Қазақстанда түрме жүйесін рефорламау бағыты ілгері жылжып келеді. Алайда көп жағдайда жазасын өтеушілер тиісті мерзімі аяқталып, қамаудан босаған соң қоғам өміріне сіңісіп кете алмай жатады. Соның салдарынан түрмеге бойы үйренген немесе қоғамдық қарым-қатынасты жат санайтын азаматтар қайта қылмыс жасап, темір торға тоғытылады. 2018 жылғы дерек бойынша, бас бостандығынан айырылған 29 011 адамның 33 пайызы бұрын сотталып, қайта қылмыс жасағандар екен. Қазақстанда аса ауыр қылмысы үшін жазасын өтегеннен кейін азаматтардың 8 жыл бойы сотталғаны туралы дерегі сақталады. Бұл тұста жұмыссыздық мәселесі де өз әсерін тигізіп отыр. Себебі мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлер бұрын сотталған азаматты жұмысқа қабылдауға құлықсыз. Ал еліміздегі бейімдеу орталықтарының жұмысы тиімді ме?
Бейімдеу орталығының жұмысы
2012-2018 жылдары Қазақстан аумағындағы 8 түрме жабылған. Соның арқасында бюджеттің 12 млрд теңгесі үнемделген. Орташа есеппен, түрмедегі бір жазасын өтеушіге мемлекет қазынасынан жылына 700 мың теңге қаржы бөлінеді екен. Еліміздегі 82 түзеу мекемесінде 25 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатқанын ескерсек, бейімдеу орталықтары жұмысын үдетпесе, қылмыс жасаушылардың саны азаймасы анық. 2017 жылы Шымкент пен Қарағанды қаласында сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды. Орталық жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік, оның ішінде психологиялық, медициналық көмек пен жұмыспен қамту бағыты бойынша құқықтық қызмет көрсетеді. Орталықтардың жұмыс барысымен, нәтижелерімен танысу үшін Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне хабарласқан болатынбыз.
– Әлеуметтік бейімдеу орталықтары әр өңірдегі жергілікті атқарушы органдар жанында жұмыс істейді. Бейімдеу орталықтарының да өзіндік талабы болады. Оған жазасын өтеп болған соң тұрғылықты жері жоқ және өмірінде қиындыққа ұшыраған азаматтар барады. 2019 жылы Қазақстанда 477 азамат бейімдеу орталықтарының көмегіне жүгінген, – дейді комитет өкілдері.
Одан кейін Шымкент қалалық Жұмыспен қамту басқармасынан бейімдеу орталығының жұмысы турасында аз-кем мағлұмат алдық.
– Жұмыспен қамту басқармасы сотталған азаматтарға бір-ақ жағдайда көмек береді. Егер жазасын өтеп келген азамат тұрақтайтын жері жоқ болып, күн көрісі қиындаса, басқарма бейімдеу орталығына жібереді. Орталықта белгілі бір сала бойынша оқып, мамандық алып шығу жағы да қарастырылған, – деп басқарма өкілдері қысқа қайырды.
2017 жылы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтуға арналған 2 жылдық (2017-2019) кешенді стратегияның жемісі аз да болса – жоғарыда тізгеніміздей. Бас прокуратураның бастамасымен әлеуметтік бейімдеу негізінде «Сен қоғамға керексің!» шарасын ұйымдастыру әр өңірдегі жергілікті атқарушы мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдарға тапсырылған. Бұл шараның бірнеше түрмелерде сотталушылардың қатысуымен өтетін шағын концерттік бағдарламамен шектелгені байқалады.
Жекеменшік түрмелер тиімді ме?
Соңғы ширек ғасырда әлемде жекеменшік түрмелер ашыла бастады. Бюджет үшін тиімді деп саналатын мемлекеттік-жекеменшік негіздегі түрмелер жазасын өтеушілерді қоғам өміріне бейімдеуімен де ерекшеленеді. 2015 жылы Қазақстанда да салынады деп жоспарланған. Бірақ қарсылық көп болғаннан соң аталған жоспар аяқсыз қалды. Жақтаушылары да, даттаушылары да көп жекеменшік түрмелердің ең басты пайдасы – үнем мен тиімділік. Мұндай түрмелерді ашуға көбіне кәсіпкерлер ықылас танытады. Жазасын өтеушілердің азық-түлігін, басқа да қажеттіліктерді кәсіпкер өз есебінен береді. Ал түрме ішіндегі қауіпсіздікті сақтайтын қызметкерлер мемлекеттік инспекторлар болады. Тиісінше, кәсіпкер жазасын өтеушілерді түрлі салаға оқытып, қоғамдық өмірге бейімдейді және жұмыспен қамтиды. Мемлекеттік-жекеменшік түрмелерді даттаушылар бар екенін айттық. Түрмеге иелік ететін жеке компания ауыр дертке шалдыққан, науқастанған сотталушыларды өз кәсібіне жұмысқа тартуға жарамайтынын білсе, келісімшарттық шектеулерді сылтау етіп, мемлекеттік түрме жүйесіне қайта жіберетін оқиғалар да кезіккен.
