басымыз да үйренген. Әйел болғандықтан, отанасы екенімізді де ұмытпаймыз. Қызметте  қатал болсақ, үйде жұмсақпыз. Балаларымыз үшін мейірімді ана, жолдасымыз үшін аяулы жармыз. Жұмысқа ерте келіп, кеш қайта­тынымыз­ға қарамастан, үй шаруасына да үлгеріп жүреміз, отбасы, туыс, жора-жолдас­тарға да көңіл бөлуге уақыт табамыз. Өзімізді, бет-әлпетімізді күтуге де уақыт тауып, әр сағат пен минутты бағалай білеміз. Ал жұмыста әйел адам ер адамға қарағанда ісіне өте жауапты, тиянақты, ұқыпты қарайды, әр құжаттың уақы­тылы орындалуын қадағалай біледі, ұжымды ер адамнан кем басқармайды. ұйымдастырмайды, басқара біледі. Әйел заты сонысымен де қадірлі», – дейді полиция полковнигі.

 Карантин кезінде интерннет алаяқтар көбейді

Криминалдық полиция департаменті – ішкі істер органдарының алдыңғы қатардағы қызметтерінің бірі. Полицияның негізгі міндетінің бірі қылмыспен күрес болса, КПД осындағы ең бір сарапшыл орта. Елімізде болып жатқан қылмыстық оқиғалар осында талдаудан, талқылаудан өтіп, шешімдер қабыл­данады. Бұл жұмыстардың қайнаған ортасында жүретін кейіпкеріміз, жылдан-жылға қылмыс деңгейінің азайып келе жатқанын айтады. Қазір үйлерде, аулаларда, көшелерде бейнекамералар көп орнатылғандықтан, қылмыстық құқықбұзу­шылықтың алдын алуда олардың рөлі ерекше. 2020 жылы еліміз бойынша 156 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген болса, бұл алдынғы жылмен салыстырғанда 34,1%-ға аз. Қылмыстық  деңгейі 10 мың адамға шаққан­да 83 қылмысты құрады. Қылмыстың орташа ауырлықтағы түрі 54,5%-ға, кішігірім ауыр­лықтағы түрі 33,0%-ға азайды. Адам өлтіру (-2,1%), денсаулыққа ауыр зиян келтіру (-8,8%), тонау (-49,9%), қарақшылық шабуыл (-48,6%), бұзақылық (-46,1%), зорлау (-43,8%) және бопсалау (-14,0%) қылмыстары да азайды. Оған керісінше алаяқтық (+7,1%) артып отыр. «Елімізде алаяқтықтың, соның ішінде ин­тер­нет-алаяқтықтың  артуы пандемияға қа­тысты жарияланған карантинмен тікелей байланысты. Көптеген тыйымға байланысты жұртшылық онлайн қызметке көбірек жүгіне бастады да, бұл алаяқтардың назарын аудартты. Олар түрлі тәсілмен пайдаланушылардың ақшаларын, жеке мәліметтерін және мүліктерін қолға түсіру­ге тырысады. 2020 жылы 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Олардың жартысынан астамы сайттағы хабарландырулар арқылы тауар немесе қыз­меттер үшін алдын ала немесе толықтай төлем жасаумен байланысты. Ішкі істер министр­лігінің жұртшылық арасында түсіндіру жұ­мыстарын жүргізу, жауапты органдармен өзара әрекетті күшейтуі сынды жан-жақты жұ­мысы­ның арқасында алаяқтарға тосқауыл қойылып келеді», – дейді Гүлнәр Мұстафина.

 Шаңырақтын алтын діңгегі

Полиция полковнигі қызметте аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл болса, үйдегі миссиясы одан да маңызды. Ол – үш баланың анасы. Отағасының орнын жоғалтпай, өзін жоқтатпай отырған шаңырақтың алтын діңгегі. Үлкен қызы тұрмыста, екі жиеннің әжесі. Егіз ұлы Нұрасыл мен Ерасыл биыл мектепке бармақ. Олардың тілеуін тілеп отырған ана өскенде ұлдары әке-шешесінің ізін басып, полиция қызметкері болам десе, еш қарсылық танытпақ емес. Өйткені полиция қызметкері болу – қоғам тыныштығы жолында желдің өтінде, жардың шетінде борышыңды асқан табандылықпен адал атқару деген сөз. Ал мұндағы әйелдердің орны ерекше. Ерлермен қатар ішкі істер саласының қиын да күрделі жұмысын абыроймен атқарып жүрген Гүлнәр сияқты қызметкерлерді біріктіретін бір нәрсе – мамандығына деген адалдық, ел үшін еңбек ету деген риясыз тілек. Ендеше олардың қажырлы еңбегі мен қайсар табандылығы баршаға үлгі болуы тиіс.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