Экс-депутат, әнші, жыршы Бекболат Тілеухан ҚР халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің қазасына байланысты пікір білдірді, – деп жазады Aykin.kz.
"...“Қияндағы қыстауды” менің буынымдағы кітапқа жақын қазақтың оқымағаны кемде-кем. “Тазының өліміне” тәнті боп жүргенде Мағауиннің қадірін Ерік Асқаров, Таласбек Әсемқұлов, Тұрсынжан Шапай, Ғалым Доскендердің тамсануымен таныдым. Одан соң “Бес ғасыр жырлайды” мүлдем есімізді алды. Бір анық жайт – Мағауин болмаса біз жоқпыз. Әнші емес, жыршы ретімді айтам. Күйді жырға телудің жалғасуы, қобызбен жырлау, қалыс бұрау, тамырлас елдердің дәстүрлі мұрасына үңілу бәрі-бәріне себеп боп қамшылаған Мұхтар Мағауин еді", – дейді автор.
Ол жазушымен тұңғыш сапарға шыққан кезін есіне алды, бұл оқиға 1989 жылы Шет ауданының 60 жылдығына орай болған.
"Сол өңірдің баласы болғандығымнан ұшаққа мінгеннен мәртебелі мейманым көріп өзімше алды-артынан шығып қызмет көрсетіп-ақ жүрмін. Ол кезде қатты атақты болмасам да, әдеби ортаға танылып қалғам. Ағам ара-тұра естіп жүргенін айтты. Шын айтқанда, әдебиетінен басқа дүниеге қатты қадалып қызыға қоймайтын. Ұлан-асыр Ақсу-Аюлыдағы тойдың бәйге, айтыс, ән-жырын бәрін тамашалады. Жазуда өте шебер болғанмен, топ алдында сөйлеуге машықтанбаған. Әбіш, Ақселеу, Жәнібек ағалар секілді публиканы иіруге құлқы жоқ.
Сонымен, менің сахнаға шығатын кезегім келді. Тілеуімді ел де, өзім де тілеп жүрген шақ. Әнге сусап отырған ауылым айрықша қабылдады. Терге шомып отырып екі әннің орнына 7-8 ән кетті. Қошамет. Овация. Қосшы баласының өнеріне риза боп Мұхтар ағам да құттықтады. Адамға бір анықтап қарайтыны бар еді. Рентген секілді бүкіл жан-дүниеңді тінтіп-тіміскілеп шығатын жіті қарас. Қысылғаныңызға қарамай қарайды ағам. Өйткені оған керек. Болды!
Қайтарда АН-24-тің екі адамдық орындығына Бақыт апамның орнына шақырып алды да ақыл айтты. Мәңгілікке мөр басып бергендей анық сөз. Айқын бағдар! Айтқаны: “Әй, бала! Әншілігің әжептәуір екен. Әмбе зердесіз де емессің. Политехта оқыпсың. Зеректігің де болса керек. Қысқасы, талантты баласың! Бірақ бір нәрсені есіңде ұста. Сен осындай дарынды болғаның үшін сіңірген зәредей еңбегің, титтей үлесің, жасаған жұмысың жоқ. Солай тудың. Алла солай жаратты. Болды. Енді осы құдайдың бергенін еселеп елге қайтармасаң құдай төбеңнен ұрады. Ішіп кетесің бе, берекең жоғала ма. Оңбайсың!”
Қамқорсығаныңыз ба, ұрысқаныңыз ба, мазағыңыз ба дегендей жасқана қарағанымда “ана ағаң құсап үкіңді желпілдетіп қыз қуып, қызық қуып арақ ішіп, ана ағаң құсап әлділерді жағалап ән салып жүрме. Дауысың қарлыққан күні қараңды батырасың. Қыруар қазына бар қазақтың қолына жетпеген. Жеткіз! Тап сен жеткізе аласың! Той қуып кетпе! Нақты мақсатты қу. Ұлы мұратты тап. Сонда қошамет пен құрмет өзі қуып жүріп табады сені.” Мағауин өзі айтып отырған соң менде ес қалмады", – делінген жазбада.
Бекболат Тілеухан жазушыдан шабыт жөнінде сұрағанын айтады.
“Шабыт деген ол – дайындықтың нәтижесі. Бір нәрсені мақсат тұтасың. Дайындаласың. Сол төңіректе ақпарат жинайсың. Саралайсың. Бір жүйеге өзі ыңғайланбақ. Ішіңде жүріп піседі. Сосын отыра қаласың да жазасың. Тамағың тоқ, үйің жылы, денің сау, көңіл алаңсыз болмағы керек. Негізінен ерте таңның алдында отырамын жазуға. Сол уақыт берекелі болады. “Аласапыранның” дайындығына жастығым кетті десем болады. Ал жазуын сегіз-ақ айда жаздым. Былайша қияли шабыт іздеп ақымақ болма! Шабыт ол – еңбекке берілген Алланың сыйы. Оны сұрап аласың, құрап аласың.”
Үйіне бармасам да жұмысына барып ақылын тыңдап кететін аз-кем араласым болды. Концертке келуге уақытын үнемдейтін. Үйлену тойымды ашып берді. “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығына “Жұлдыздан” ұсынды. Салмақ та алмайтын, салмақ та салмайтын. Ұлтына берерін сарқып берді. Әр адам аңсайтын 85 деген жасын жасады. Арманы жоқ дерлік-ақ. Қалаулысын қимай қабырғасы қайысқан жұрт Алатаудың баурайына сыймай Кеңсайға қарай шеру тартып бара жатса деген арман сығалайды. Бұл жолы тағы “Мағауинше” қиыс тартты.
Жердің бәрі Алланыкі. Алладан келгенбіз, Аллаға қайтушымыз! Бабалар түскен бәз соқпақ. Бұрылып соған түскен екенсіз. Алдыңыздан жарылқағай!», – деп жазды Бекболат Тілеухан.