Еуропа елдерінің бейімдеу тәжірибесінде түрмелер бекітілген режим арқылы жұмыс істейді. Тәртіп бойынша сотталушылардың жұмысқа қабілеттілігі ескеріліп, спорт пен кітап оқуға қосымша уақыт белгіленген. Бұл жүйені көбіне біз айтып отырған жекеменшік түрмелер қолданады. Ұлыбританияда алғашқы жеке түрме 1992 жылы ашылған. 2012 жылы Англия мен Уэльстегі 14 жеке қамау орнында 13 500 адам жазасын өтеген. Дегенмен 2013 жылдан бастап жеке түрмелер мемлекет басқаруына біртіндеп қайтарыла бастады. Ал Израильде 2004 жылы жеке түрмелерді салуға рұқсат беретін заң Парламентте мақұлданған еді. Тіпті, AFI Group компаниясы 2 000 адамға арнап жеке түрме ғимаратын тұрғызған. Алайда 2009 жылы Израильдің жоғарғы соты мұндай тәжірибені ел конституциясына қайшы деп біліп, жеке түрмелер мәселесі тоқтады.
Мамандар не дейді?
Қарлыға БҮЙЕНБАЙ,психолог:
– Өмірімізде болып жатқан әрбір оқиғаға, әрбір өзгеріске 100% өзіміз жауаптымыз. Жеңілдетіп айтатын болсам — өміріміздегі барлық өзгеріске біздің тиіттей де болсын қатысымыз бар. Қылмыс жасасақ, қылмыстан кейін жазаланып жатсақ, бұл бізге «керек» болғаны. Осы «керектің» алдын алу қиын. Өйткені ол бейсаналы деңгейде жүзеге асады. Әрине, жаны мен тәні сау, махаббат пен мейірімге толы отбасында өскен жан ешуақытта мұндай қадамға бармайды. Яғни, бұл адамдардың (қылмыскерлердің) кішкентай кезінде қандай да бір психологиялық жарақат алғанын білдіреді. Жұмысындағы шу салдарынан түрмеге түсуге аз-ақ қалған клиентім болды. Анализ жасай келе оның өзін қарындасының өліміне себепшімін деп кінәлап келгені анықталды. Егер бұл адамның ішкі жан дүниесінде кінә сезімі болмаса, түрмеге түсетіндей жағдайға тап болмас па еді? Қалай талдап, қалай анализ жасасақ та, бұл түрмедегі әрбір қылмыскердің терең жан жарасы барын көрсетеді. Адамның қайта қылмыс жасай беруі де психологиялық зақыммен байланысты. Бірақ бұл нарцистік жарақатты адам өте ерте шақта алады. Осыдан кейін «Барлығын бақылауда ұстаймын» деген механизм түрін қолдануға бейім келеді. Қылмыскерлерді еңбекпен емдеуді ұсынар едім. Өйткені оларды қатаң жазалайтын болсақ, өмір сүруге жарамсыз болып қалады. Бұдан ешкімге пайда келмейді, керісінше оларды «асырауға» ақша кете беретін болады. Мұның орнына оларға жұмыс істетіп, еңбектері үшін ақша төленсе және бұл ақшаны олар жәбірленушіге беретін болса, әділдік орнайды деп ойлаймын. Оларға мүмкіндігінше психологиялық көмек көрсетілсе деймін. Психоанализ адамды түбегейлі өзгерте алады.
Асылхан ЕДРЕСҰЛЫ, заңгер:
– Сотталған адамдарды мен екі топқа бөлер едім. Біреулері әртүрлі себептерге байланысты қылмысты әдейі жасағандар, ал екіншісі заңсыз сотталғандар. Олардың жартысы заңды құқын білмегендер, тағы бірі Қазақстанда сотта, прокурор мен тергеушілердің бопсалауымен сотталғандар. Сол себепті көбісі қылмысқа қоғамға деген ашу-ызамен, ақша табудың басқа амалы болмаған соң барады. Заңда жазылған, егер тергеу барысында қандай да бір қылмыстық іс жүргізу талабы бұзылса, онда қылмысқа тартылып жатқан адамға қарсы қозғалған қылмыстық іс тоқтатылуы керек. Ал бізде қылмыстық істегі қаншама анық көрініп тұрған заңбұзушылықты қадағалап отырған прокурор көргісі келмейді, не осы қылмыстық істі сот барысында қарап жатқан судья көз жұма қарайды. Менің айтпағым – қылмыскерлердің азаймай тұрғанына сот жүйесінің де тікелей қатысы бар. Біріншіден, сот процесін өткізетін сот залдары кең және шыныдан болуы керек. Сонда соттың да, прокурордың да, сотталушының да іс-әрекетін кез келген адам (туыстары, журналистер, және т.б. ) көре алар еді. Екінші, сотта әр ақталған адамға 10 миллионнан кем емес моральды төлем берілуі тиіс.Мысалы, Алматыда және басқа қалаларда мыңдаған полиция қызмет атқарады, бірақ солардан ешқандай пайда болмай, әр мектеп, аурухана, сауда орындары өз адал ақшаларына өздерін күзететін күзетшілер жалдайды. Олай болса елімізге бюджеттен жалақы алатын полиция не үшін керек?! Полиция мүмкіндігінше қылмыс көп жасалатын аудандар мен қоғамдық орындарды жөнді қадағалауы қажет. Бейімдеу орталықтары жайлы айтып, біз тек салдарымен күресіп отырмыз. Бұл көптеген елдердің бас ауруы. Себебі түрмеден шыққан адамның қоғам өміріне араласуы өте қиын. Сондықтан қылмыстың алдын алу шараларына баса мән берген жөн.
ТҮЙІН
Бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеген азаматтарды қоғам өміріне қайта бейімдеуге ықпал ету үшін оңалту орталықтарының рөлі аса маңызды. Түрме жазалаушы ғана емес, түзетуші де болғаны абзал. Бір рет жаңылған адамды ғұмыр бойы жаңылды деуге әсте болмас. Осындай кезде «Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» дейтін аталы сөз ойымызға орала берді.